Достығымыз берік, сыйластығымыз сәнді

Жұма, 05 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 90 рет

Ұлтаралық татулық

 

Жавлон Бахадирұлы Сабитов 1984-жылы наурыз айының 16 жұлдызында Тұрбат ауылында дүниеге келген. Осы ауылда білім алып, М.Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің құқықтану факультетін үздік бітірген.

2006-жылы Тұрбат ауылындағы Тураб Тула атындағы жалпы орта мектебінде құқық пәні бойынша еңбек жолын бастаған. Екі мамандықтың иесі – құқықтану және педагог-психолог.

2012-жылдан Тұраб Тула атындағы жалпы орта мектебінің директоры. Қазығұрт аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы саяси кеңес мүшесі.

2015-жылдан бері Қазығұрт аудандық өзбек ұлттық мәдени орталығының төрағасы. Отбасылы. Төрт қыз, бір ұлы бар.

Өзбек мәдени орталығының жұмысымен кеңінен танысу үшін орталық төрағасы Жавлон Бахадирұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Еңбекте шыңдалған, өз ісіне мығым Жавлон біздің сұрағымызды күтпей-ақ, өзбек мәдени орталығының жұмысы жөнінде іркілмей әңгімесін жалғай түсті.

        «Өзбек өз ағам» деген бауырлас қазақ халқының жақсы сөзі бар, – деп

бастады Жавлон, – шын мәнінде, солай. Бұл қанатты сөздің өзі нені аңғартады. Қазақ пен өзбек ұлтының достығы тым әріден басталғанын көрсетпей ме?! Ғасырдан ғасырға жалғасқан екі ұлттың өзара қарым-қатынасында да, тіпті салт-дәстүрлерінде ұқсастықтар өте көп. Оның үстіне екі ұлттың базары да, мазары да бір.

        Екі ұлттың да басты мақсаты – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан достыққа

сызат түсірмей, мына қоғамда тыныштықта, бейбіт еңбекте ғұмыр кешу. Осы тұрғыда Елбасы Н.Ә.Назарбаев та көп ұлтты еліміздің болашағына үнемі алаңдап, ұлттар достығына ерекше мән беріп, Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерінің өз тілінде, өз салт-дәстүрлерін ұстануы жөнінде мемлекет тарапынан да, заң шеңберінде де жағдай жасалғанын, алдағы кезде жасала беретініне кәміл сендіріп келеді.    

   Достық бар жерде қарым-қатынас, алыс-беріс бар. Міне, еліміз Тәуелсіздік

алғалы бері Қазақстанға шет мемлекеттердің достық пейілдегі назары ауа бастады. Бүгінде Қазақ елімен өзара достық қарым-қатынаста қаншама елдің азаматтары келіп, кетумен бірге елдің экономикасын көтеру үшін инвестиция салудың да көлемі артып келеді. Бұрын-соңды мұндай жағдай орын алған ба еді?!

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлттар достығын нығайтудың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, көтерген жаңа бастамасын бүкіл әлем жұрты мойындады. Шын мәнінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы заман талабынан туған, әрі ұлттар достығын одан әрі нығайтудың жанды әдіс-тәсілін тапқан құрылым екендігін бүгінде атқарған жұмысына сай дәлелдеді.

Ұлттар достығын ту етіп көтерген Өзбек мәдени орталығы да өз жұмысының негізгі арқауы достыққа, өзара татулық пен сыйластыққа құрылған. Әрбір атқарылатын іс-шара әрбір ұлттың ар-ожданын, оның ұлтына, нәсіліне, жынысына, салт-дәстүрлеріне деген құрметіне лайықталған. Мұнда бөліп жару, немесе кемсітуге деген ой да, ниетте жоқ. Басты бағыт – достық пен сыйластық.

Жыл басында жасалған жоспарлы іс-шараға сәйкес Өзбек мәдени орталығы да жұмысын жүйелі ұйымдастырып келеді. Жыл басында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын көпшілік арасында насихаттауға ерекше көңіл бөлдік. Жұмысымызға Жолдаудан туындаған міндеттерді басшылыққа алдық.

Өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ – жастар тәрбиесіне де баса көңіл бөліп, әр түрлі тақырыпта «дөңгелек үстел» ұйымдастырып келеміз.

  8-наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Мукаддассан, мукадас аел» атты мерекелік шара өткізіп, орталық жұмысына белсене қатысқан қыз-келіншектерді құттықтап, сый-сияпат жасадық.

Ұлыстық Ұлы күні – Наурыз тойында түрлі ұлттық нақышта, өзбек-қазақ дәстүрлерін сақтай отырып, көпшіліктің белсенді қатысуымен өз деңгейінде өткізуге мәдени орталық мүшелерінің үлесі үлкен болды.

Әсіресе, қазақ ағайындармен бірлесе отырып, бүгінгі таңда той өткізу бәсекеге айналып, ысырапқа жол беріліп жатқанын ескере отырып, «Той туралы ой» атты «дөңгелек үстел» өткіздік. Бұл шара өз кезегінде ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, той жасаудағы ысырапшылдыққа жол бермеуге өз ықпалын тигізуде. Өзбек мәдени орталығының ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін «Достық дастарханы» бүгінгі таңда дәстүрге айналып кетті. Мұнда қазақ ұлты мен өзбек ұлты өздерінің түрлі ұлттық тағам мәзірлерін әзірлеп, достық рәуіште бір-біріне ұсынады, дәм татырады. Бұл шара өтетін күні Тұрбат ауылында той болады. Мұның өзі ұлттардың бір-біріне жақындасуына оң ықпал етері сөзсіз.

Өзбек мәдени орталығының жыл бойғы атқаратын жұмысы көп. Қазіргі таңда елімізде болып жатқан басты оқиға – Қазақстан Республикасының Президентін сайлау. Осы саяси додадан Өзбек мәдени орталығының мүшелері де тыс қалмайды. Бір ауыздан 9-маусым – Президент сайлауы күні бір кісідей дауыс беруге дайын. Өйткені, еліміздің болашағы тікелей мемлекет басшысына байланысты. Сондықтан, сайлауға бейжай қарай алмаймыз.

Сұхбатты жазып алған: Ж. МАХАНҰЛЫ,

Тұрбат ауылы.