БАР ҒҰМЫРЫН ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ АРНАҒАН

Сейсенбі, 23 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 276 рет

Жігерген ауылы округінің «Дихан» жалпы орта мектебіндегі биология кабинетіне бұрынғы Қаратас (осы күнгі Қазығұрт) ауданына қарасты Жұма (қазіргі Дихан) елдімекенінің тумасы, белгілі ғалым, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің құрметті профессоры, ҚР білім беру ісінің үздігі, ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Рысбай Сәтімбекұлының (1940-2017) есімі берілді.

 

Іс-шараны «Дихан» жалпы орта мектебі директорының міндетін атқарушы Гүлдариға Жүнісова жүргізді. Еңбек ардагері Төрехан Бабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Өмірзақ Мұстафаев, аудандық білім бөлімінің биология және химия пәндері бойынша әдіскері Сейсекүл Бердібаева, С.Рақымов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Сайын Ахаев, Р.Сәтімбекұлының жұбайы, педагогика ғылымдарының кандидаты, ғалым Мәлипа Сансызбайқызы сөзге шығып, Рысбай ағаның жақсы қасиеттері туралы естеліктер айтты. Ө.Мұстафаев ауданымыздың 85 және 90 жылдық мерейтойларында жарық көрген кітаптарды биология кабинетінің меңгерушісі Ақмаржан Жақыпбековаға тарту етсе, С.Ахаев кабинетті жабдықтауға атсалысқан Рысбай ағаның бауыры Қылышбай Сәтімбекұлына «Қазығұрт ауданына 90 жыл» медалін табыстады. Әлеуметтік педагог Ауамүсілім Ақбердиев әрі ғалым, әрі ақын ағаның қысқаша өмірбаянымен таныстырды. Жоғарғы сынып оқушылары өлеңмен өрнектелген, туған жерге және отбасы құндылығына арналған шығармаларын жатқа орындады. Еңбек ардагерлері Р.Сәтімбекұлы атындағы биология кабинетінің лентасын қию құрметіне ие болды.
Р.Сәтімбеков Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының география және биология мамандығын үздік бітіріп, кейін аспирантурасында оқыған. 1968-жылдан бастап Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде тапжылмай 49 жылға таяу уақыт ұстаздық қызмет атқарған. Ол 1992-жылы 3-маусымда білім беру ісінің үздігі, 1993-жылы 15-шілдеде доцент атағын алса, 2004-жылы 21-қазанда Ы.Алтынсарин атындағы төс белгісімен марапатталған. 2010-жылы 7-сәуірде профессор, ал, 13-қыркүйекте «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болған.
Р.Сәтімбеков 1997-2007 жылдар аралығында Республикамызда тұңғыш рет жарық көрген он томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының редколлегия мүшесі болып, 294 тақырыпта мақала жазған. Ол мектептерге арналған биология пәндері бойынша (7-8-9-11 сыныптарына арналған) төл және жаңа буын оқулықтарының авторларының бірі.
Іс-шарада ғалым, ақынды еске алушылар оның өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарағанын, жан-жақты шығармашылықпен жұмыс атқарғанын, адамгершілік қасиеті мол, шәкірттеріне қамқорлығын аямаған парасаттылық пен биік талғам иесі болғанын сөз етті. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздың ерен еңбегін кейінгі жастарымызға қалай үлгі етсек те жарасады.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.