Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

Жұма, 31 Мамыр 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 227 рет

 

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.

Шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері шектеулі, күнкөрісі төмен адамдарға (немесе отбасыларға) көрсетіледі.

Шартты ақшалай көмек – өз құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (немесе мүшелері) бар, табысы аз отбасыларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетіледі.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адам немесе отбасы ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық округ әкіміне жүгінеді.

Өтініш қабылданғаннан кейін оның материалдық жағдайына учаскелік комиссия тексеру жүргізеді және сол нәтижелері бойынша қорытынды дайындап, жұмыспен қамту орталығына жібереді.

Жұмыспен қамту орталығы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009-жылғы 28-шілдедегі №237-ө бұйрығымен бекітілген«Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек алуға үмiткер адамның (немесе отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына» сәйкес, оның жиынтық табысын есептейді. Есептi кезеңде алынған табыстың барлық түрлерi ескеріледі. Олар: еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер түрі; жеке қосалқы шаруашылықтан, кәсiпкерлiк қызметтен, жылжымайтын мүлiктi және көлiк құралдарын жалға беруден және сатудан түсетiн табыстар; бағалы қағаздардан, жылжымайтын мүлiктi, көлiк құралдарын және басқа да мүлікті сыйға тарту, мұрагерлiкке алу түрiнде алынған табыстар; ақша салымдары және депозиттер бойынша сыйақылар ақшалай аударымдар және белгіленген тәртіппен тағайындалатын зейнетақылардың барлық түрлері, оларға өтемақы төлемдері; мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар; бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланыстымемлекеттік жәрдемақылар; үйде оқитын мүгедек балаларды оқыту шығындарын өтеу; мүгедек баланы (немесе балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақылар және т.б.

Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде құрамында бірге тұратын, ортақ шаруашылықты жүргізетін және тұрғылықты жері бойынша бір елді мекен төңірегінде тіркелген отбасының барлық мүшелерінің табысы есептеледі.

Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы, есептеу кезеңіндегi отбасының жиынтық табысын көрсетiлген кезеңдегi айлардың санына және отбасы мүшелерiнiң санына бөлу жолымен есептеледi. 1-сәуірге бұл сомма бір отбасы мүшесіне 20789 теңгені құрады. Яғни отбасындағы әрбір мүшеге бөлінгендегі табыс 20789 теңгеден аспауы тиіс. Сонда ғана атаулы әлеуметтік көмек төленеді.

Р.КЕРІМҚҰЛОВА,

Қазығұрт ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры