ЖЫЛЫ ЖҮРЕК – ЖОМАРТ ҚОЛ

Жұма, 12 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 68 рет

Тренинг

 

Қазығұрт аудандық Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мекемесінде ерекше оқытуды қажет ететін балалармен бірге 2-сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орай, балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, оларды кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулу мақсатында «Жылы жүрек – жомарт қол» атты іс-шара өтті.

Бүкіл әлемде 67 миллионнан астам аутизмге шалдыққан адам бар көрінеді. Дүние жүзінде 42 ер баланың бірі, 189 қыз баланың бірі аутизмнің спектрінде тұр екен. 2-сәуір – аутизм спектріндегі балалардың ата-аналары үшін ерекше күн. Қоғам «аутизм» дегенді естігенде оны бір ауру емес, ерекшелік ретінде қабылдағаны дұрыс. Өйткені, шын мәнінде аутизм спектріндегі балалардың бойында ерекше қасиеттер мен қабілеттердің барын жоққа шығара алмаймыз.

Алдымен іс-шараға қатысушыларға психологиялық тренинг өткізілді. Бір сәт тыныштыққа бөленген олар көздерін жұмып, назды саздың жетегінде жақсы қасиеттер мен істерді ойша елестетіп, мейірімділік пен ізгілікке, сүйіспеншілікке толы әлемге саяхат жасады.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мекемесінің меңгерушісі Айтбек Спатай сөзге шығып: «Қазақтың өзіне тән қасиетінің бірі – кең пейілділік, қонақжайлық болса, қандастарымыз мұқтаж жандарға жүрегінің жылуын, жомарттық қолын ұсынудан да еш тартынған емес. Жомарттық пен жақсылық жасау үшін адамның бай болуы шарт емес. Өзіңдегі барды өзгемен шын жүрегіңмен бөлісу – жақсы қасиеттің ең асылы. Ендеше, көп болып қолымыздан келген көмегімізді аямай, жақсылық жасауға асығайық. Бала сенімінің нық болуына қадам жасайық. «Қайырымы жоқ үйден без, жылуы жоқ үйден без» дегендей, балаларымыз үшін бүгінгі жылы лебіздеріңізді төгіп, қолдан келген жәрдемдеріңізді ұсынып, кең пейілділік танытуға келгендеріңізге үлкен ризашылығымызды білдіреміз», – деп, ата-аналар мен келген қонақтарға алғыс айтты.

Ерекше оқытуды қажет ететін балалар «Бақытты балалық шақ» тақырыбында сурет салудан сынға түсті. Олар өздерінің бойындағы ерекше қабілеттерін танытты. «Дені саудың – жаны сау» атты эстафеталық жарысы да өз деңгейінде өтіп, суретшілеріміз бен спортшыларымыз, байқау жеңімпаздары марапатталды.

Жұлдыз ҚАБЫЛБЕКОВА,

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің әдіскері.