ЕЛДІГІМІЗДІҢ БІРЕГЕЙ НЫШАНДАРЫ

Жұма, 31 Мамыр 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 121 рет

 

Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – барлық қазақстандықтардың азаматтық парызы екені анық. Біз елдігімізді танытатын нышандарды құрметтеу мен қастерлеу арқылы мемлекетімізге деген ізгі ниетіміз бен шын ықыласымызды білдіреміз. ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – біздің еліміздің, тәуелсіздігіміздің бөлінбейтін бір бөлігі. Олар – Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын бейнелейді», – деген болатын. Ту, Елтаңба және Әнұран – елдігіміздің бірегей нышандары. Бұл мемлекеттік рәміздер еліміздің тәуелсіздігін білдірумен қатар, қазақстандықтарды елдікке шақыратын, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін, жүректегі патриоттық сезімді оятатын, Отанымызды, жерімізді сүюге жетелейтін, жас ұрпақты ерлік дәстүрлер мен сабақтастық рухында тәрбиелеуге жұмылдыратын айшықты белгілеріміз болып саналады. Еркіндігіміздің Көк Туы көкте желбіреп, Елтаңбамыз төрде орнығып, Әнұранымыз шырқала орындалғанда, селт етпейтін көңіл, толқымайтын жан болмас. Қазақстанда жасайтын әрбір азамат ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап кеткен қазіргі елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге, дербес саяси және экономикалық даму жолына нық қадам басқанымызға шүкіршілік етеді.

Көк байрақ – тұғырымыз болып саналады. Әнұран – күш-жігеріміз бен мол қайратымызды танытады. Елтаңбамыз – өзге ел мен жұртқа деген айбатымыз. Осы ошақтың үш бұтындай болған қасиетті ұғымдар, ұлттық құндылықтар – әрбір қазақстандықтың санасынан шықпағаны ләзім.

Мемлекеттік рәміздер өзінің болмысымен, мазмұнымен әрбір азаматтың туған еліне деген отаншылдық, патриоттық рухын асқақтатады. Елдігімізді танытатын нышандардың әр жүректе өз Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруда, ел тәуелсіздігін нығайтуда алар орны ерекше.

Скандар МҰСАҚҰЛОВ,

М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің директоры.