БІЗДІҢ ЕҢ БИІК МҰРАТЫМЫЗ – БІЛІМДІ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

Жұма, 12 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 192 рет

Рухани жаңғыру

Баршамыз қызыға, жұмыла кіріссек,

ізгіліктің негізін қалар едік

Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Н. Ә. Назарбаев

 

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан  

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады». Осы сөзді бала кезімізде де жадымызға жиі құюшы еді. Міне, содан бері қаншама жылдар сусып өтсе де, бұл сөздің құны жоғалмай, маңызы арта түсті. Инновациялық технологиялар дәуірі білімнің ғана патшалық салтанат құрарын ұғындыруда. Ең үлкен капитал – білім. Барлық саланың бәсекеге қабілеттілігі осы білімге тіреледі. Қай саланың да қарыштап дамып, өркендеп өсуі білім мен ғылымның даму қарқынына тәуелді. Мұны «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ҚР Президенті Н. Назарбаев ерекше атап көрсетті: «Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атауды ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт.Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».

Аталмыш мақаланы жай ғана оқып, насихаттап, талқылап қою аз. Ең бастысы, ертеңгі табысты қоғам үшін бүгіннен білім беру мен тәрбиелеуде жаңа бағыт-бағдарлар, тың идеялар ұстануымыз керек. Рас, біз кешегі кеңестік кезеңдегі бір ғана орталықтан шешілетін, бір ғана орталықтан жоспарланған, артық нәрсе ойлауға мұрсат бермейтін, тек жалақы алып жүре беретін формацияның алаңсыз өмірінен дағдымызды, әдетімізді, көзқарасымызды әлі де толықтай арылта алған жоқпыз. Қоғамдық сана жаңа нарықтық формацияға да түбегейлі қалыптасып үлгермеді. Нарықтық қатынасқа негізделген экономикалық заманның заңдылығын енді-енді түсініп келе жатқандаймыз. Сондықтан, тез бейімделу, айналаны, алыс-жақынды болжау қасиетін қалыптастыру үшін ұстаздар қауымына да жүктелер міндет аз емес. Кеңестік білім саласының жетістігін жоққа шығара алмаймыз, бірақ қазіргі кезеңге лайық тың ізденіс керек екені және рас. Білім саласын қоғамның ең қуатты армиясына теңер едім. Ал, тәрбие – оның тұғырнамасы.

Біздің ең биік мұратымыз – келешегі кемел білімді ұрпақ тәрбиелеу. Бала бойына сапалы білім мен үлгілі тәрбиені сіңіру –басты мақсатымыз деп білемін. Сондықтан, шәкірт бойына жақсы нәрсе сіңіру үшін үнемі әдістемелік ізденіс үстінде жүреміз. Жас жеткіншек санасы мектеп қабырғасында қалай қалыптасса, ертең еліне солай қызмет ететін болады. Мұны айтқан себебім, білім беру, тәрбие мәселесінде озық іс-тәжірибелер басылым беттерінде көбірек жазылса деймін. Сонда біздің де аларымыз аз болмас еді. Елбасының рухани жаңғыру мақаласы бағыт-бағдар беріп тұрғанда, баршамыз қызыға, жұмыла кіріссек, ізгіліктің негізін қалар едік.

Маржан ЕРЕСҚҰЛОВА,

«Майбұлақ» жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.