Рухани жаңғыру – сананы жаңғырту деген сөз

Жұма, 14 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 332 рет

 

Рухани жағыру тақырыбы қай кезде де күн тәртібінен түспек емес. Қайта біз бұл тақырыптың өзін жаңғырта түсуіміз қажет.

Рухани жаңғыру – біздің ұлттық идеологиямызға айналуы тиіс. Әлемдегі ең мықты мемлекеттерді алып қарасаңыз, барлық жетістігі алдымен идеологиясына келіп тіреледі. Өйткені, сана қоғамды басқарады, адамның мақсаты санаға байланысты. Рухани жаңғыру – бұл сананы жаңғырту деген сөз. Елбасының да мақсаты – Ұлы дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен арылту болатын.

Ұлттық код, Ұлттық мәдениет туралы айтқанда, мұны ұлттың мәңгілік ұстыны ретінде ұстануға шақырды.

      Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек, – деген Нұрсұлтан Әбішұлы сананың ашықтығын, яғни, әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу керектігін нақтылады.

Сананың ашықтығы... әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу... Құрметті оқырман, тарихқа зерделей қарасақ, мұны Ұлы Абай да, бергісі алаш арыстары да айтып кетті емес пе? Қаймана қазақтың болашақ қамы үшін кезінде жанын қоярға жер таппаған, басын қатерге тіккен ұлы арыстарымыздың арман-мұңын бүгін жүзеге асыра алмасақ, бізге сын. Алдымен, қоғамда алуан пікір тудырып жатқан көп тілділік мәселесіне тоқталайықшы. Негізінде қоғам үш тілділікке қарсы емес, бәлкім үш тілділіктің бел қайыстырар бағдарламаларына қарсы шығар? Мүмкін балабақшадан, бастауыш сыныптан бастап оқытпау керек дейтін шығар. Расында, мұның бәрін ескеру керек. Бірақ, қалай болғанда да, әлемдік қауымдастыққа кірігу үшін, озық технологиялардан артта қалмау үшін, ғылым-білімімізді дамыта түсу үшін азаматтарымыз қабілет-қарымына, мақсат-мұратына қарай шет тілдерді толықтай меңгергені абзал. Осындай жастарды тәрбиелеп өсірсек, еліміз үшін үлкен капитал болар еді. Бұл орайда білім саласының көтерер жүгі мен жауапкершілігі өте үлкен.

Ақтоты НИЯЗОВА,

Ы.Алтынсарин атындағы жанында интернаты бар жалпы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі.