Ғасыр жасаған әжеміз – әулетіміздің киесі

Дүйсенбі, 11 Наурыз 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 41 рет

                                                             Лебіз

         

                            

Өмірдегі болып жатқан пендешілікке еш шек қоя алмайсың. Өйткені, адамзатты, соның ішінде әйел баласына жаратушы ием сабыр мен төзім, ақыл-есті молынан беріпті. Олай дейтінім небір алып та, данышпан да, дана да, батыр да, ақ сүтіне тойынып, ыстық алақанын сезініп, үлкен жетістіктер мен дәрежеге жетті емес пе?

Иә, ана болу да оңай іс емес, десек те, әр әйел баласы бала бақыты, отбасы бақыты үшін барынша өз өнерін салады. Ана деген атқа ие болу үшін қыз болып дүниеге келуің керек, сосын өсе келе, аруға, арудан жас келінге айналасың, келін жас анаға, әжеге жетеді.

       Әже – баланың әкесінің шешесі туыстық қатынасты білдіретін атау. Қазақ отбасындағы орны ерекше әрі қадірлі. Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, тәрбиешісі, әрі ақылгөйі.

Мен үшін әжем – дүниедегі асыл әжелердің ішіндегі ең ғажабы. Біздің отбасымыздағы ақ жаулықты әжеміз, тыл ардагері Көшербаева Айсұлу 1920-жылы 20-маусымда «Аққұм» колхозында дүниеге келген. Әкесі Сейітмұрат, анасы Анайы болған екен. Әжем соғыс уақыттарында колхозда есепші, сушы болып істеген. Жүгері егіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. «Коммунизм» совхозы «Жданов» бөлімшесінде сушы болған. 1976-жылы 3-наурызда «Ударник девятой пятилетки» төс белгісімен, 1995-жылы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл», одан кейін «1941-1945 жж. Ұлы Отан Жеңіске 60 жыл», «1941-1945 жж.Ұлы Отан Жеңіске 65 жыл», «1941-1945 жж. Ұлы Отан Жеңіске 70 жыл» мерекелік медалімен наградталған.

     Әжеміз 1944-жылы атамыз Көшербаев Шалматпен отбасын құрып, он төрт перзентті дүниеге әкелген. Қазіргі уақытта 4-уі тірі . Өсірген 2 ұл, 2 қыздан 16 немере, 37 шөбере, 2 шөпшек көріп отыр.

Әжеміз 99 жасқа келсе де тың, немерелері мен шөберелерінің ортасында.

– Менің жалындаған жастық шағым елдегі қиын-қыстау уақытқа тұспа-тұс келді. Аштық, жоқшылық, қуғын-сүргін, еңсесі түскен халық, жақын-туысқандарымызды жоғалту. Осының бәрі көз алдымызда өтті. Енді ес жия бастағанда соғыс басталды. Ер азаматтар жаппай майданға аттанды. Соғыс кезінде колхоздың сан түрлі жұмысын қоса атқардық, – дейді кешегі күнін еске алып.

Әр адам үшін қашанда әженің орны ерекше. Мен үшін алып тұлғадай көрінетін әжем, маған деген ықыласы ерекше. Ылғи да ақылын, әсерлі әңгімесін айтып отырады. Себебі, анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды емес пе? Ал, менің енемнің енесі, яғни, әжем менің енемнің анасындай болған соң, мен әрдайым сол кісілердің ешқашан қартайғанын қаламаймын.

Әжемнің бізге берер тәрбиесі өте ерекше. Менің алған үлгі-өнегемнің бірі – «Отан отбасынан басталады» деген мақалды жиі айтады. Отан деген құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиетін сөздің тап отбасы ұғымынан неліктен басталатынына көз жеткіздім. Түйсіне отырып, «Ер үйдің иесі болғанда, әйел – үйдің шегесі» үйдің мықты болуы, оны қақыратпай, бөлшек-бөлшек болып бөлініп кетуіне жол бермейтін отанасына тікелей байланысты екенін жиі әңгімелейді. Отбасының берекесін кіргіздіруде, бақытты отбасын қалыптастыруда әйелдердің өзіндік ерекше орын бар екенін ұқтым. «Үлкенге құрметті, кішіге ізетті бол, балаларыңның рахатын көр, бір Аллам сақтай көрсін, құлдық тәуба!» деп әжем үнемі батасын беріп отырады. Мен осы отбасының келіні болғаныма қуанамын.

       Әулетіміздің киесі, барлығымыздың ақылшымыз, шаңырағымыздың берекесін кіргізіп отырған асыл жан өзіңізсіз! Беліңіз қайысқанша еңбек етіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мейіріміңізді төге жүріп, күтіп-баптап өсірген ұл-қыздарыңыз өркен жайып, бүгінде бір-бір шаңырақты құрап, өсіп-өнді, қалың орманға айналды. Сол үшін ұрпақтарыңыз сізге мәңгі қарыздар! Алла сізге күш-қуат берсін! Ұл-қыздарыңыз бен немере-шөбере, шөпшектеріңіздің ортасында әрдайым жүзіңізден шуақ шашырап, қызығына тоймай жүре беріңіз! Аллам жар болып, 100 жасқа жетіңіз. Бұл – менің үлкен арманым!

8-наурыз – Халықаралық әйелдер мен қыз-келіншектер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір отбасына бақ-береке, қуаныш пен шаттық тілеймін!

Тапаева Мөлдір Нүриддинқызы,

немере келіні