ӨЗІҢІЗДІ ДАМЫТЫП ОТЫРЫҢЫЗ

Жұма, 04 Қаңтар 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 111 рет

2019 жыл – Жастар жылы

 

Зерттеулер бойынша, қазір адамдардың 80 пайызы соңғы 5 жылда бірде-бір кітап оқымапты және кітап дүкенінде ешқашан болмапты. Сіз қайсысына жатасыз? Осы туралы ойланып көрдіңіз бе? Ал, мен жақында Бақытжан Бұқарбайдың «Күміс кітап» атты кітабын оқыдым.

«Күміс кітаптан» ұлы адамдардың кітап туралы айтқандарын келтіре кетейін:

•Адамдар оқуды доғарған кезден бастап ойлауды да тоқтатады. Ешнәрсе оқымайтындар ғана ешнәрсе ойламайды. Дени Дидро.

•Кітап оқудың арқасында өзіңізді қатты дамытып, әріптестеріңізден жоғары тұра аласыз. Джек Ма.

•Білім – кітапта. Қазіргі таңда балалардың көбісі компьютерде отырады. Сондықтан, болашақта кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады. Нұрсұлтан Назарбаев.

•Кітаптары жоқ үй – жаны жоқ денемен бірдей. Цицерон.

•Кітаптар адамдарға олардың жаңашыл ойлары онша жаңа еместігін ескерту үшін керек. Авраам Линкольн.

•Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына. Әлішер Науаи.

•Оқырман мың рет, ал, оқымайтын адам бір рет өмір сүреді. Бақытжан Бұқарбай.

•Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан, жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес. Серке Қожамқұлов.

•Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге. Абай.

•Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, Алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі. Әлихан Бөкейхан.

Көптеген шет елдерде адамдар өте көп кітап оқиды екен. Кітап оқуға ақшаңызды қимасаңыз, мынаны ойланыңыз: өзіңізді дамытуға жұмсаған әр теңгеңіз сізге 10, 20, 30, 50 есе қайтып келеді. Күніне кітап оқуға 1 сағат уақыт жұмсап, аптасына 1 кітаптан оқып отырсаңыз, бір-екі жылдан соң сіз қалай ақша табам деп ойланбайтын боласыз. 3 жылда өз салаңыздың алды боласыз. 5 жылдан соң өз еліңізде алдыңғы қатарда боласыз. 7 жылда өз салаңыз бойынша әлемде алдыңғылардың қатарында боласыз. Кітап оқуға уақыт жоқ деп ойласаңыз, сізге менің айтарым: теледидар қарамаңыз. Себебі, қазіргі теледидардың беретін ақпаратының адамға пайдалысы өте аз.

Америкалық бизнесмен Роберт Кийосаки былай дейді: «Адамды бай ететін ақша емес, активтер. Сіздің басты активіңіз – сіздің басыңыз. Онда қандай ақпарат сақталып және ол ақпаратты сізге кім беретінін мұқият қадағалаңыз».

Адам кітап оқымаса, барлығын білемін деп ойлайды. Ал, егер неғұрлым көп оқыса, өзінің ештеңе білмейтінін байқай бастайды. Адам өзінің айналасына шекараны өзі қояды екен. Университеттің дипломы бар адам білімді емес, сол білімді қалай қолдануға болатынын білетін адам білімді. Әр адам бұл өмірге жайдан-жай келмейді. Адам орташа 70 жас өмір сүреді деп алсақ, сонда 840 ай ғана өмір сүреді дейік. Күнделікті адамның басына 70000 ой келеді екен, соның 95 пайызы күнде қайталана беретін ойлар. Статистика бойынша, 80 пайызы адамдарда жағымсыз ойлар болады екен. Ғалымдардың зерттеулері бойынша, табыстың 10 пайызы білімде, 40 пайызы ойға байланысты, 50 пайызы айналасын қоршаған ортаға байланысты екен.

Табысты адамдар мен қарапайым адамдардың айырмашылығы бір-ақ нәрседе: олардың бос уақытында немен айналысытындығында. Алдымен өзіңізге және отбасыңызға пайда келтірсеңіз, адамзатқа да пайда келтіресіз. Сіздер де өз уақыттарыңызды тиімді пайдаланып, кітап оқып, дамып, өмірде жақсы ат қалдыруға тырысыңыздар. Бір кітап адам өмірін өзгертуге себепші бола алады. Алдағы 2019-жыл «Жастар жылы» деп жарияланғандықтан, жастарға айтарым – «кітап оқып, адамдарды басқарыңыздар» дер едім.

Шұғыла ҚҰРАЛОВА.