Мемлекет басшысы V «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуына қатысты

Жұма, 21 Маусым 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 364 рет

 

Қазақстан Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық жиынға қатысушыларды құттықтап, өткізіліп отырған іс-шараның ерекше маңызын атап өтті. Сондай-ақ, бұл жиынның еліміздің ең сенімді, жауапты, отаншыл әрі батыл жастарының басын қосып отырғанын айтты.

– Біз Тәуелсіз еліміздің айбынды жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз. Жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны – отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жастарды қолдауға және олардың мүмкіндіктерін жүзеге асыруына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін атап өтіп, жастар дамудың символы және жарқын болашаққа деген үміттің көрінісі екеніне назар аударды. Сондықтан, Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп атағаны кездейсоқ еместігін айтты.

– Жастар ел өміріне белсенді араласып, азаматтық қоғамның дамуына және елімізді табысты жаңғыртуға септігін тигізуде. Елімізде Қазақстан жастарының бойында отаншылдық рухты қалыптастырып, тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінеді. Осыған орай, «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы құрылды. Барлық өңірде бұл ұйымның бөлімшелері жасақталып, жұмыс істеп жатыр. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарының саны 6 мыңға жетіп, 174 мыңнан астам баланы қамтыды, – деді ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы.

Мемлекет басшысы жасампаздық, бейбітшілік пен келісім, халықтың бірлігі, Отанға деген сүйіспеншілік және бәрімізге ортақ тағдыр жолы сынды біздің халқымызды біріктіретін құндылықтар жастардың басты бағдарына айналуы тиіс деді.

– Мен жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастардың жаңа буыны өсіп келе жатқанын көріп отырмын. Бүгінгі ұрпақтың ойы – ұшқыр, білімі – озық. Отанымыз Мәңгілік елдің беделін арттыра беру – Сендерге артылған зор үміт. Сондықтан, жастарымыз ұлттық құндылықтарымызға адал болып, Қазақстанның жетістіктерін еселей береді деп мен кәміл сенемін! – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға арнаған сөзінде әр адамның өміріне қажетті қасиеттер туралы айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, ең алдымен, парасаттылық, білім, кәсібилік пен Отанға деген адалдық қажет.

– Сіздердің ерік-жігерлеріңіз, күш-қуаттарыңыз бен шығармашылық әлеуеттеріңіз мол. Осының барлығын өмірдегі басты мақсаттарыңызды жүзеге асыру үшін пайдаланыңыздар. Еліміз әрқайсыңыздың табысты болғандарыңызды қалайды. Осыны естен шығармаңыздар. Себебі, сіздердің жетістіктеріңізден тұтас елдің жетістігі қалыптасады. Сіздердің ой-мақсаттарыңыздың орындалуына шын жүректен тілектеспін, – деді Мемлекет басшысы.

ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы сөзінің соңында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын ашық деп жариялап, қатысушылардың оқуына сәттілік, мықты денсаулық пен табыс тіледі.

Қазақстан Президентіне қару-жарақ түрлері, құрлық әскерлері мен әуе қорғаныс күштері техникаларының мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы далалық лагерьмен танысып, қатысушылардың жатын орнын көрді, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен әңгімелесті.