Көршілерімізбен тату тұрамыз, олар өте ақ көңіл жандар

Сейсенбі, 30 Сәуір 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 305 рет

Қонақжайлық – қазақ халқының ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы. Қонақты сыйлау, құрметтеу, қонаққа ілтипат көрсету − зор жауапкершілік. Тіпті, соғыс жылдары кезінде де қаншама отбасы жағдайының мүшкілдігіне қарамастан өзге ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алды, жергілікті ортаға тез сіңісіп кетуге жәрдемдесті. Осы жайлардан-ақ қазақ халқы әлемдегі ең қонақжай ел екенін аңғарамыз.

 5555555

Бүгінгі кейіпкеріміз де осындай қонақжайлық қасиетке ие Агаевтар отбасы. Жиырма бес жылдан бері сүт өнімдерін соның ішінде құрт, ірімшік, қаймақ сататын Аня (шын есімі Захо) Агаеваны көпшілікке таныстырып жатудың қажеті болмас. Захо Магамедқызы 1959-жылы Кентау қаласында көп балалы отбасыда дүниеге келген. Отбасында 5 ұл, 1 әпкесі бар. 1976-жылы жолдасы Салман Агаевқа тұрмысқа шығып, үш баланың ата-анасы атанды. Үлкен ұлы Уваис – Астана қаласында, ал ортаншы ұлы Абдурашид пен кішісі Умар Атырау қаласында жұмыс істейді.
«Тұңғыш немерем Зоһират – 3-сыныпта оқиды. Мұнан өзге Хава, Наида, Тамерлан, Мариям есімді немерелерім бар. Әрқайсы өз алдына бір төбе. Жұмыстан шаршап барғанда, алдыңнан апалап жүгіргенде шаршағаныңды ұмытып кетесің, – дейді Аня апай көз қуаныштарын мейірлене айналып.
«Жалпы шешен халқының салт-дәстүрі кез-келген мұсылман халықтардың дәстүріндей өзіндік ерекше. Ең басты дәстүр – еркіндік. Екінші – шешендердің жомарттығын қоюға болады. Шешендер – қонақжайлықты өздерінде де, басқа адамдардың бойында да құрметтейді. Әйел адамдарға, қарт адамдарға ерекше сый-құрмет көрсетіледі. Отбасы салтында ұл бала әкесінің кез келген өтінішін орындауға тиісті. Тіпті, отқа түсуге дайын болуы керек. Шешенше Яхь – бұл қайырымдылық, мейірбандық жарысы. Бұл үнемі алдыңғы қатарда болу дегенді білдіреді. «Мейірбан, қайырымды ер азаматқа барлық жерде есік ашық». «Яхь йолуш кант» (қайырымды, мейірбан азамат) – бұл біздің батырлар деп айтқан. Қазіргі кезде яхь ұлттық салт-дәстүрін ұстану дегенді білдіреді. Әр ұлттың өзіндік ұстанатын салт-дәстүрі бар. Бәріміз де мұсылман болғандықтан бізбенен сіздерде де ұқсас дәстүрлер кездеседі, – дейді Аня апай қазақ ұлтымен ұқсастықты саралап.
«Бала күнімізден қазақтардың арасында өстік. Туғанымыздай араласып кеттік. Сен анандайсың, мынадайсың деп ұлтқа бөлінбедік. Орыс, қазақ, шешен, тіпті ұйғыр, ингуш ұлтының өкілдерімен араластық. Әкем Магамед пен анам Заһират өте қарапайым, көпшіл жандар еді. Ешқашан еңбектен қашпаңдар деп отыратын. Тазалыққа, адалдыққа, еңбекке ерте араластырып өсірді. Бүгінде сол ата-анамыздан алған тәрбиенің арқасында елдің алды да, соңы да болмай жүрген жайымыз бар. Жолдасым Салман Агаев мал шаруашылығымен айналысады. Ұлдардың барлығы сыртта жүрген соң барлық шаруа сол кісінің мойнында. Осыған да шүкір. Жас келді деп қарап отырмастан қолдан келгенше жәрдемдесіп отырмыз. Күллі қазақстандықтарды, қазығұрттықтарды осынау ынтымаққа, бірлікке, татулыққа үндейтін мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді. Қазақстан – күн санап өсіп, көркейіп, экономикамыз даму үстінде. Бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт тату-тәтті өмір сүруде. Осының өзі үлкен бақыт деп білемін. Күні кешегі Президент Үндеуі, алда келе жатқан Президент сайлауы осының бәрі елдің болашағы үшін жасалып жатқан сәтті қадам деп білемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» – деді А.Агаева әңгімесін аяқтап.
Ғазиза ҚОЙЛЫБАЕВА.