Алтын құрсақты Тоған ана

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 51 рет

 

Сексен жастың сеңгіріне көтерілген Тоған апаның қуанышында шек жоқ. Өйткені Ұлыстың ұлы күні – 22-наурыз туылған күні. Сол күнді өзінен өңген ұрпақтары дүркіретіп атап өту үшін бүгінде дайындық үстінде.

Тоған апа перзенттерінің ілтипатына, шынайы қамқорлығына сүйсініп отыр. Өткен өміріне ойша көз жүгіртсе, қамшының сабындай ғана мына қысқа өмірде қаншама ауыр күндер мен қызықты кештерді өткізіпті. Балалық шағы да қиын қыстау жылдарға тап болған. Аудан орталығынан іргедегі Шарбұлақ ауылында 1939-жылы 22-наурызда дүние есігін ашыпты. 1946-жылы орта мектеп табалдырығын аттап, 1957-жылы тәмамдап, арада екі-үш жыл өткенде Ешенқұл деген азаматпен танысып, көңіл қосады.

         Өз ісіне мығым, өзін әрдайым сабырлы қалпында ұстайтын жолдасы Ешенқұл үнемі жарының жанынан табылып, берік отбасының тірегі бола білді.

         Өмірге бірінен соң бірі перзенттерін әкелген алтын құрсақты Тоған апа 13 перзентті, оның 6 ұл, 7 қызының өмірден өз орындарын жаңылыспай табуына аналық қамқорлығын аямады. Олар да бірін-бірі демеп, бірін-бірі жебеп, бір-біріне сүйеу болып ата-анасының тәрбиесіне бойұсынып өсті.

         Бүгінде Тоған апа айналасына көлеңкесін түсірген саялы шынарға ұқсайды. Шағын ғана отбасы бүгінде үлкен әулетке айналған. Ешенқұл ата да сан салалы ғұмырын сауда-саттыққа арнап, ауданда сауда жүйесінде жоғарғы басшы қызметтер атқарды. Елге адал, абыройлы қызмет етті. Содан да болар Тұрбат елдімекеніндегі үлкен көше Ешенқұл Исақұловтың есімімен аталады. Бұл ауылдастарының Ешенқұл атаның еткен еңбегіне деген құрметі болса керек. Алтын алқа иесі Тоған апа өзін бақытты санайды. Өзінен тараған перзенттері бүгінде жоғары білім алып, әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Құдай қосқан қосақтары да Тоған апаның қас-қабағын қарап, бәйек болып жүргені... Оған апа да дән риза.

         Әсіресе, Тоған апа 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күнін асыға күтеді. Ол күні Тоған апа үшін нағыз мереке. Өйткені, алыстағы ұлдары мен қыздары келіп, құшақ-құшақ гүл шоғымен түрлі сый-сияпаттармен көмкеріп тастайды. Немерелерінің шат күлкілері, әжесіне деген шынайы ыстық ықыласын айтсаңшы!.. Тұла бойын қуанышқа бөлейді, аялап сүйіп, қолтығына кіріп кетерін қайтерсің?! Ана бақыты деген осы емес пе?!

         Көгілдір көктеммен ілесе келетін 8-наурыз Халықаралық әйелдер –мерекесі қарсаңында Исақұлова Тоған апамен кездесудің сәті түсті. Бүгінде 50 немере, 30 шөбере сүйіп, отырған апаның көңілі көтеріңкі, жүзінде қуаныш.

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ.