ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ЖОҒАРЫ ӨНІМ БЕРЕДІ

Жұма, 05 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 213 рет

Семинар-кеңес

8888

Қазығұрт ауданындағы Нұржан Әшіров басшылық ететін «Сапа-2002» ЖШС-і – ауыл шарушылығы жұмысын жаңаша ұйымдастырып, өнім өндіруде табысқа жетіп жүрген еңбек ұжымы. Түркістан облыстық ауыл шарушылығы басқармасы ұйымдастырған кезекті семинар-кеңестің осы серіктестік базасында өтуі де тегін емес. Өйткені, олар өздерінің машина-трактор паркін жаңа технологиялармен толықтырған. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов, егін шаруашылығын дамыту және механикаландыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сейітжан Азбергенов, Түркістан облысы бойынша өңірлік менеджері Бауыржан Шолпан, Қазығұрт ауданы әкімі Төлеген Телғараев, серіктестіктер мен қожалықтар басшылары және мамандар бас қосқан семинар-кеңесте АҚШ-тың «Джон дир» компаниясының озық үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларымен танысып, үйрену жөніндегі практикалық жұмыстар ортаға салынды.

«Сапа-2002» ЖШС-інің негізі 2002-жылы 25-сәуірде қаланған. 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестіктің жалпы жер көлемі 5601,24 гектарды құрайды. Оның 1984,51 гектары тәлімі егістікке, 52,58 гектары суармалы егістікке, 3008,54 гектары жайылымға, 555,61 гектары шабындыққа арналған. 9 Нива Эффект комбайны бар, басқа ауылшаруашылық техникалары да жеткілікті. Серіктестік 2008-жылы бірегей элиталы астық тұқымын өндіруші мәртебесін алса, 2011-жылы элиталық бидай, мақсары, жоңышқа тұқымын өндіру бойынша мәртебеге жеткен.

Түркістан облысы бойынша өңірлік менеджері Б.Шолпан америкалық «Джон дир» компаниясының комбайны мен тракторының артықшылықтары жайында әңгімеледі. Қазір бұрынғы тракторлар мен комбайндардың күні қалып бара жатқанын, жаңа технология жоғары өнім беретінін жеткізді.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Оспанов семинар-кеңесте 2018-жылы облыс көлемінде 813,5 мың гектарға егіс егілсе, ағымдағы жылы оның көлемі 9,8 мың гектарға артып, 823,0 мың гектарға жеткенін мәлімдеді. Және де бұрынғы техникалар мен қазіргі заманғы шетелдік техникалардың еңбек өнімділігі айырмашылықтарын да жіктеп айтып берді. Мәселен, кеңестік дәуірдегі технология бойынша егін егу үшін алдымен культиваторларды жібереді. Яғни, жер жыртылады. Ал, оған дән себілгенше ашық алқаптың ылғалы кеуіп қалады. Тырмалау, тегістеу және басқа да агротехникалық жұмыстар бірнеше күн бойы жүргізіледі. Ал, шетелдік техникалар осы жұмыс процестерін бір мезгілде атқарады. Сондықтан6 ылғал да сақталады, басқа да шаралар орындалады. Т.Оспанов сөзінің соңында ауыл еңбеккерлеріне сәтті жұмыс тіледі.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.