Дала сұлуы – қызғалдақты қорғай білейік!

Жұма, 12 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 191 рет

 

Түркістан облысы – табиғи байлығының сан алуандығымен ерекшеленетін, республикамыздың ең көрікті аймағының бірі. Облыс аумағында өсімдіктердің 3 мыңнан астам түрі өседі, оның ішінде 118 түрі – «Қызыл кітапқа» енген, сирек кездесетін және жойылу қауіпі бар өсімдіктер.

Соның бірі – Грейг қызғалдағы (Tulipa greigii). Грейг қызғалдағы табиғат – ананың жаңадан түлеп, құлпырған кезі көктемнің сәуір-мамыр айларында алқызыл гүлдерін ашып, мамыр-маусым айларында тұқымын шашады.

Грейг қызғалдағы – көпжылдық, тамыры пияз секілді, 3-5 жапырақты және жапырағының беткі жағында күлгін жолақтары бар, ал, төменгі жапырақтары үлкен (ені 15 см және ұзындығы 30 см дейін), гүлдерінің ұзындығы 5-10 см, қызыл түсті болып келеді.

Бұл қызғалдақ облысымыздың Қаратау, Қаржантау, Алатаумен шектесіп жатқан Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас, Бәйдібек аудандарының таулы өңірлерінде кездеседі. Түлкібас өңіріндегі орналасқан «Қызыл төбе» – бұл жергілікті маңызы бар табиғат ескерткіші. Бұл жерде көктемде төбешік құдды бір қызыл кілемге орангандай күйде болады. Осындай табиғаттың әсем бір кезеңін тамашалаудың орнына аямай басып-жаншып, қалауынша жұлып, табиғат заңдылықтарын бұзушы азаматтар да кездесіп жатады. Жылда сәуір-мамыр айында Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген осы қызғалдақтарды қорғауға Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары, Түркістан облыстық арнайы табиғат қорғау прокуратурасы, Түркістан облыстық ІІД табиғат қорғау полициясы қызметкерлері және облыстық БАҚ өкілдерімен бірлескен рейдтік бақылауларға шығады.

ҚР Конституциясының 6-бабына сәйкес өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және табиғи ресурстар мемлекеттік меншікке жатады.

«Қызыл кітапқа» енген әрбір өсімдікті жұлғаны үшін жауапқа тартылатынын көпшілік біле бермейді. Мәселен, кез келген адам қызғалдақты жұлу кезінде қолға түссе, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады және Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудан келтірілген залалдың мөлшерін есептеуге арналған базалық ставкаларды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-жылғы 31-мамырдағы №441 Қаулысының 3-бөлігіне сәйкес қызғалдақты зақымдаған жағдайда, оның 1 данасы үшін 0,5 АЕК көлемінде залал өндірілетіндігін ескертеміз.

Сондықтан, әрбір азамат қоршаған ортаны қорғауда, әсіресе, сирек кездесетін, құрып кету алдында тұрған табиғат байлығының ұқыпты қорғалуына, сақталуына үлес қосуы және жанашыр болуы – қоғам мен болашақ ұрпақ алдындағы борышы.

Жер-Ана, табиғат, орман, аң-құс яғни, қоршаған ортаның адам денсаулығы мен ұзақ өмір сүруіне әсері мол. Сондықтан, бұл әр адамды ойландыратын, толғандыратын мәселе болуы тиіс.

С.АРЫСБАЙ,

Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы-мемлекеттік инспекторы.

С.ӘЗІМБАЕВ,

Сайрам-Өгем МҰТП, Өгем филиалының бас орманшысы.