ЕРТЕҢІМІЗ АЙҚЫН

Жұма, 24 Мамыр 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 159 рет

Өткенде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9-маусым күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауы туралы Жарлықты жариялаған сәтте-ақ, біздер еліміздің болашағының ілгері жылжитынына зор сенімде болдық. Солай болады да. Өйткені, Елбасымыздың 30 жыл мерзім аралығындағы басшылығы арқасында еліміз барша әлемге танымал, ықпалды және беделді мемлекетке айналды. Әрбір қазақстандық сияқты біз осы жетістіктеріміздің, көтерілген биіктеріміздің мәңгілік болғанын қалаймыз. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда осы ұстанған бағыттан жаңылмау – біздің міндетіміз. Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері кез келген ортада өздерінің насихаттық түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді.
Ел болған соң алдағы Президенттік сайлауға қатысты сан алуан пікірлер айтылады. Осы бағытта мемлекеттің әлем алдындағы беделі мен еңселі экономикасы жайлы, қазақ руханиятындағы оқиғаларды нақышына келтіре баяндалуда.
Сайлаудың барысында біздің ішкі шаруаларымызға үлкен мемлекеттердің килігуі инвестициялық және бизнестік ахуалға әсері, билік пен мемлекеттік аппараттың бірлігі және елдегі партиялық саяси жағдайға оң ықпалын тигізетінін саясаттанушылар айтатынын да ұмытпауымыз керек.
Заң аясында Президенттіктен үміткерлер анықталды. Үгіт-насихат жұмыстары басталып та кетті. Ауданымызда жұмыс істейтін кандидаттардың штабтары, сенімді өкілдері белгілі болды. Енді әрбіріміз кандидаттардың бағдарламаларымен танысып, еліміздің болашағына пайда үлесі басымдау кандидатты таңдау. Өзге азаматтардың да дұрыс таңдау жасауына ықпал еткеніміз жөн. Сонда ғана әр азаматтың өз құқығын пайдалануына барынша жағдай жасауға атсалыса аламыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуінде «Мен мемлекет басшысы ретінде сайлаудың таза, ашық, әрі әділ өтуіне кепілдік беремін, бұл – менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни сіздерге сенемін» делінген болатын. Бүгінгідей жарқын кезеңдерде келетін еліміз алдағы сайлаудан мол үміт, зор болашақ күтеді. Оған біздің сеніміміз мол.

Құттыбек ЖҰМАШОВ,
Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер.