Шарбұлақта мешіт пайдалануға берілді

Сейсенбі, 30 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 217 рет

Жуырда Шарбұлақ ауылында «Шарбұлақ» орталық мешіті ел игілігіне пайдалануға берілді.  Ашылу салтанатында ауданымыздың төбе биі Иса Телікбаев сөз алып: «Біздер бүгін мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені – зәулім мешіттің ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз. Күмбезі ұзақтан көз тартатын мешіттер қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатыны белгілі. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын», – деп ақ батасын берді.

 58384178 2297043080571742 5355991627347263488 n 2

Мұнан соң, Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабекқажы Ақтамберді құран бағыштап, мешіттің ашылуымен ауыл азаматтарын құттықтап: «Алла тағаланың жердегі үйінің ашылу салтанаты құтты болсын! Бұл мешіт тарихи кезеңде ашылып отыр. Алдымызда қасиетті Рамазан айы, Президент сайлауы келе жатыр. Болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел» етуді мұрат қылдық. Бұл – бізге Исламның нұсқаған жолы, еліміздің даму бағдары да осы. Бұл мешітте тек қана намаз оқып, азан шақырудан бөлек, ақсақалдар жиналған кезде жастар тәрбиесі де назардан тыс қалдырмау керек», – деп атап өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында еліне, туған жеріне жанашыр азаматтарды тарту жөнінде дөп айтылған. Осынау бастамаға ауыл азаматтарын тартып, демеушілік танытуда ауыл әкімі Е.Исақұловтың үлесі бар.
«Жақсылық жасап жатқандай көрінбе, жақсылық жаса, бірақ, көрінбе», – деп дана халқымыз айтып кеткендей, мешіттің басы-қасында жүріп, маңдай терін төккен, демеушілік танытқан барша жандарға ауыл тұрғындары дән риза.
Ал, «Шарбұлақ» орталық мешітінің имамы болып Бауыржан­ Қалдықараев бекітілді.
Ғазиза ҚОЙЛЫБАЕВА,
Шарбұлақ ауыл округі.