ТАРИХПЕН ТАМЫРЛАСҚАН ТҰЛА БОЙЫ

Сейсенбі, 30 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 207 рет

Қазақтың көне шежіресін жинау, оны жан-жақты зерделей білу және ауызша әңгімелердің тарихи дерек көздерімен жақындығын, ақиқат шындығын пайымдау – қасиетті іс. Ол кез келген пенденің тірлігі емес, оған ең әуелі қызығушылық пен дарын қажет, екінші, талмай еңбектенуге күш-жігер мен шыдамдылық керек, үшінші, деректемелерді талдауға, таратуға, жан-жақты қарастыруға бойында сирек кездесетін сәуе мен қасиет болуы шарт. Міне, осылардың барлығы Қазығұрт ауданындағы Атбұлақ ауылының тумасы, ҚР Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі һәм сыйлықтарының иегері, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы бойынша 2007-жылдың үздік жазушысы, шежіреші, қаламгер Момбек Әбдәкімұлының бойынан табылады.

 222222222

Түптеп келгенде, негізінен қолынан жазу келетін шығармашыл жандардың барлығы шежіреші бола бермейді. Тарихты жан-жақты игерген қаламгерлердің бәрі де тарихшы атын иемдене алмайды. Шежірені де, тарихты да туған жерімен, ауданымен, облысымен және қазақ елімен байланыс­тыра біліп, қисынын тауып, дерек мағлұматтарды тірілтіп, жан бітірсе, жандандыра алса, жаңғырта білсе, міне, сол тарихшының ойы озық болады. Осы жағынан «Естемес би», «Зобалаң», «Дүрбелең» және «Күн тұтылған мезгіл» сынды бірқатар тарихи деректі романдардың авторы Момбек Әбдәкім сәтті жолын тапқан дарынды қаламгер.
Қазығұрт ауданы орталығындағы мәдениет сарайында қаламгер Момбек Әбдәкімұлының 60 жылдығына орай «Тарихпен тамырласқан тұла бойы» атты шығармашылық кеші өтті. Оны ҚР Журналистер одағының мүшесі Райымбек Айтубай жүргізіп, қаламгердің өмірбаяны мен шығармашылық жолын таныстырды. Аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров, ҚР Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Захариддин Қыстаубаев, еңбек ардагерлері Мәделі Сәтбаев, Құттыбек Жұмашев және ардагер тілші Оразғали Мошқал сөзге шығып, қаламгердің еңбектерін жоғары дәрежеде бағалады және алдағы уақытта бұдан да құнды дүниелер жазуына тілек білдірді. Аудандық мәслихат хатшысы Ө.Көпеев иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Шығармашылық кеш иесі сөзге шығып, өзінің бала кезінен шежіреге қызыққанын, оған Ақпан батырдың үрім ұрпағы, шежіреші Көпжасар Мәденұлының және мектеп қабырғасындағы ұстазы Көмек Назаровтың игі ықпалы болғанын, қаламгерлерден Ілияс Есенберлин мен Мұхтар Мағауинді өзіне үлгі тұтатынын, тарихи тақырыпқа қалам тарту үлкен жауапты іс екенін, бір дерек мағлұматты беру үшін кейде үш-төрт кітапқа жүгіне отырып беретінін, шын мәнінде қазақтың ұлттық рухын көтеру үшін аянбай маңдай терін төгетінін жеткізді, әңгімесін осылай түйіндеді. Кештің еркін форматта сұрақ-жауаппен өтуін қалайтынын айтты.
Шынында да кеш еркін түрде өтті. Әсіресе, залдағы оқырмандар «Сүлеймен қарақшы» кітабына қызығып, соған байланысты сұрақтарды көбірек қойды. Қаламгер барлығына нақты жауап берді.
Шығармашылық кеште әншілер Мейрамкүл Тантабаева «Елге сапар», Нұрхан Байтұрсынов пен Жания Өктемова «Айналдым елім», әншілер тобы «Түркістан» әнін нәшіне келтіре орындап, сәнін келтірді.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ,
Қазығұрт ауыл округі.