Күлкісі оның арайлы...

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 44 рет

 

   Оны құрбылары Ира деп атайды. Ал, шын мәнінде, оның есімі Ирина. Ол Ира деген атқа құлағы үйреніп кеткен. Ира Ордабасы (бұрынғы Бөген) ауданында шаруа отбасында өмірге келген. Орта мектепті ойдағыдай бітірген соң арман қуып, Түркістан қаласындағы медучилищенің фельдшерлік бөліміне оқуға түседі. Оны 1985-жылы үздік тәмамдап, жолдамамен Сарыағаш аудандық «Жедел жәрдем» станциясына фельдшер болып еңбек жолын бастады.

Өз ісіне тиянақты Ира аз уақыт ішінде әріптестері арасында абырой-беделге ие болады. Ауру науқастардың көңілінен шығып, «қолы жеңіл» дәрігер атанады. Осында жүріп еңбегін жалғастыра берер ме еді, кім білсін, Сергей Орал деген жігітпен танысып, көңіл қоспағанда. Сергей Сарыағаш ауданына көрші Қазығұрттың тумасы еді, отбасы құрғаннан соң Ира Қазығұрт аудандық емханасына ауысады.

Міне, содан бері Ира табан мейірбике қызметін абыроймен атқарып, өз қызметіне кіршіксіз адал екендігін танытты.

Табиғатынан мейірімді, үнемі жылы жүзімен өзгелерге шуақ шаша қарайтын Ира өз құрбылары арасында үлкен беделге ие.

   Ираның ұзақ жылғы еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Облыстық, аудандық денсаулық сақтау бөлімі басшыларынан алған мақтау марапаттары өз алдына бір төбе.

Сонымен бірге, Ира – үлгілі, өнегелі отбасының иесі. Жұбайы Сергей екеуі өмірге 4 қыз, бір ұл әкеліп, қатарларынан қалдырмай тәрбиелеп келеді. қыздары Айгүл, Дана тұрмыста, Әсел, Жансая, ұлы Әлімжан мектеп оқушылары. Тұрмысқа шыққан қыздарынан 6 немере сүйіп отыр. Сергей өзі қалаған кәсіппен айналысуда. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасы.

   Тыңғылықты ісімен, жібектей мінезімен көптің көңілінен шыққан Ирина Дмитиевнаның өмірі өзгелерге өнеге.

   Көктемнің шуақты мерекесі 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Ирина Дмитриевна Мусакулованы емхана ұжымы құрметпен зейнеткерлікке шығарып салды.

Жорабек МАХАНҰЛЫ.