Көмек беру жалғасуда

Жұма, 05 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 83 рет

Арыс, біз біргеміз!

 

Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында болған жойқын жарылыс кімді болса да бейжай қалдырмайды. Біз, Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімінің ардагерлері де арыстық бауырларымыздың басына түскен нәубетті жан-жүрегімізбен қабылдап, қолдан келер көмегімізді аянып қалмауға бекіндік.

Айдың күннің аманында болған ауыртпалықты теледидардан көріп, арыстық бауырларымызды сабырға шақыра отырып, қол ұшын беруді жөн санадық.

Осындай ел басына күн туған жағдайда қол қусырып қарап отыра алмайды екенсің.

Аудан халқы секілді аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлер ұйымы өз зейнетақыларымыздан арыстықтарға көңілімізді білдіргіміз келді. Полковник Берік Жайлов өз жанұясы атынан – 50 мың теңге, Әбду Қуатбаев – 20 мың теңге, Серік Құдабаев – 70 мың теңге, ал Жұмабек Оразбаев Шарапхана ауылына жарылыстан бой тасалап келген арыстық 200 адамға өз қаржысы есебінен екі күн бойы тамақтандырып, тиісті киім-кешекпен қамтамасыз етті.

Жалпы, аудандық ішкі істер бөлімінің ардагерлер ұйымы 300 мыңға жуық нақты қаржы жинап, арыстықтардың арнайы есепшотына аударды.

Сағидулла ЖҰМАТАЕВ,

Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімі

ардагерлер ұйымының төрағасы.