Елбасының еңбегі ерен

Жұма, 12 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 71 рет

                                        

Scan1

            Мен Қазығұрт ауданының айнасы «Қазығұрт тынысы» (ол кездегі «Ленин өсиеті») газетінде фототілші болып істеп жүрген 80-90 жылдарда Балтақара Оразов ағамыз (жазушы Нұрғали Ораздың әкесі) сол кездегі миллионер «Коммунизм» кеңшарының директоры еді. Ал, Тұрғанбек Орынбаев ағамыз аудандық халықты әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі болып істейтін. Тұрекең өзі тым қарапайым, ақкөңіл, аңқылдақ, баламен-балаша, данамен-данаша сөйлесетін-ді. Ол кісінің бұл мінезіне қарап, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен курстас дегенге әсте сенбейтінмін. 90-шы жылдардың басында, дәлірек айтқанда, 1992-жылдың көктемінде еліміз енді ғана тәуелсіздігін алып, жекешелендіру жүріп жатқан кезеңде Елбасы жұмыс сапарымен «Күйік» асыл тұқымды қой заводының қырманына келді. Мен Елбасын суретке түсіру үшін алдынан шықтым. Менің соңымда Балтекең мен Тұрекең келе жатқан. Мен Нұрекеңді қарсы алдынан шығып, бір-екі суретке түсірдім де: «Ассалаумағалейкум, Нұраға!» – деп, қос қолдап қолын алып, сәлемдестім. Нұрекеңнің қолы жұп-жұмсақ, мақтадай нәзік екен. Осы кезде Нұрекең «О, досым, қалай жағдай» деп, менің артымда келе жатқан Тұрекеңмен құшақтасып көрісті. Мен екеуінің қолының астынан сытылып шықтым. Нұрекең досы екеуі жағдай сұрасып болған соң Балтекеңмен амандасып, жекешелендіру жұмысы қалай жүріп жатқанын сұрады. Ал, мен ол кісілерді сыртынан суретке түсіріп алдым. Осындай жылы жүзді қауышу мен саулық сұрасқаннан соң Тұрекеңнің шын мәнінде Елбасының курстасы екендігіне, жақсы сыйласып, жиі кездесіп тұратындарына анық көзім жетті.

            Мен Тұрғанбек ағамен жақсы сыйластықта болдым. Тіпті, үлкен ұлы Талғатты үйлендіргенде және өзі зейнеткерлікке шыққанда той істегенінде екі тойына да асаба болып, өзім атқарып бердім.

            2003-жылдың қазан айының соңында Тұрекең телефон соғып, мені үйіне шақырды. Бардым. Тұрекеңнің көңіл күйі көтеріңкі. Елбасы Н.Назарбаевпен Днепродзержинскіде училищеде бірге оқығанда түскен суреттері жапсырылған фотоальбомды алдыма қойып: «Күні кеше курстасымыз Нұрсұлтанмен бірге оқыған 30 баланың дүниеден озған 9-нан басқа 21-іміз Шымкент қаласындағы «Кема» қонақ үйінің мейрамханасында бас қостық. Елбасы өзімен бірге Президент Әкімшілігі аппаратының жігіттері С.Қалмырзаев, Н.Әбіқаев және облыс әкімі Б.Жылқышиев пен оның орынбасары Ә.Бектаев, қала әкімі Ғ.Жұмжаевтарды алып келді. Ол ескі достармен ашық рәуіштегі әңгіме өткізді. Барлығымыздың хал-жағдайымызбен танысты. Бәрімізге өзінің қолы қойылған сағат пен соңғы кезде шыққан кітаптарын және қаржылай, заттай сыйлықтарын тапсырды. Сондай-ақ, қоштасар сәтте 5 сағаттық кездесуде түсірілген бір-бір бейнетаспаны табыстады, – деп, қуанышын менімен бөліскен Тұрекең бейнетаспаны үйіңе барып көрерсің деп беріп жіберді.

            Үйге келісімен бейнетаспаны көрдім. Дастархан басында барша курстастар Елбасы Нұрекеңді күтіп отыр. Нұрекең галстуксіз, достарына сәлем беріп кіріп келді. Бүгін бір президент емес, достарға ұқсап отырайықшы, – деген Елбасы. Дастарханға өзі асабалық жасады. Қарағанды қаласынан келген Рыспанбет Түлендиев, сайрамдық Сатыбалды Ибрагимов және біздің қазығұрттық Тұрғанбек Орынбаев ағаларымыз сөз сөйлейді. Тұрекең курстасы Нұрекеңе арнап екі шумақ өлең мен бір әзіл әңгіме айтып берді. Елбасы риза болып, Тұрекеңнің қолын қысты. Нұрекең де өз кезегінде қалжың әңгімелер айтып, бірге оқыған сол күндерін еске алып, өзі шығарған «Үш қоңыр» әнін айтты. Онан соң барлығы қосыла «Достар-достар», «Дедім-ай-ау», «Сәулем-сәулем» әндерін орындады. Достар әзіл әңгімелер мен ән айтып, би-биледі.

            Елбасының курстас достарымен түскен осы бейнетаспасын көргеннен соң, оған деген сенімім мен құрметім бұрынғыдан да нығая түсті.

            Менің Нұрсұлтан Әбішұлымен екінші рет кездесіп, қолын алуым араға он жыл салып, яғни, 2002-жылы Қазақстан журналистерінің І конгресінде Астанада бұрынғы Парламент үйінде болды. Иә, бұл конгреске Шымкенттен он шақты журналистер барғанбыз. Ол кезде орыс журналистикасы өз басымдығын жасап тұрған кез. Конгреске еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Үзіліс кезінде Елбасы залдың ішінде ортаға шығып журналистермен жеке-жеке қол алысып, танысып, естелік суреттерге түсті. Мен де осы кезде Елбасының қолын екінші рет алдым. Сонда Нұрекең бізбен танысып, аты-жөнімізді сұрағансып, «Әй, жазсаңдаршы дұрыстап, басып озсаңдаршы мыналарды, қашанғы мен шырылдай беремін», – деді. Сол кезде Нұрекеңнің ұлтжанды, қазақ тілі мен халқының, елдің жағдайына жаны ашып, қатты алаңдайтындығына тағы бір рет көзім жетіп, әсерлі ойға қалдым. Сондықтанда болар, наурыздың 19-ы күні сағат 19:00-де, 2019-жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің өкілеттілігін тоқтататындығын айтқанында көңілім бір түрлі алабұртып, көзіме еріксіз жас келді. Тіпті, алғашында түсім, не өңім екеніне түсіне алмай қалдым. Кейіннен есімді жиып, ойлана келе Нұрекеңнің нағыз ақылдылығына, көрегендігіне тағы да бір тәнті болдым.

        Иә, Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев – қазіргі Қазақстанның көркеюіне

ерен еңбек сіңірген тұлға. Елбасы еліміздің болашағына қатысты аса маңызды әрі тарихи мәлімдеме жасап, өзінің президенттік өкілеттігін тоқтататындығын айтқанын. Бұл – дәл осы кезеңде ел күтпеген, бірақ Қазақстанның даму стратегиясын алдағы бірнеше жылды есепке ала отырып анықтаған ұлы саясаткердің шешімі екендігін. Өйткені, тек елінің болашағын ойлайтын жауапкершілігі жоғары саясаткер ғана дәл, осындай шешім қабылдап, қадам жасай алады, – деген ойға қалдым.

            Елі сүйген, елін сүйген Елбасы Қазақстанды саяси тұрақты, бүкіл әлем таныған және құрметтейтін, заманауи, қарқынды дамып келе жатқан озық мемлекетке айналдыра білді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында біз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Алдымызда дамыған 30 елдің қатарына енуге нақты мақсаттар тұр. Жаңа астанамыздың бой көтеруінің өзі – Елбасымыздың ең басты ерліктерінің бірі. Небәрі 20 жылдың ішінде бас қаламыз тәуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына айналды. Астанамыз, шын мәнінде, өткеннің құндылықтарын көрсете отырып, күллі әлемге Қазақстанның жаңа бейнесін паш етті. Елбасының осындай қыруар еңбектерін ел болып бағалап, Парламенттің бірауыздан қабылдаған шешімі негізінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп атау туралы жарлыққа қол қойды. Өз басым бұл қадамды халықтың Қазақстанның Тұңғыш Президентіне көрсеткен құрметі деп білемін және оны толығымен қолдаймын.

            Елбасымыздың мерейі үстем болып, еліміздің даңқы арта берсін! Нұр-Сұлтан атауы астанамызды биіктерге асқақтата берсін! – деп тілеймін.

Райымбек АЙТУБАЙ,

Қазақстан журналистер Одағының мүшесі.