Қоғамдық кеңес: нәтижелер, қорытындылар

Жұма, 08 Ақпан 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 230 рет

42251814 118539215776702 1410187503016607744 n

Қазығұрт аудандық Қоғамдық кеңесі 2015-жылы 2-қарашадағы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы аясында аудандық мәслихаттың 2016-жылғы 4-наурыздағы сессиясында «Қазығұрт ауданының Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» №52 арнайы шешімімен бекітілген болатын.

Ал, арада аз уақыт өтіп, яғни, 2016-жылғы 12-мамырда «Қазығұрт ауданының Қоғамдық кеңесі туралы» Ереже аудандық мәслихаттың сессиясында арнайы қаралып, шешім қабылданған. Міне, содан бері аудандық Қоғамдық кеңес заң шеңберінде өзіне артылған міндет төңірегінде жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Қоғамдық кеңес қызметін жандандырып, өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыру мақсатында 2017-жылдың 13-ші қарашасында Астана қаласында Қоғамдық кеңестің республикалық кеңейтілген мәжілісі өтті. Оған аудандық, қалалық, облыстық қоғамдық кеңестің төрағалары мен өкілдері арнайы шақырылды. Мәжіліске Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібіне «Қоғамдық бақылау түрі: өзара байланыс және іске асыру практикасы» деген тақырыпта мәселе қойылып, панельдік талқылау болды. Бұл республикалық мәжіліс шын мәнінде, қоғамдық кеңес жұмысын сәтті бастап, жүйелі ұйымдастыруға оң ықпал етті. Әсіресе, аудандық қоғамдық кеңестің құрамын іріктеуде, оның сапалық және біліктілігі мен өмірлік тәжірибесіне мән беруге көмегін тигізді.

Соның нәтижесінде 20 адамнан қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітілді. Оны саралап айтатын болсам, 12-сі қоғамдық ұйымдардан, 5-еуі мемлекеттік қызметкер, 3-еуі өзін-өзі ұсынғандар болды. 9 адамнан аудандық қоғамдық кеңес төралқасы және әрқайсысы 9 адамнан бюджет және ауыл аймақтардың дамуы жөніндегі тұрақты комиссия мен әлеуметтік даму және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссия өз жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.

2018-жыл аудандық қоғамдық кеңес мүшелері үшін есте қаларлықтай болды. Өйткені, жыл ішінде қоғамдық кеңес жоспардағы 12 отырыстың орнына 16 рет мәжіліс өткізді. Күн тәртібіне ұсынылған мәселелер де ауқымды, әрі әртүрлі саланы қамтыды.

Айта кеткен жөн, кеңестің жылдық жоспары барлық саланы қамтыған. Аудан көлеміндегі жерге қатысты, коммуналдық қызметтер, ағын және таза су, қаржы, денсаулық, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, құқық қорғау салалары бойынша атқарған жұмыстарына талдау, ауыл әкімдері мен аудан әкімінің, мекеме, ұйым басшыларының есебін тыңдау енгізілген. Олардың есептері тыңдалып, кемшіліктері ескертілді.

Сөзім жалаң болмау үшін күн тәртібіне ұсынылған екі мәселе жөнінде тоқтала кеткенді жөн санап отырмын.

Қазығұрт аудандық білім бөлімінің 2018-2019 оқу жылына дайындығы мен алда атқаратын жұмыстары жайлы есебі тыңдалды. Бұл мәселе жөнінде білім бөлімі басшысының орынбасары Ә.Егізекова есеп берді. Есеп барысында бірқатар жетістіктер мен оған қоса орын алған кемшіліктердің де беті ашылды. Әсіресе, мұғалімдерге, мектеп директорларына орынсыз талаптар қойылатындығы баса айтылды. Мектеп басшыларын аттестациядан өткізу жайы кеңес мүшелерін бейжай қалдырмады. Аттестацияны өткізу мен оның қорытындысына күмәнмен қарайтынын жеткізді. Бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнаған, зейнеткерлік жасына жақындаған мектеп басшыларын «бір сұраққа жауап бермей қалдың», – деген сылтаумен еңбек өтіліне қиянат жасап отырғандығын, адам тағдырына немқұрайды қарайтындығын ашына айтатын, жұртшылықтың пікірін аудан басшыларына жеткізе отырып, тиісті қорытынды шығаруды ұсынды.

Ал, екінші Қоғамдық кеңес отырысына «Аудандық ветеринария бөлімінің «Ауыл» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында ішкі бақылау нәтижесі» қоғамдық талқылауға ұсынылды. Бұл жөнінде аудан әкімінің аппараты, ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімшесінің бас инспекторы Ф.Зұлпыхаров хабарлама жасады.

Ветеринария бөлімінде ішкі бақылаудың осалдауынан есеп жұмыстарында көрсеткен қызметтері есептеріне сәйкес келмейді. Ветеринарлық-санитариялық қорытынды беру реттік жағынан ауытқып кеткен. Сол сияқты аудандық ветеринария бөлімінің «Ауыл» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында да елеулі кемшіліктер орын алған. Ауыл шаруашылығы жануарларына паспорт беру, оларды бірдейлендіру, ауыл округтеріндегі мал дәрігерлік бекеттерден басқа орындарда қызмет көрсету қол жетімді стандартқа сәйкестендірілмеген, анық ақпарат ұсынылмаған.

Кемшіліктерді айта келіп, ветеринария бөлімі мен «Ауыл» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бірқатар қызметкерлеріне шара көрілгенін жеткізді. Бұл талқылауға қатысқан кеңес мүшелері алдағы кезде мұндай өрескел кемшіліктерге жол бермеу жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ, Жаңабазар, Рабат ауыл округі әкімдерінің есебі кеңес отырысында тыңдалып, елдімекен тұрғындарының өтініші мен ұсыныстарын үнемі назарда ұстап, ескеріп отыруын тапсырды.

Сонымен бірге, жергілікті атқарушы билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шешімдерін талқылау мен қабылдауда қоғамдық кеңес мүшелері үнемі біліктілік пен белсенділік танытып келеді. Өткен жылы 45-тен астам әр түрлі шешімдер бойынша сараптамалық талқылаулар болды. Әсіресе, аудан және ауыл округі бюджетін қабылдау мен ондағы бөлінген қаржыны мақсатты жұмсау, әрі толық игеру жөнінде бір емес, 6 рет сараптамалық талқылау өтті. Әрбір елдімекен тұрғындарының пікірі ескерілді.

Аудандық Қоғамдық кеңес әрбір ауыл округтерінде құрылған қоғамдастықтармен тығыз байланыс орнатқан. Ауылда шешімін таппаған мәселелерді аудандық деңгейде шешілуіне ықпал етуде.

Аудан тұрғындарынан түскен ұсыныс-пікірлер, арыз-шағымдарға да үнемі көңіл бөліп, олардың заң шеңберінде шешілуін назарда ұстаймыз.

Өткен жыл аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері үшін бірқатар ауқымды жұмыстар атқарумен бірге, жаңадан өз алдына қалыптасып келе жатқан Қоғамдық кеңес институтын жоғары нәтижелер мен мәнді қорытынды жасауға жаңаша қадам жасауға ықпал етті.

Биыл да Қоғамдық кеңес жұртшылықтың пікірі мен ұсынысын тиісті орындарға жеткізуде белсенділік көрсете беретін болады.

М.МОМЫНОВ,

Қазығұрт аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы,

аудандық мәслихаттың депутаты.