Білім ошағы Әбдікәрім Бектаевтың есімімен аталады

Сейсенбі, 30 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 210 рет

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Н.НАЗАРБАЕВ

 333333

Бұған дейін «Жаңаталап» жалпы орта мектебі аталған білім ошағы енді, осы ауылда дүниеге келіп, өсіп-өніп, адал еңбегінің арқасында Төлеби, Қазығұрт аудандарының «Құрметті азаматы» атанған, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерінің және «Ерен еңбегі үшін» медалі мен бірнеше төсбелгі иегері Әбдікәрім Бектаевтың есімімен аталатын болды.
Облыс әкімі және облыстық мәслихаттың шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019-жылғы 4-сәуірдегі № 158 қаулысына сәйкес «Жаңаталап» жалпы орта білім беретін мектебін Әбдікәрім Бектаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп болып қайта аталсын делінген тұғын. Аталмыш білім ордасы қайта жөндеуден өтіп, мектептің кере берісінде Ә.Бектаевтың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Оған аудандық мәслихат депутаттары мен бөлім басшылары, ардагерлер мен ауыл қариялары, Әбдікәрім Бектаевтың сыныптастары мен Бектаевтардан тараған ұл-қыздары, ұрпақтары қатысты.
Әбдікәрім Бектаевтың ескерткішін облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Мелдеханов, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Оңалбай Аяшев және аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қазығұрт және Төлеби аудандарының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері Аманбай Омаров салтанатты түрде ашты.
Қазақстанның «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Түркістан қаласының және Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы» Әли Бектаев сөз алып, әкесі жайлы керемет есте қалған естеліктерімен бөлісті.
Әбдікәрім Бектаевтың бейнесін қашап, тасқа түсірген мүсіншіге, аудан әкімінің орынбасары Тайбек Қалымбетовке және еңбегі сіңген азаматтарға «Алғыс хат» пен сый-сияпат табыс етті.
Іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетіп, қуанышты көңіл күй сыйлады.