Тарихымызды түлету өз қолымызда

Жұма, 04 Қаңтар 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 188 рет

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы санамызға сілкініс әкеліп, ой-өрісіміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосатын тың туынды.

МақалаҚазақстан халқына ғана емес, халықаралық қауымдастыққа, тарихшыларға, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, журналистерге барша қазақстандықтарға арналған. Шынында да өз тарихыңмен мақтанып қана қоймай, сол тарихтың қыр-сырын сараптап, ғылыми негізде болашаққа бағдар жасау өзекті. Жаңа заман арнасына тамырымызды тереңдете отырып енуіміз керек. Өткір мәселе де осыған орай өрбиді. Өйткені, өзіміздің толағай тарихымызды түлету күн тәртібінде.

Өткен ғасырда қазақтың тарихы болмаған, болмысы, бет әлпеті жоқ, даланы кезіп жүрген халық ретінде көрсету әрекеттері болды.

Халықты құртқың келсе, оның тарихын құрту керек, ал, тарихын білмеген халық тобырға айналады. Міне, бізді осындай заманның да ағымы айналып өтті.

Ал, енді жаңа жаһандану кезеңінде ұлттың өткені мен өткергенін басқаша көзқараспен сараптай отырып, болашаққа бағдар жасауды талап етеді.

Елбасы өз мақаласында тарихи бұрмалаушылықтың алдын алу үшін, қоғамдық сананы жаңғыртудың жолдарын ұсынып отыр. Мәселен, «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын «Ұлы даланың Ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағы, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасы, «Ұлы дала» ежелгі өнер және технологиялар музейі, «Дала фольклорының антологиясы», тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісін жасау туралы халыққа пайдалы үлкен қызығушылық тудыратын ауқымды жобаларды ұсынуда.

Бұл бастамалар шын мәнінде еліміздегі тарих ғылымы мен руханият дамуының жаңа белесіне жол ашады.

Осының арқасында қоғамдық ой мен сана жетімді, ұлттық сәйкестік пен береке-бірлік орнығады.

Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпасы белгілі. Ал, тарихи сананың тұғыры қашанда ұлттық болмыстан деген болар ем.

Бүгінімізді бағалап, тарихымызды тану өз қолымызда екенін естен шығармайық.

Ө.ШАЛҒЫНБАЕВ,

С.Рахымов ауыл округі.