ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ПАШ ЕТКЕН

Жұма, 31 Мамыр 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 117 рет

 

Қандай ел болмасын өз мемлекетінің рәміздерімен мақтанады. Біздің Көк Туымыздың авторы – Шәкен Ниязбеков. Күн – жарқын болашақтың, күннен тараған әр шапағат, шуақ – молшылық пен аманшылықтың белгісі. Дала қыраны – кеңдік пен зеректікті білдіреді. Ұлттық оюлар – қазақылықтың бірден-бір көрінісі. Ұлы Дала елінің азаматтары үшін бұл азаттыққа, еркіндікке, тәуелсіздікке, биікке, болашаққа ұмтылудың белгісі болып саналады.

Елтаңбамыздың авторы – Ж.Мәлібеков пен Ш.Уәлиханов. Шаңырақ – қазақ ұғымындағы ең қасиетті де қадірлі символ. Бір шаңырақтың астында бірнеше ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қанатты қос пырақ – қазақ санасындағы ертеден келе жатқан қиял. Бір жағынан, бұл еркіндік пен егемендікті паш етіп тұрғандай. Оның жоғары жағынан орын алған жұлдыздың да өзіне тән кең ұғымы бар.

Әнұранды әрбір қазақстандық жатқа білуі тиіс. Сөзін жазған Ж.Нәжімеденов пен ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев. Әнін жазған Шәмші Қалдаяқов. Туған еліміздің бар тарихынан, болмысынан көрініс беретін бұл әннің сөзі мен сазы өте әдемі үйлесім тауып, әр азаматымыздың кеуде кернеп айтатын әнұранына айналғаны зор мақтаныш.

Мемлекеттік рәміздер мен Отан егіз ұғым. Бұл екеуі әр азаматтың жадында жүрер болса, онда олардың рухы да асқақ болмақ. Ал, рухы мықты елдің алар асулары әрқашанда жоғары болатыны сөзсіз.

Елдігімізді танытатын нышандарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің негізгі әдістеріне айналдыру мәселесін бірнеше бағытта қарастырған мақұл. Атап айтқанда, шығу тарихына қызығушылық, құрмет және мақтаныш сезімдерін орнықтыру арқылы қазақстандықтарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу жұмыстарының жүйелілік сипат алуын күшейту керек.

Фируза ГАЮБОВА,

«Қызылсеңгір» жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.