Жұматаев Жолдас аға жайлы естелік

Жұма, 05 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 96 рет

Жақсының жақсылығын айт...

                           

       Кеңестер елінде 1941-жылы 22-маусымда Ұлы Отан соғысы басталып кеткенде, Қазақстан халқының басына да «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» дегендей, Ташкентте кішкене баспанада күн көріп жүрген біздің үйдің басына тағы бір ауыртпалық түсті. Бұл, марқұм әкем Сәлім молда Мелдешұлының армияға кетуі болды. Мен ол кезде 12-ге қарай өсіп бара жатқан 5-ші класс оқушысы едім. Апам марқұм Бибі-ажар 34-те, інім Жағыпар 5 жаста еді. Отбасымыздың ауыр жағдайын елдегі ағайындар есітіп, әкемнің ағасы Сәдібек Мелдешұлы 1942-жылы көктем шыға 1 есек, 1 түйемен үшеумізді ауылға – «9-январьға» көшіріп әкелген еді жарықтық. Елге келе «бит ағылар бикеші жоқ» елмен қатар жұмысқа кірісіп кеткенбіз, апам колхозшы абысындарымен адырда, мені рахметтік Жолдас жәкем жазуы жақсы екен деп, кеңсеге хатшы қылып қабылдады.

       Ол кезде Жолдас жәкем «9 – январь» (Қынуар) колхозының бастығы екен, одан бұрын Қаратас ауданы райкомының инструкторы болып істеп келген. 12 жасар, 5 класстық білімді баланың көзімен қарағанда елдегі ағайындардың, әсіресе, әйелдер мен жастардың үрейі үлкен, ойын күлкі жоқ, таң атпай адырға жұмысқа кетеді, түнде қайтады. Күніге сол жағдай. Күнделікті армияға жастарды шығарып салу, аналар мен келіншектер, қарындастардың қайырласу – қоштасу, жылап-сықтаулары тоқтамайды. Қолындағы кетпенімен армияға шақырылған ағасымен немесе әкесімен, әлде күйеуімен қоштасып, егін басына кетіп бара жатқан қыз-келіншектерді, үйде немерелерімен еңіреп қалған елдестерімізді көрген біз теңділерде соғысқа деген көзқарастың ащылығы удай да ащы еді.

     Колхоз кеңсесі деп аталған там осы күнгі «Қымызхана» орнында еді. Жолдас жәкемде ұйқы жоқ. Таң сәріден тұрып адырға, ондағы жұмыстарды жолға қойса, ел жатарда кеңсеге келіп, түн жарымы ауғанша ертеңгі жұмыстарды ойластырып отырады, бір қортындыға келмей жатпайды.

       Кеңседегі қызметкерлер: есепші Анарқұл Құлыбеков, Әлімқұл жәрдемшісі, хатшы және бас табельші – мен және бастық Жолдас жәкем еді. Жолдас жәкемнің елсүйгіштігін, халықсүйгіштігін, балажандылығын біз Анарқұл екеуміз, кейінірек Нәсір Райқұлов үшеуміздей ешкім сезінген жоқ шамада.

       Жолдас жәкем үлкен ұйымдастырушы жан еді. Ол кезде елде 18-45 жастағылар (еркектер) қалмаған, бәрі соғысқа кеткен. Жолдас жәкемнің ұйымдастырушылығы – сол кездегі елде кәрі құртаң болып қалған ер азаматтарды, әйелдермен балалардың басын ұйымдастырып, колхозшылар санын көбейте білді. Ешкімнің қолы бос қалмады. Ауыл азаматтарын біреуін бригадир, дала басшысы (полевод), табельші т.с.с. жұмыстарға тарта білді. Аттары есімде еміс-еміс қалғандарын атап өтсем, Тасполат ата, Қаржау ата, Қарымбай ата, Құлыбек ата, Сапар ата, Ергеш ата, Медет ата, Тәліпбай жәке, Нарман жәке, Ыбрайым көке, Сыдық көке, Қалымбет жәке, Әбдіразақ ата, Сәдібек ата, Әбу жәке, тағы басқалар. Осылар түн жарымына шейін Жолдас жәкеммен бірге ертеңгі жұмысты ойласып, бір тұжырымға келетіндер еді. Жолдас жәкем жалпы әйелдердің де ой-пікірлерімен санасатын. Олардан аттары есімде қалғандары – Дәрігүл шеше, Мақпал шеше, Шірін шеше, Қоңырат шеше, Мейіз шеше, Ақтамақ әже, Таштай шеше, т.с.с. Жоғарыдан бірнеше шешелер болатын, олар сол кезде 40-45 жастағы әйелдер еді. Толып жатқан олардан жас әйел келіншектерге сол шешелер мен әжелер, өздерінің әйелдерге тән сыбыр-сыбырымен тиісті жұмысты ойдағыдай атқаратын жарықтықтар. Біз теңді жастар – Қонар, Оңғар, Тұрғын, Анарқұл, Нәсір, Бекназар, Нәби, Мылтықбай, Әріпбай, Ораз, т.с.с. бір топ балалар күндіз адырда кешке кеңседегі қариялармен бірге ертеңгі жұмысты жоспарлауға келетінбіз.

     «Өлмеген құлға өлі балық жолығады» дегендей, көп кешікпей жаз да келіп қалды. Сол кездегі «Жаман сай» (Сәмен сайдың «жаман сай» деп аталуы – Қасымбек ата кенже ұлын Сәмен деп қояды да, елге «жаман неме» көргеніне шүкіршлік білдіреді. Қасымбек атаның тамы сол кезде осы күнгі Қастаев Қанат отырған жерге тура келеді. Ол жерлер қалың өрікзар еді. Әйелдер үлкен ата Қасымбектің баласының атын атамай – «Жаман сай» деп кеткен деп әкем марқұм айтып отыратын. Сайдың неге «Сәмен сай» аталғанын кездескенде айтып берермін.). Кеңсай, Құрсайларда кетпенмен шабылып, бидай егілетін де, ол бидайлар қол орақпен орылып, қырманға арқалап әкелінетін. Біз, жастар, күндіз қырмандағы бидайды таспен бастырып беретінбіз. Анарбай атам сияқты қариялар желдің күшімен қызылды таңертең дайындайтын. «Бір бидай – бір оқ» деген ұғыммен жас қыз-келіншектер, балалар болатын. Бар қызылды арқалап, немесе есекпен заготзерноға (Сембіде, Жаңабазарда, Тұрбатта) жеткізетін. Соғыстағы бауырларымызға бидай жібердік деп мәз мейрам болатынбыз.  

       Ә, демей 1943-жылдың жазы да өтіп бара жатты. Енді елге жаралы бауырларымыз да қайта бастады. Біздің есімізде қалғаны, алдымен екі қолтық таяқпен Исақұл жәкем келді, кейіннен Ибадилла (Қаратай) жәкем, Ештай жәкем, Құдайберген жәкем, Тәліпбай жәкемнің баласы, қарнынан жараланып келген аты есімде жоқ (Жұман көке Ж.С.), Егемберді, Молдабай, Үсіпбай, жәкем, Тұяқбай жәкем, т.с.с. ондаған бауырлар оралды. Елге шырай кірді десек те, ауыру-сырқаулар да болып тұрды. Мысалы, «безгек» деген ауыру жастарға қырандай тиген.

       Мен өз басымнан өткенін айтайын. Безгек – жазда болатын ауыру екен. Безгек – тұтқанда қатты жаурайсың, дірілдейсің, аузыңда дәм жоқ удай ащы болады. Апам сол кезде адырға жұмысқа келген қыз-келіншектердің киімдерін шешіп алып менің үстіме жабады. 1 – 2 сағаттан кейін безгек ертенге шейін қайтады, ертеңіне тағы сол жағдай. Осындай бір кезде Жолдас жәкем апама ауданнан әкелген бір дәрісін беріп жатып: «қорықпа балаң енді жазылып кетеді», – деп жұбататын. Жолдас жәкемнің ол қамқорлығы елдегі ауыру-сырқаулардың бәріне өзі ауырғандай жаны ашитын. Ол кісінің қамқорлығы, әсіресе, майданнан мүгедек болып келгендерге көмегі шын мәнісінде аталық қамқорлық еді. Сондықтан да, ел ырза еді, барлығы ықыласпен құрмет қылатын.

1943-жылдың күзінен колхозда механизация, ат соқалар, арбалар, тіпті, тракторлар пайда бола бастады. Нарман жәкем мен Жібек жеңешем, механизаторлардан Мақаш жәкем, Сапақ жәкем, Мария жеңешем, Катя жеңешем (ол кезде бойжеткен қыздар еді) Жолдас жәкемнің ең құрметтейтін колхозшылары еді. Себебі, аттар күйлі болса, соқа айдайды, арабалар жұмысқа қосылады, механизаторлар құрметті болса, адыр да көп және сапалы айдалатын. Оларға Тұрбаттан Сыдық жәкем «Гаруш» (горючье) әкеліп тұратын.

Жолдас жәкем елдегі майданға кеткендердің жанұясынан хабар алуды, жәрдем беруді ұмыт қылмайтын. Әсіресе, қаралы хат келген жанұялардың үйіне барып, оларға барынша қамқорлық жасайтын.

1943-жылдың күзі, бидай орақ бітіп қалған болса да, қырманда басылған, басылмаған бидай көп. Мемлекетке күніге бидай беру қандай жағдайда да тоқтамау керек.

Жолдас жәкем бір күні кеңсеге қас қарайғанда, тура ауданнан үйіне бармай кіріп келді. Актив қариялармен біздер де отырғанбыз. Амандасқаннан соң қариялардан қырманның жағдайын сұрай бастаған еді, Тасболат атам: «Анарбайдың баласынан қара хат келді, біз күндіз бардық, сіз ауданда жиналыста едіңіз, біліп қойсын деп айтып тұрмын», – деді. Жолдас жәкем үндемей қарауытып орнынан бір тұрып, отырды да: «мен Анарбай Ақсақалдың үйіне кеше ғана барған едім, онда бұл хабар келмеген-ді. Енді жиналыстан кейін барамын», – деп, жұмысты бастап жіберді. Түнжарым ауа жиналыс тарқады, Жолдас жәкем атына мініп, қариялар үйлеріне тарқап кетті. Жалғасын апам былай деп баяндап берген еді: «Қырдағы қайнағаның баласынан қара хат келгенін естігендер күндіз келіп кеткен. Мен түнде қырманда істейтіндерге көже дайындап жүрсем ... қырдағы қайнаға қолындағы күрегімен қас қарая қырманға келіп, маған: «келін, көжеңнен маған да қалдырарсың, бүгін түнде жел болады, мына бидайды суырып, ертеңге дайындап қояйын, «Қанақ күйгір Гитлерге бидай оғы жаңбырдай жауылсын», – деп, қызылды суыра бастады. Түн жарымы шамасы қайнағаның кемпірі келді. Олардың Әлмен деген жалғыз-ақ баласы болатын. Содан қара хат келген-тұғын. Кемпірде рең жоқ, әбден жылаған болуы керек, менен бір жұтым көже сұрап, әлгі Әлменнің әкесі қайда жүр деді. Мен қырманда бидай суырып жатыр деген едім, қырманға қарай түрткінектеп кетіп бара жатқанын көрдім. Біраздан кейін қайта келіп, «Бастық мырзаға келіпті, екеуі баламды айтып отыр екен, көңілім босап, сенің қасыңа қайтып келдім», – деді. Шайлаға төсек салып, отырғызып қойдым да, көжемді алып қырман жайға барсам, қайынаға мен бастық мырзаға екеуі бидай суырып жатыр екен, маған қарайтын емес, тек қайын ағаның: «келін көжеңді сол жерге қоя сал да, барып жата бер, бір әдемі самал келіп қалды, мына бидайды шығара салайық», – деп, терлеп-тепшіп, бастық мырзаға екеуі бидай суырып жатқандарын көріп, ішімнен рахметімді айтып, ізімше қайттым. Шешей болса балам Жағыпар екеуі ұйықтап қалыпты. Жағыпар – менің 7 жасар інім. Апам өз сөзін әрі қарай жалғастырды. Күндізгі көжеге дайындық жасап отындарды реттеу үшін сәруақтан тұрамыз, оянсам, таң қылаң беріп қалыпты. Қырманжайға босаған табақтарды алып келуге барсам, бастық мырзаға мен қайынаға екеуі қызылдың үстінде ұйықтап қалыпты. Қырман тола бидайды ертеңіне заготзерноға арабалармен тасып әкетіп жатқанда қырдағы қайынаға бидайларды қапқа салып жатып: «Қанақ күйгір Гитлер», – деп арбаға да артып жүр екен, бастық мырзаға атына мініп сайға қарай кетіп бара жатқанына күн шыға көзім түскен еді, – дейді.

– Бұл оқиғаны сөзбен жеткізу қиын, бірақ сол кезде барлық адамдардың міндеті өлдім, жығылдым демей, ұрыс даласына кішкентай болса да қолқабыс жасаумен күн өткізетін заман еді.

       1943-жылдың қарашасында «Сембі» ауыл советіне Қосағаштан Кемел ақсақал сельсовет болып келді. Ол біздің кеңсеге келіп, маған «Сені сельсоветке хатшы қылып әкетемін», – деді. Жолдас жәкем оған көнбепті. Бірақ, ауданнан Абдрахман Байсүгіров деген ауаткомның хатшысы келіп айтқаннан кейін Жолдас жәкем лажсыз мақұл деді. 1943-жылдың желтоқсанынан бастап, 1946-жылдың желтоқсанына шейін «Сембі» сельсоветінде хатшы болып істедім, – деді апам.

       Сельсоветте де Жолдас жәкемнің ақыл-парасатына тәнті болғанмын. Колхоз бастығы, әрі Сельсоветтің 1-ші орынбасары ретінде негізгі шешімдер Жолдас жәкемнің айтқанындай болады екен.

       Ол кезде «Сембі» сельсоветіне 5 (бес) колхоз:   «Қосағаш», «Алтынтөбе», «Қаржан», «Алғабас»,   «9-январь» кіретін. «9-январьда» Жұматаев Жолдас, «Қосағашта» сол ауылдың қариясы Байырбеков ба еді (аты-жөні есіме түспей тұр), «Алтынтөбеде» Маханбетов Тұрды, «Қаржанда» Кішкентаев Қасымбек, «Алғабаста» Энгельстің кісісі еді (аты жөні есіме түспей тұр. Рай еді-ау.) колхоз бастықтары еді.

         Ауданда райком секретары Серікбаев, ауатком председателі Ақмурзин еді. Бұлар келсе, Сельсоветтің ісі туралы, елдің жағдайы туралы тек Жолдас жәкеммен сөйлесетін. Кейіннен Кемел ақсақалмен келісіп, бір шешімге келетін.

ҚажыАкбар СәлімМолдаұлы,

академик, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы,

география ғылымдарының докторы, профессор, Өзбекстан республикасының Ғылым академиясының академигі.