«Мерейлі отбасы-2019» ұлттық конкурсы

Жұма, 12 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 47 рет

 

1. Жалпы ережелер

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы (бұдан әрі – конкурс) өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.

           Конкурс жылдың басында жарияланады және "Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына сәйкес Отбасы күніне орай қорытындыланады..

Конкурсты өткізудің мақсаттары:

1) отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану;

2)ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру;

3)отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу және кеңінен насихаттау;

4) қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.

Конкурсқа отбасылар (бұдан әрі – үміткерлер) қатысады. Конкурс Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында ашық нысанда өткізіледі.

Конкурстың жеңімпаз отбасы жалпыға ортақ интерактивті дауыс беру негізінде айқындалады.

Конкурсқа қатысуға мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері жоғары отбасылар жіберіледі.

Мыналар:

1)қызметі Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін (кірген) мүшелері бар;

2)бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды.

2. Конкурсты ұйымдастыру тәртібі

Конкурсқа қатысуға аудандық комиссияға жыл сайын конкурстың басталғаны туралы көпшілікке жариялаған күннен бастап бір ай ішінде мынадай құжаттармен бірге беріледі:

1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;

2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін – жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;

3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);

4)  ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі – бар болса;

5) балаларды тәрбиелегені үшін алған көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін алған көтермелеулердің бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

6) балалардың, ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жұмыс (оқу) орнынан анықтамалар және мінездемелер;

7) ұсынымдар (әріптестерінің, көршілерінің, достарының);

8) отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері.

Ұсынылатын құжаттардың көшірмелерін үміткерлер ұсынған түпнұсқалар негізінде аудандық комиссияның төрағасы куәландырады.

Құжаттарды   көрсетілген   мерзімнен   кейін   ұсынған   үміткерлер конкурсқа қатысуға жіберілмейді.

Аудандық комиссияға ұсынылған құжаттар қайтарылмайды.

               Конкурсқа қатысушыларды іріктеуді аудан әкімі басқаратын конкурстық комиссия жүзеге асырады. Аудандық комиссия 12 мамыр күніне дейін құжаттар қабылдайды.

Аудандық конкурстан жеңімпаз атанған 4 отбасының материалдары 16 мамырға дейін облыстың басқармаға жіберіледі.

Материалдарды қарағаннан кейін комиссия төрағасы – аудан әкімі конкурс жеңімпаздарын айқындау үшін 14 мамырға дейін комиссия отырысын өткізеді және Хаттамалық шешіммен 4 жеңімпазды бекітеді.

Екі жұмыс күні ішінде төрт қатысушының (жанұяның) құжаттарын, өздерінің аудан әкімімен келісілген шешімін облыстық комиссияға жолдайды.

Облыстық деңгейдегі конкурстық комиссия ауданнан ұсынылған 4 үміткерден конкурстың облыстық турына 2 қатысушыны белгілейді. Облыстық комиссия төрағасы – облыс әкімі оны тиісті Хаттамалық шешіммен бекітеді.

Облыстық және аудандық комиссиялар үздік отбасыларды айқындау туралы шешім қабылдау кезінде мынадай критерийлерді басшылыққа алады:

1) отбасы мүшелері жетістіктерінің саны мен маңызы (отбасы тарихы – визит карточкасы – таныстыру рәсімі);

2) отбасылық дәстүрлер және жәдігерлер;

3) отбасының рухани-адамгершілік құндылықтары;

4) балаларының жетістіктері;

5) ата-аналарының үлгі тұтарлықтай жетістіктері;

6) отбасы құрамы (отбасы мүшелерінің саны – бір аумақта бірге тұрып жатқан бірнеше ұрпақтың өкілдері);

7) отбасының дарындары;

8) отбасының өмір сүру салты (саламатты өмір салты, бос уақыты және т.б.);

9) отбасының қоғамдағы беделі.

«Мерейлі отбасы-2019» ұлттық конкурсына қатысушылар құжаттарын Қазығұрт аудандық ішкі саясат бөліміне тапсыруы тиіс.

Анықтама телефоны.: 2-25-83, 8705-485-27-66.

«Мерейлі отбасы-2019» ұлттық конкурсының аудандық комиссиясы