Ұлы дала тұлғасы

Жұма, 12 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 268 рет

 

Әрине, біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Елбасы өзінің президенттік өкілеттігін тоқтатты. Сөйтіп, Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттілігін атқару Сенат төрағасына көшетіні туралы Жарлыққа қол қойды. Әрине, бұл жұрттың көбіне кездейсоқ оқиға болды деп ойлаймын. Бірақ, шынтуайтында тарихи оқиға. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға көп еңбек сіңірді. Анығын айтқанда, Ұлы далада елді талай адамдар басқарды. Олардың арасында ұлы хандар да, билер де, небір батырлар да болды. Солар Ұлы даланы қорғау үшін бастарын бәйгеге тікті. Бірақ, амал нешік, олардың бірі де, тіпті Абылай хан да тәуелсіздікке қол жеткізе алмады. Мәселен, Мұхтар Әуезов секілді, Қаныш Сәтбаев секілді біздің ұстаздарымыз, ағаларымыз тәуелсіздікті көре алған жоқ. Тәуелсіздікті біз көрдік. Тәуелсіздікке біз жеттік. Нұрсұлтан Назарбаев жетті. Ол өзінің халқымен бірге, елімен бірге жетті.

Әрине, бастапқыда Қазақстан аты бар да заты жоқ, Кеңес Одағы тарқағаннан кейін қаңырап бос қалған, қираған мемлекет еді. Сол құландыдан, қирандыдан мықты тәуелсіз мемлекет орнату үшін жүрек керек еді. Нұрсұлтан Назарбаев тәуекелге барды. Сол кезде жұрт жалақы, зейнетақы ала алмай жүрген ызы-қиқы заман болатын. Зауыттардың бәрі тоқтаған еді. Сондай қиыншылықтарды еңсере отырып, Елбасы экономикасы зор мемлекет тұрғызды. Оны одан әрі дамытты. Әлемге танытты. Қазақстан әлемдегі озық елу елдің қатарына қосылды. Бұл, әрине, айтуға ғана жеңіл.

Сол кездегі бар ауыртпалықтарды көзімен көрдім. Н.Назарбаевтың ұйқысыз түндерінің, күлкісіз күндерінің куәсі болдым. Төңіректің бәрі көз тігіп отырды. Бірақ, сол қиыншылықтарға қаймықпады. Мемлекет ісін ойдағыдай ұйымдастыра білді. Дәлелдеді. Ұлы далада шын мәнінде тәуелсіз мемлекет орнатты. Бүгінде Қазақстан әлем мойындаған, ессептесетін, санасатын мемлекетке айналды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін кеңестік дәуірден қалған мемлекеттердің бірдей стартпен өз бетінше дамуы басталып, оның ондаған жылдар түрлі жылдамдықта, қилы сапада болғандығын бүкіл әлем көріп отыр. Осылардың арасынан оза шауып, ұлтаралық, дінаралық қақтығыссыз нарықтық экономиканы сәтті игере отырып, республиканы халықаралық қауымдастық мойындаған деңгейге шығару ең талантты деген мемлекет басшыларының екеуінің бірінің қолынан келе бермейтін жағдай.

Қазақстан әлемде болып жатқан экономикалық құлдыраудың, қаржы дағдарысының барлығынан да Елбасының басшылығымен сәтті шыға алды. Президент өткен кезеңдер ішінде тек экономикаға көңіл бөліп қоймай, Қазақстанның сыртқы, ішкі саясатын, білімі мен ғылымын, руханиятын дамытуда теңдессіз жұмыстар атқарды. Ол терең білімді, озық мәдениетті меңгерген ел болмай, әлемге танылу және алға жылжу болмайтынын нақты білді. Және осы ерекшеліктерді қазақтың өзіндік әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлерімен байыта отырып, бұл тұрғыда да жаңа қазақстандық модель жасады деуге болады.

Әсіресе, бұл тұрғыда соңғы жылдары Елбасы қаламынан шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының орны ерекше. Түсінген адамға бұл мақалалар Елбасының ұзақ жылдар бойы, кеңестік кезеңнен бастап жүрек түбінде сақтап келе жатқан, қазақ халқы болашаққа қалай барады, қай жолмен жүреді, қандай құндылықтарын сақтайды, ол қаншалықты мәдениетті, білімді және өзінің ұлттық рухын сақтай алған қоғам болады деген толғаныстарының жиынтығындай. Осының барлығын жіпке тізгендей жеке-жеке талдап, бағдарлама ретінде ұсынған.

Елбасы этносаралық қана емес, діни келісім саласында да қазақстандық модель жасап, соның сәулетшісі болды. Діннің жасампаз күшін терең ұғынған Тұңғыш Президенттің бастамасы мен соңғы жиырма жылдың ішінде Астанада әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің алты съезі өтіп, алуан конфессия көшбасшыларының бір шаңырақ астында басқосуына мүмкіндік жасады. Әлемдегі аса беделді діни қайраткер Рим папасы ІІ Иодни Павелдің Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде ең алдымен біздің елге келуі Қазақстан басшысының осы бағытта атқарып отырған жұмысына ризашылығы мен құрметінің белгісіндей тарихта қалды.

Елбасы туралы сөз еткенде, оның айтпай өтуге болмайтын ерекше қасиеттері – адамгершілігі, кеңдігі, азаматтық ұстанымы, көрегендігі. Осындай айрықша қасиеттері үшін оны әлемнің әйгілі басшылары мен мемлекет қайраткерлері жақсы көріп, дос болды. Қаншама шетін мәселелердің осындай достық қатынастардың арқасында шешілгенін біреу біліп, біреу білмейді. Мысалы, ҚХР төрағасы Цзян Цзэмин мен Ресей президенті Борис Ельцинмен достықтарының арқасында ғасырлар бойы даулы болып келген үш мемлекет арасындағы шекара мәселесі шешімін тапты.

Сондай-ақ, Елбасының Ресей көшбасшысы Владимир Путинмен, ҚХР төрағасы Цзян Цзэминмен, оның мұрагері Ху Цзиньтаомен, АҚШ президенттері үлкен Джордж Бушпен және Билл Клинтонмен, Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тэтчермен, Испания королі Хуан Карлоспен, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабиясының, Сингапурдың, Италияның, Германияның, Түркияның және басқа да мемлекеттердің басшыларымен жақын достық байланыста болуы Қазақстан үшін, еліміздің әлемде атын танытып, беделін өсіру үшін үлкен рөл атқарды. Елімізге миллиардтаған инвестиция тартылды. Маргарет Тэтчердің Елбасымыз туралы «Бүгінде әлем беделді 5-6 саясаткерді біледі, соның бірі – Нұрсұлтан Назарбаев» дегені көп нәрсені аңғартса керек.

Қазақстанның барлық жеңістері мен жетістіктері Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланысты. Демек, алдағы уақытта да Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі ретінде елдің стратегиялық дамуына айрықша ықпал ететін ұлы тұлға болып табылады.

Әрине, келешегіміздің көзқарас көкжиегін кеңейттік. Өткенге көз жүгірту – ертеңге ой жүгірту – болашақтың басты ұраны болуы шарт.

Елбасының етене егіз ұғым егемендіктің арқасында қазақ халқы ана тілінің айбарын асырды. Еліміздің мәдениеті мен әдебиеті дамуы үшін қысқа уақыттың ішінде архивтерді ақтартып, тарихи ақтаңдақтарды батыл аштыруға мүмкіндік жасалды. Себебі, жас ұрпақтың ұлттың санасы сәулеленбей, ой отарсызданбай, алдағы жүзжылдықтардың жүйелі жоспарын жасау мүмкін емес болатын. Сондықтан, мемлекет басшысы тәуелсіздік алған сәттен бастап, мемлекеттілікті нығайтумен бірге ұлт рухын ояту, халқымызды ұлы істерге рухтандыру жұмыстарын қатар жүргізді. Осылайша, сананы азат, ойы еркін, арманы асқақ, қиялы шексіз, басқаға бүгілмейтін, бас иіп жүгінбейтін бостан елдің болашағы – жас ұрпақ қалыптасты. Осындайда мынандай, философиялық логика еріксіз ойға оралады:

Ой тереңінің тұңғиығы Конфуцийге шәкірттері:

– Егер бір елге басшы болсаңыз, алдымен не істер едіңіз? – деп сауал қойыпты. – Ұлттың тілін тәртіпке салар едім, – деп жауап беріпті ойшыл. Себебін, сұрағанда – тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды. Мұндай жағдайдың алдын алған дұрыс, – деген екен.

       Н.Назарбаевтың арқасында Қазақстанның экономикасы дамыған, индустриясы мықты, аграрлық әлеуеті жоғары елге айналды. Азаттықтың архитекторы, тәуелсіздіктің тірегі тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз етіп, Конституциялық нормаларға сәйкес, дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа аманаттың ауыр да жауапкершілігі мол жүгін тапсырды. Бұл да Елбасының ел тағдыры мен мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоятынын айғақтайтын тарихи-саяси ірі оқиға болды. Сондықтан, «Бөрілі байрақ астында, бөгеліп көрген жан емен» деп, Сүйінбай ақын жырлағандай, көк Байрағын көтеріп, көкке қолын созған Ұлы дала елі енді бөгелмейді. Бұл ретте оның арқа сүйер тұлғасы да, табан тірер тұтқасы да Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы екені анық, ардақты ағайын!

Е.ТІЛЕПОВ,

Шарапхана ауыл округі,

штаттан тыс тілші.