«Жүрегімде атың қалды» әнінің сыры

Жұма, 05 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 286 рет

 

Жасы мосқал тартқандардың жүрегінде махаббат сезімі бола ма, жоқ па?- алдымен соған үңіліп көрейікші. Өскелең жастардан ұят шығар – деп «жоқ» дей салайын десең айналаңда кездесіп жатқан ғашықтық машақаттары, сырлы сезім, жалт көзқарас, шалыс қадамдар сан-қилы ойға жетелейді. Өзіміздің сүйікті сазгеріміз Шәмшінің көз жұмар алдында драматург досы Оразбекке «Бішкектен Сағынышты алдырыңдар» деуінің өзі неге тұрады. Ал ақынымыз Ж.Молдағалиев «Маған мәлім махаббаттың мекені, көңіл құс боп ұшып оған жетеді, сағыныштың молдығынан қызық шығар бұл өмір, сағынбасаң көңіл кірлеп кетеді» – деп түйіндепті.

Біздің «Нұрсұлтанның замандастары» ансамблінде домбырашы Түзел Үйсінбаев ағамыз 80 жасқа толғанша мүше болды. Осы кісінің жұбайы Мархаба өзінен 35 жас кіші еді. Бір-біріне деген ізет-құрметін айтып жеткізе алмайсың. Сахнада сағаттап тұру оңай ма? Ақсақалымыздың арқасы терлеп кететін, сонда жеңгеміз жанынан табылып, ерекше қамқорлық көрсететін. Бұл кісілердің жұптасуы да елден ерекше. Жасы 65-ке келгенде жұбайы өмірден өткен. Түзекең бірнеше жыл салт жүріп бір тойда Шәмшінің «Тербеледі тың дала» әнін домбырада орындап оған топтың ішінен бал-бұл жанған Мархаба қосыла кетеді. Дәл сол күні «жұбайым бол деп айтуға аузым бармайды «қызым» болып үйге кір» – деп ұсыныс айтады. Болды. Түсінікті.

Жаңабазарда концерт өткізіп жатырмыз. Концерт жүргізушісі болғандықтан аудиторияны өзіме тартуым керек-қой. Юмор айтасың, тіптен біреулерді әзілге тартасың. Жуастау танысыңды байқасаң түртіп өтесің.

Кейбір әрекетім дұрыс шығады ма қайдам, досым Райымқұл дем беріп «Ой, Тасеке жібересің-ай» деп қоятын. Келесі нөмірді хабарлайын деп сахна төріне шықсам қарсы алдымда «баяғы сері» Ташқұл ағамыз отыр. – Қазіргі тыңдайтындарыңыз Шәмшінің әні «Тамды аруы». Орындайтын 1960-жылдардың сұлуы Нарбүбі. Апамыз бұл әнді кезінде өзіне өлгенше ғашық болған, ләжін тапса бір көруге асық болған, бірақ-бірақ бесіккертісі болған соң, амалсыз жақын жүрсе де, қашық болған Ташқұл ақсақалға арналады – деп қойып жібердім.

Айналайын көпшілік бір көтеріліп қалды. Сыры кетсе де, сыны кетпеген Жамал Омаровадай орамды дауысы бар Нарбүбі апай келтіріп бір орындады. «Ебелектей жел іздеген, көбелектей көл іздеген, келем саған...» деп Ташқұл құдамызға қарап ізет білдірді. Ол кісі де қара жаяу емес екен, әлде әннің әсері ме сахнаға шығып алғысын айтып жатты.

Мұндай әсерлі сәтті мүлт жіберсем «конферанс» деген атыма ұят-қой.

Ешкім есітіп қоймасын «Бұл кісілер жас кезде бір-біріне ғашық болған» деп хабарлап жібердім. Енді көпшіліктің көңілінен шығуымыз керек-қой.

Концерт бітіп тысқа шықсақ, біздерді күтіп ауыл әкімі Аязбек, ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жақсылық ағамыз, екі бірдей майданның ардагері Құттыбай ақсақал тұр екен.

Қолдан жасаған «жездеміз» Ташқұл дастархан жайыпты. Сол күнгі әңгіменің тақырыбы «жүректе қалған» махаббаттың айналасында өрбіді. Әркім де өз сырын ақтарып көрді. Бір қызығы Нарбүбі апай мен Ташқұл құданың арасындағы сезім дәл мен жеткізгендей болып шықты. Ұстазымыз, ақ сақалымыз Тағай ағай «Кенеттен мұндай болуы мүмкін емес-қой, бұлардың арасындағы жағдайдан бұрыннан хабардар шығарсың» – деп бірнеше рет сұрады.

               Дәл, осы жолы сандырағым келді – деп ақталдым. Қосыла алмаған қос тағдырдың және бірі өзіміздің қатарымызда жүрген, Софиядағы жастар фестивалінде ән салған «Сағыныш жылдар» кітабының авторы Аманкүл апайдың да басынан өтіпті.

Өзі ұнатқан жігіті «не ән саласың, не менімен бірге боласың» деп ауыл адамдарының жалған намысқойлығына иланып, екіге бөлініп кетеді.

Алайда бір-бірін «іздеу», әлі күнге жалғасып келеді екен. Өкінішті-ақ. Сол дастарханды қорытындылаған Аманкелді Елеуов «жүректерде шоқ қалады, жүректерде ат қалады» дәл осыны ән етіп дәріптеу Райымқұл мен Тастанбекке тапсырылады – деп түйіндеп еді.

               Өзіңіз бір толғанып көрсеңізші – дегенімде екі қолын кеудесіне қойып, басын шайқап еді.

Сонан көп ұзамай Аманкелді де, Түзел ағамыз да, сыншы-жазушымыз Зұлпыхар да өмірден өтіп кетті.

Аманатқа қиянат жасауға бола ма? Барлық жауапкершілік Рекең, Қатира және маған аударылуы.

Сонан арада 2 жыл өткенде ғана барып «жүрегімде атың қалды» әнінің тұсауы кесілді.

«Өтті өмір мәнсіз – мәнді,

Самайымды қырау шалды,

Айта алмайтын, айта алмайтын

Жүрегімде атың қалды», – деген шумағын айта кеткенім жөн болар.

Бұл әннің тұсауы «Жетісай музыкалық драма театрында» Райымқұл мен Қатираның дуэт құрып, айтуымен кессілген еді.

Тастанбек БЕРДІҚҰЛ.