Нұр-Сұлтан қаласы – ел мақтанышы

Жұма, 05 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 104 рет

                

Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың ішінде дәулеті тасып, сәулеті асқан, жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналған Астанамыз – бүгінгі мақтанышымыз. 1997-жылдың 20-қазанында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланғанда, талайдың көңілінде күдік пен үміт қатар жайғасқан-ды. Егемендігін алғанына көп болмаған, жаңа формациялық дәуірге көшіп жатқан өтпелі кезеңде және экономикалық-әлеуметтік жағдайымыз әлі орнықпаған уақытта бұл қалай болады деп күмәндану да заңдылық еді. Бұл кезде бел қайыстырар реформалар да қатар жүріп жатқан еді. Десек те, қиын да болса, біз дұрыс жолдармен жүріп өтіппіз. Оған бүгінгі уақыт куә. Ел Елбасыға сенді, үмітті ту етті.

1994-жылдың 6-шілдесі күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жалпы отырысына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға қазақ елінің елордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы идеясын ұсынып, оны нақты әрі мығым фактілермен депутаттардың алдында дәлелдеп шықты. Бұл жайында Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал, ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030-жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзі пойызбен астанаға көшіп келді. Енді, шешімнің дұрыс болғандығына ешкім де күмән келтіріп, дауламайды», – деген болатын.

«Ақмола астана болады» дегенде, жұрттың бәрі бөркін аспанға ата қуанып, алып-ұшып, жаппай атбасын Арқаға бұрғандай көрінгенімен, елдің астанасын ауыстыру мәселесі үлкен үгіт-насихат жұмысын жүргізуді қажет етті. Өйткені, кейбір азаматтар «Ақмоланың батпағы мен ызыңдаған масасын, суы мен аязды қысын алға тартып», құлаш-құлаш мақала жазып, қарсылық білдіріп те бақты. Бүгін де Астана көз қуанышымызға ғана емес, Қазақстандағы ірі бизнес және мәдени және әлемнің бірыңғай диалог орталығына айналып отыр.

Астана... Бұл сөзге қазақ түгіл, төрткүл әлемнің еті үйренгендей.
Астана сөзі тілге оралғанда шаһар ретінде жаңа ғана бойын тіктеп, еңсе көтеріп келе жатқан Елорда көз алдымызға келе қалады. Ол – жай қала ғана емес, Елорда. Кеше ғана Тәуелсіздігін алып, буыны енді қатайып келе жатқан Қазақ мемлекетінің астанасы.

Астана қазіргі күні көздің жауын алады. Қарап тұрып сүйсінесің. сүйсініп тұрып, шүкіршілік етесің. Астана – бұл қазақтың мерейі, мәртебесі. «Мерейіміз таси бергей, Астанамыз ажарына ажар қосып, сұлулығынан танбағай» деген шынайы көңіл тұла бойды кернейді.

Астана – дүниежүзіне мәлім. Мұнда әлемнің талай мемлекеттерінің серкелері бас қосып, пікір алмасып, маңызды шешімдер қабылдап жүр.

Астана – ел мақтанышы.   Бүгінгі заманның талабына сай сәні мен салтанаты келісіп, бірлігі мен ынтымағы жарасып, көкке самғаған зәулім биік ғимараттары бар, Есілге қонған аққудай, бұл әлемде ең жас Астанадай көркем қала бар ма? Бұл – жеңістің кілтін достықпен тапқан нартәуекелдің қаласы. Арманы асқақ, асуы биік жандардың салған қаласы.

Біз Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруін қуана қабылдадық. Осындай әсем қаланың барына мақтанамыз. Тұңғыш Президентіміздің осы жобасы шын мәнісінде өте сәтті шыққан. Астананың келбетіне қарап, осындай елордамыздың бары көңілге қуаныш сыйлайды.

Тарих көзімен қарағанда, өте қысқа мерзім – ширек ғасырда Мәңгілік елдің негізін қаладық. Сондықтан, Елбасымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады!

                                                                                           А.РЫСБЕКОВА,

Қазығұрт аудандық Қазынашылық

басқармасының бас маман-бас қазынашысы.