Әрбір үйдің жылуы тек анадан тарайды

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 47 рет

 

Ана – деген ұлы есім. Ана – өмір. Ана – қоғам байлығы. Ана – жарқын өмірге ұрпақ әкелуші. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаса керек.  

Жаратылыстың жер бетіндегі ең ғажап жасаған дүниесі – әйел заты. Әдемілік, нәзіктік, жан мен тәннің жарасымы, шыдамды келетін қасиеті жағынан әйелге ешқандай дүние теңесе алмас. Дүниедегі барлық тіршіліктің қайнар көзі – Ана. Ел тұтқасын ұстаған көсем де, жұртты аузыны қаратқан шешен де, елін жаудан қорғаған батыр да, елдің жүгін арқалаған ақын да ана алдында бас иген. Қоғамның қуаты, күші, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ.

Дүниеге қан тамырдай тарайтын,

Жер бетінде әйел жайлы ертек көп.

Әйелдерге немқұрайды қарайтын

Еркекті мен санамаймын еркек, – деп Мұхтар Шаханов әйелдер жайлы шебер жырлай білген.

Дана халқымызда үлкен парасатымен, ақылымен сол елді татулыққа, бірлікке үндеген «Әулие аналар» аз емес. Оған Домалақ ананың,Ұлпанның, Айтқыздың, Абайдың әжесі Зеренің, Шоқанның әжесі Айғанымның есімдері дәлел. Кешегі қазақ қыздарын эпос қаһармандарына айналдырып, аңыз еткен Жібек пен Баян, Құртқа мен Ақжүніс, Гүлбаршын мен Айманның ақыл-парасаты өз алдына бір бөлек әңгіме. Кешегі кеудесін оққа тосқан, Мәншүк пен Әлия ерлігі ұрпаққа үлгі.

Мен жер бетінде ананы, әйелді ардақтамайтын халық жоқ деген болар ем. Жалпақ дүниені ұлылық пен жылылыққа, махаббат пен шапағатқа бөлеуші барша аналар мен қыз-келіншектерге келе жатқан мереке қуаныш пен бақыт әкелсе, деймін. Әрбір үйдің жылуы тек анадан тарайтынын естен шығармайықшы.

Гүлжайна Октябрь,

Қ.Әбдәлиев атындағы жалпы орта мектебінің 10- сынып оқушысы.