Әз Наурыз мерекесін думандатып тойлады

Жұма, 12 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 171 рет

Рухани жаңғыру

 

Қай халық болмасын, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Сол халықпен салт-дәстүр бірге жасайды, оның тарихында өшпес із қалдырады. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрімізді ұмытпауымыз, санамызда мәңгі жаңғырығып тұруы үшін оны сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білуіміз қажет. Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында халықтық салт-дәстүрлердің кейінгі ұрпақты жан-жақты келбетті, мінезін көркем етіп өсіруде тәлім-тәрбиелік, білім танымдылық рөлі орасан зор екені сөз етілген. Балалардың білім деңгейін көтеріп, шығармашылық белсенділіктерін арттыратын осы жолымыз екінші жағынан ұлттық кодымызды айқындап, нық шегелей түседі. Күллі мұсылман жұртына ортақ жыл басы – әз Наурыз мерекесін қазақ халқы ғана емес, еліміздегі басқа ұлт өкілдері де жарқын жүзбен, шат-қуанышпен тойлауда. Бұл салт-дәстүр Оңтүстікте бастау алғанмен, ауа райы суықтау өңірлерде мамыр айына дейін жалғасын табады. «Болашақ» мектеп-гимназиясында «Кең болсын қазағымның керегесі, Құтты болсын Наурыз той мерекесі» тақырыбымен әз Наурыз мерекесі жоғары дәрежеде тойланды.

Мерекелік іс-шарада мектеп-гимназия директоры Жанат Нұрқұл, кәсіподақ ұйымының мүшесі Әбдірай Бердібаев және қамқоршылық кеңесінің мүшесі Қамбар Жантасов ұжым мен келген қонақтарды құттықтап сөз сөйледі.

Мерекеге жиналған қалың көпшілік қазақтың ұлттық Сәлем беру, Бата беру, Сырға салу, Беташар, Шілдехана, Бесікке салу, Тұсау кесу, Ашамайға мінгізу және Тілашар секілді түрлі салт-дәстүрлеріне байланысты сахналық көріністерді тамашалады.

Технология пәні әдістемелік бірлестігі Ашамайға мінгізуді көрсетті. Бұл – баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың бірі. 6-7 жасқа келген балаға арнап әсем ашамай істетіп, қамшы өріп, жеке тай атайды. Үйретілген жуас тайға ашамай ерттеп мінгізіп, «Сен енді азамат болдың» деген сенім ұялатып жүргізеді. Осындай сәтте ақ сақалды ата балаға бата береді. Содан соң оң қолына қамшы ұстатып, тайдың тізгінін өзіне беріп, аналар шашу жасап, ақ тілектерін білдіріп, Наурызкөже таратылады.

Ертеректе бабаларымыз ашамайға мінген балаларын көштің алдында салтанатпен жүргізген.

Әз Наурыз тойының соңы мерекелік ән-күй мен биге, әдемі концертке ұласты.

А.КЕНЕНБАЕВА,

Ф.ТЕЛЯПОВА,

«Болашақ» мектеп-гимназиясының технология пәнінің мұғалімдері.