Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам...

Жұма, 14 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 193 рет

 

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын жоба біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарынан бастауымыз керек», деген болатын. «Мәңгілік ел» болып қалыптасу – жарқын болашаққа бастар жол болса, латын әліпбиіне көшууақыт талабы.

Латын – әлем өркениеті мен техникалық прогрестің әліпбиі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғырлы байлығы – жері, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деп айтып кеткен. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Біздің еліміз латын қарпін іс-қағаз құжаттарында, әдебиет, мәдениет және басқа да барлық салаларда 1929-1940 жылдары пайдаланылғаны тарихтан белгілі.

Латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға тайға таңба басқандай белгілі. Қазақ тіл білімі тарихында 1929-жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Содан 1940-жылға дейін латын әліпбиі қолданыста болған еді.

Ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: біріншіараб әліпбиі (1929 ж. дейін), екіншілатын әліпбиі (1929-1940 жж.), үшіншісікириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940 жылдардан бүгінге дейінгі қазіргі әліпбиіміз).

Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Көптеген ғалымдардың пікірін ескеретін болсақ, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазамыз.

Біздің бейбіт және көпұлтты Қазақстанымызда мемлекеттік тілді өркендету үшін латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру көрінісі болмақ. Сол арқылы бабалар мұрасын сақтап, дамыған отыз елдің қатарына ену үшін жаңа көкжиекке жол ашамыз. Тіл адам санасына бағыт береді, оның өмірлік тәжірибесін қалыптастырады. Латын әліпбиіне көшу арқылы әлемдік ғылымның, инновациялық және ғылыми-техникалық прогрестің игілігін еркін меңгеруге ықпал ететін болады, сол себепті барлық қазақстандықтар ұрпақ болашағы үшін осы реформаны қолдауы керек.

Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Латын әліпбиіне көшуқазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздің дыбыстық жүйелерін нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан біз үшін, болашақ еліміз үшін әлдеқайда маңыздырақ.

Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшуұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты»,деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда. Ендігі кезекте, еліміздің Тұңғыш Президенті атап өткендей, ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету, жақсыны үйренбекке ұмтылу жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті болмақ.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көзқорқақ, қолбатыр», деп дана халқымыз айтқандай, екі қолды сыбанып нық қадаммен алға басайық!

Құндыз ҚАҢЛЫБАЕВА,

тілдерді оқыту және дамыту орталығының қазақ тілі оқытушысы.