«Агроном болу – біз үшін абыройлы жұмыс еді»

Жұма, 08 Ақпан 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 89 рет

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы

Әділбек Анарбеков:

 

         Кешегі кеңестік кезеңнің өзінде адамдар бүгінгідей жеке меншікке емес, ортақ қазанға еңбек еткені баршамызға аян. Сол кездегі аға буын қоғамның өркендеуі үшін жанын аянып қалмады. Маңдай терін төгіп, бойындағы барын беріп, елге, Отанға қызмет ете білді. Бүгін қоғам да, заман да өзгеріп, өткеніміз тарихқа айналып барады. Осынау туған жерді түлетуге атсалысқан азаматтардың ел әлеуетін көтерудегі жасампаз еңбегі ғана әңгімемізге арқау болуда. Социализмде де ұлтын жанындай сүйіп, еңбек еткен жандар аз болмады, талайлар Социалистік Еңбек Ері атанды. Ел басқарған тұлғалар ұлтын алға сүйреді. Шаруашылық, звено басшылары мен жетекшілері де соларды үлгі тұтып, қолдарынан келгенін аянып қалмады.

Осындай азаматтардың бірі Әділбек Анарбекұлы жастайынан еңбекке араласты. Әкесінен ерте айырылған ол әжесі Сейдананың тәрбиесінде өсіпті. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, «Қапланбек» ауыл шаруашылығы техникумын агрономия саласы бойынша бітіріп, шықты. Содан кейін әртүрлі қызметте жүріп, 1980-жылы «Алтын төбе» бөлімшесіне агроном болып барады. 1986-жылға дейін сонда істеп, астық алудан алдыңғы қатарда көрініп жүрді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, елгезек Әділбекті 1986-жылы совхоз директоры Кеңес Малдыбаев қарсылығына қарамастан, Коммунизм бөлімшесіне ауыстырып, Аққұмдағы «Баба тышқан» жотасына апарып тастап: «Қайтсең де келесі жылы осы бөлімшені астық алуда алдыңғы қатардан көрсететін бол»,–деп қатаң талап қояды.

       – Сол жылы аталмыш бөлімше астық алуда алдыңғы қатардан көрініп, 24-25 центнер, ал, пардан 42-45 центнерге дейін астық алып, өзге бөлімшелерден озық шықтық. Жалпы астық алуда білгенімізден, білмейтініміз көп болды. Әбдірайымовтың ізбасары деп білетін Кеңес Малдыбаев – біздің совхозды көтеріп кеткен азамат. Агроном болу – біз үшін абыройлы жұмыс еді. Сол кездегі совхоз басшылары А.Пошахаев, бөлімше меңгерушілері Акбар Серкебаев, Қалмахан Айнабеков, Лен Мәтеев сынды ағаларымыздың қамқорлығына бөленіп өстік. Егінді ору, жинау тактикасы жайында жиналыстар өткізіп, бар білгенімізді ортаға салып, ағаларымызбен ақылдасып, үлкендердің сөзіне, озық тәжірибесіне тоқталатынбыз.

     Жаңағы пардан дегенге тоқталар болсақ, ол ауа райына, әсіресе, жауын-шашын мөлшеріне, топырақтың түріне, құнарлылығына, жылудың мөлшеріне, үсік болмайтын күндер санына, шаруашылықтың мамандандырылуына байланысты колхоздар мен совхоздарда ауыспалы егістің әртүрлі схемасында қолданылады. Жалпы күздік бидай пардан басқа алғы егістерден кейін де себіледі. Оларға сүрлемдік жүгері, көпжылдық шөптер жоңышқа қыртысы, мақсары, басқа отамалы дақылдар жатады. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарында күздік бидайды жинау шілденің ортасынан басталады. Сондықтан, ол танапты ерте босатады, келер күздік бидайды сепкенше ұзақ уақыт бар. Танапты сапалы өңдеуге мүмкіндік береді. Күздік бидайды орып алысымен, танапты сыдыра жыртқышпен алғашқы рет 6-8 см тереңдікке өңдейді. Екінші өңдегеннен 2-3 апта өткен соң артынша танапты 22-25 см-ге сыдырта жыртып, культивациялайды. Мүмкіндік болса күздік бидайды таза және екпелі парлардан кейін сепкен жөн, кері жағдайда оны жақсы алғы дақылдардан (отамалы дақылдар) кейін орналастырған жоғары өнім алуға болады. Біз осынау технологияны кітаптағы ережеге қарап отырмастан, алдыңғы толқын агрономдардың електен өткен тәжірибелеріне сүйендік, – дейді байырғы агроном Ә.Анарбеков.

     Бүгінде Әділбек ағамыз зайыбы Зибагүл Күзенбаевамен бірге 6 перзент өсіріп, олардан 13 немере сүйіп отыр. Жуырда ауданның тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында еңбегі бағаланып, аудан әкімінің алғыс хатымен, «Қазығұрт ауданына 90 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Осындай еңбекқор жандар қоғам ісінің алға басуына көп дәнекер болатыны белгілі. Олай болса, жас ұрпақ та мұндай ағаларының тындырымдылығы мен ақжарқын мінезінен үлгі алып, белсенділіктерімен танылса, нұр үстіне нұр!

Ғазиза ТІЛЕУБЕРГЕН.