Тарихты тану – ұлттық рухын көтереді

Жұма, 08 Ақпан 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 92 рет

header kz

Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында кең байтақ даламыздың жеті қырын атап көрсетіп, өткен тарихымызды қайтадан зерделеп, дүние жүзіне танытудың жолдарын қарастырады. Алдағы атқарылар жұмыстарды айқындайды. Мақаланың ауқымы кең, маңызы зор.

Бұрынғы тарихымыз еуроцентристік көзқараста жазылып, қазақ халқы ғылым мен білімнен шет қалған, тек мал бағып, көшіп жүрген, басқыншылық, зорлық пен зомбылық көрген халық ретінде саналып келеді. Оның дүние жүзінің өркениетіне қосқан үлесі ашып көрсетілмеді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тарихымызды түгендеуге мүмкіндік алдық. Қазақ тарихын сонау сақ, ғұн, ежелгі түркі дәуірінен іздеуді Елбасы тапсырды.

Б.з.д. V-ІІІ ғасырларда қазақ халқының негізін қалаған тайпалық одақтар өз мемлекеттерін құрып ешкімге дес бермеді. Ал, VІ ғасырда олар қуатты Түрік қағанаты құрамына еніп жарты әлемді бағындырды. ХV-ХVІІІ ғасырлар арасында жеке Қазақ хандығы өмір сүрді.

Бүгінгі қазақ ұлтының этногенетикалық тегінің, тілінің, салт-дәстүрлерінің, діні мен төл мәдениетінің қалыптасу үдерісі іске асты.

Қазіргі бар қазақ ұлтының негізгі құндылықтары мен ұстанымдары – қазақ хандығы деп аталған мемлекеттің болуының нәтижесі екендігі бұлтартпас шындық. Демек, қазақ халқының табиғи даму процесі сан ғасырлар бойы үзілмей, өзге ұлттармен қатарласа дамып отырады. Оның түрлі мемлекеттік құрылымдары болды. Болған мемлекеттер көрші елдермен тең дәрежеде қарым-қатынастар орнатты. Әлем халықтарына өзінің материалдық және мәдени үлгілерімен ықпалын тигізді. Өкінішке қарай, осындай эволюциялық үдеріс Ресейдің отарлық езгісіне түсумен тоқтап қалды. Қазақ халқы әлемдік өркениеттер дамуының соңында қалып қойды. Отарлық қанау қазақты демографиялық, рухани, мәдени дағдарысқа түсірді. Жерінен және дәстүрлі өмір сүру мәдениетінен айырды. Қазақ тарихы империя тарихының көлеңкесінде қалды. Қазақ ұлты екінші сортты, барлық жақсылықтарды отарлаушылардан үйренген жабайы халық болған деген пікір қоғамдық санада басымдыққа ие болды. Қазақ халқы өз тарихын, рухани құндылықтарын зерттеуде және ұлықтауда кенжелеп қалды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан басталған Қазақстан қоғамын рухани жаңғырту үдерісі сананы, тарихты, мәдениетті, білім мен өнер салаларын отарсыздандыру процесіне жол ашты деп айтуымызға болады. Қазақ тарихын отарсыздандыру ісін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы тереңдете түседі. Мақалада қазақ халқы өзі жүріп өткен тарихи жолда әлемдік өркениетке қомақты үлес қосып келгендігі нақты мысалдармен дәлелденді.

Біздің бабаларымыз әлем халықтарына ұсынған үлкен жетістіктерінің бірі жылқыны қолға үйрету, оның ер-тұрманын жасау болғандығын бүгінгі этнология ғылымы дәлелдеп отыр. Бұл құбылыс шамамен 6,5 мың жыл бұрын іске асырылған. Атта отыру мәдениеті жетіліп, бабаларымыз үзеңгіні пайдаланған. Осы жаңалық оларға атқа мініп, алыс сапарларға шығуға, жылқыны соғыстарда жылдам қозғалыс құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік берген. Жаугершілік замандарда соғыс өнерін жетілдіруде протоқазақтар қайқы қылышты да жасап пайдаланған.

Өмілдірік пен құйысқанның жасалуы жылқы мінген адамды нағыз мығым, қылышты, садақты, найзаны, шоқпарды еркін ұстап, соғыса алатын жеңімпаз жауынгерге айналдырды. Басқа халықтар біздің бабалардың осындай жаңалықтарын түрлі өзгерістер енгізіп, жетілдіріп сан ғасыр пайдаланды.

Президент Ұлы даланың бір қырының ғана әлемдік өркениетке берген үлесінің қаншалықты пайдалы және маңызды болғандығын айтып отыр.

Ұлы даланың екінші қыры Ұлы дала жай ғана емес, оны мекен еткен қазақ халқы жай халық емес, ол ешкімнен артық та, кем де емес деген қағидаттық ойды Елбасы жан-жақты негіздейді. Тіпті, қазіргі металлургияның басталуы ежелгі түркі халықтарының жаңашылдығына байланысты екен. Осының барлығы сөзбен емес, қолымызға ұстаған археологиялық артефактілер арқылы дәлелденіп отыр. Ұлы даламыздың үшінші қыры – «аң стилі». Көне түркілер табиғат, қоршаған орта әлемімен тамаша үндестікте өмір сүре білген. Олардың жоғары деңгейдегі экологиялық мәдениеті қалыптасқан. Әлемдік экологиялық сананың отаны түркі халықтары деп айтсақ та мақтанып кетпейміз. Төртінші қырымыз – «Алтын адам». 1969-жылы Есік қорғанынан алтындалған киім киген жас патшаның табылуы әлем ғалымдарына сенсация болды. Содан бері Шығыс Қазақстандағы Шіліктіден, Тарбағатайдан, Орталық Қазақстандағы Қарқаралыдан, Батыстағы Атыраудан осындай таңғажайып алтындалған киімдермен патшалар қорымдары ашылды. Демек, ғасырлар бойында, мың жылдықтардың алмасуы кезеңінде қазіргі Қазақстан жерінде басқа көне халықтардың даму деңгейі жетпеген мемлекеттер болғаны шындық.

«Алтын адаммен» бірге қойылған заттардың, құрбандық ретінде жерленген жылқылардың ер-тұрмандарының безендірілуі, табыттарда салынған суреттер мен бейнелердің терең мағыналылығы бүгінгі зерттеушілерді таңдандыруда. Осы археологиялық жаңалықтар өркениет тек Батыстан басталады деген тезистің жаңсақтығын нақты дәлелдейді. Дұрысы, өркениеттердің ықпалдасуы тезисі болса керек. Біз Батысқа көп нәрсе бердік, үйреттік, соңғы ғасырларда Батыстан көп нәрсені алып, үйреніп жатырмыз. «Түркі әлемінің бесігі» деп Елбасы Ұлы даланың алтыншы қыры туралы осы ойды айтып отыр. Қазақ жерінің геосаяси, геоэкономикалық орнын Президент Ұлы далаға «Жібек жолының» ықпал етуімен сипаттайды. Өркениеттер мен ірі мемлекеттердің мүдделерінің қиылысында тұру түркі халықтарына, одан кейінгі қазақ халқына аса зор жауапкершілікпен қатар, түрлі қайшылықтар мен қиыншылықтар әкелді. Бүгін өткен тарихтан сабақ алып ел дамуындағы осы ерекшеліктердің барлығын пайдамызға асыруымыз керек. Ұлы даланың жетінші қырын «Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны» деп көрсетіпті Елбасы. Қазақ елінің табиғат әлеуеті үлкен. Бүгінгі ұрпақ соны іске жарата алса әлемдік нарыққа ұсынарымыз көбейеді. Ел халқының өмір сүрген ортасы неғұрлым қолайлы бола түседі.

Қазақстандықтар үшін ең басты мәселе тәуелсіздікті сақтау жолында бір болуы маңызды. Тәуелсіздікті сақтау үшін әрбір адам рухани мықты болуы керек. Рухани мықты, білімді адам – бәсекеге қабілетті болады. Бәсекеге қабілетті адам – тәуелсіздігін сақтау мен елінің дамуы үшін аянбай еңбек ететін болады. Міне, Елбасы тәуелсіздік, рухани жаңғыру және бәсекеге қабілеттілік туралы айтуының терең мәні осында жатыр.

Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік ел» ету!

Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру.

Өкінішке қарай, бізді бірнеше жүздеген жылдар бойы ұлттық мақтаныш емес, өзгеден өзін кем көрген қорқыныш сезімі билеп келгені мәлім. «Үрей синдромы ... ол үш ғасырға созылған ақ патша пен қызыл империяның құлдық қыспағы мен қанды қырғынының санаға салған лаңы. Кеңес заманының зардабы, тіпті, төл әдебиетіміздің абайтану саласына да кеселін аямай тигізді.

Алаш арыстары аман болса, бұл қорлыққа, әлбетте еш төзе алмас еді, олар тірі тұрса, ел-жұртын езгіге салдырып қойып қарап отырмасы белгілі. Қандықол диктатура мұны жақсы білді және қазақтың көшбасшы қайраткерлерін жусандай жапырды. Сонау патша заманынан бастап қуғын-сүргінді көп көрген қайран Ахаң былай деп күңіренген ғой:

«Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен

Өз ауылымның иттері үріп қапқаны».

Арыстардың аз ғана шоғыры ел келешегі үшін аға буын аманатын арқалап, ауыр мұңға батқан күйі қала берді. Бірақ, елжанды ерлер қолдарына қару алмағандарымен туған халқына айтар сөзін қызыл үкіметтің қырағы бақылауында отырып-ақ, санамызға құя берді.

Міне, әлем әдебиетінің жауһары – «Абай жолы» роман-эпопеясы сол ұлт санасын сілкінтудің жарқын айғағы. Амал қайсы, кеңестік насихат сөз сардарын да жан-жақтан матап ұстап, Абай аманатын да, Әуезов сөзін де қалың көпшілікке бұрмалай түсіндірді. Тіпті, тәуелсіздіктің ширек ғасыр белесінен асқанда да ғұлама Мұхтардың қалам құпиясының сырын түсінбей жүргендер аз емес. Әйтпесе, романдағы дала данышпаны Құнанбайды танымау, әке мен бала арасындағы терең түсінікті байқамау тіпті де мүмкін емес.

Мұхтар Әуезов туған халқының тарихын таптатпай, кісі түркі жұртының Абай секілді ұлы тұлғасын ұлықтай отырып та Құнанбай тұлғасына титтей де көлеңке түсірген емес. Ғұлама, тіпті тарихқа, әдебиет пен өнерге қасаң таптық көзқарас тұрғысынан темірдей тәртіп орнатылғанына да қарамастан, жанқиярлық, қажыр-қайрат танытты. Ұлы даланың сап алтындай салт-дәстүрлері мен тағылымы зор тәртібін, хакім Абайдың аманатын көкірегімізге құйып, еңсемізді түсірмеуге жан қуатын да, қалам қуатын да аямай жұмсады.

Алайда, абайтану тарихын зерделей келгенде, ұлы Абай мұрасына көпшілік қаламгердің байдың, қанаушы таптың өкілі ретінде теріс айналып, асыл мұраны туған ұлтына қайтарудың Әуезов бастаған аз ғана шоғырға қаншалықты азапқа айналғанын көреміз. Қазақ әдебиетінің алыбы Сәбит Мұханов өзінің Абай мен оның мұрасына деген әуелгі теріс көзқарасын «мен қаналушы таптың өкілі едім ғой» деп, ақталғандай түсіндіруі-ақ көп жайды аңғартса керек. Бірақ, кейін солардың бәрі, әрине Сәбит Мұханов та өз қателіктерін мойындап, Ұлы ақын жайында іргелі монографиялық зерттеу жазғанын білеміз.

С.Мұханов Қазақстан жазушыларының 1934-жылғы тұңғыш съезінде жасаған баяндамасында, 1935-жылы қазақ поэзиясы жайында жазған мақаласында бұрынғы социологиялық ой-пікірлерінің сілемі көрінгенімен, көркемдік таным-білік биігінен ой айтып, пікір түюдің лебі есе бастады. Осы екпін қазақтың әдебиеті мен мәдениетінің сорпа бетіне шығарларын сыпырып әкетіп жатқан 1937-жылы Сәбит Мұхановтың «Абай – халық ақыны» деген принципті мақаласынан айқын көрінеді. Бұл мақала төл әдебиетіміздің классигінің Абай туралы толымды да көлемді зерттеу жасауының басы еді. Олай болса, Абай танудың қарама-қайшылыққа толы шежіресі – өз алдына жеке әңгіме.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінен біз, қазақ өз қадір-қасиетімізді біліп, өткеннен сабақ ала отырып, тек қана алға басу туралы жасампаздық ой түйдік, ардақты ағайын!

Осы арада менің айтайын дегенім, ел ақиқаттың ауылына ат қондырған ұлт қайраткері есімінің ұмытылмағанын қалайды. Мына дүниеде аяғына дейін әділ, адал болып қалу үшін қайсар мінез бен ар тазалығы керек. «Өтіріктің қанатымен көкке көтерілгенше, шындық үшін жер жастанғаным артық», – дейді бабаларымыз.

Қорыта айтқанда, тарихты тану – тағылымды іс. Тарихты тану – ұлттың рухын көтереді, мерейін тасытады. Ұлы даланың мақтан тұтарлық төл тарихы, мәдениеті мен өнегесі бар. Оны ұлықтау ұлтты ұйыстыруға бастайды. Бұл орайда мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы басты бағдар болмақ.

Е.ТІЛЕПОВ,

Шарапхана ауыл округі, штаттан тыс тілші.