АРМАН ҚАЛА, АРУ ҚАЛА – АСТАНА!

Дүйсенбі, 15 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 99 рет

 

Қазығұрт аудандық балалар кітапханасының «Білім» залында Астана күні мерекесіне байланысты «Арман қала, ару қала – Астана!» атты кеш өтті. Кешті кітапханашылар Э.Қыстаубаева мен Д.Қадырова жүргізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас жеткіншек оқырмандарымызды Астана қаласының шежіресімен, тарихымен таныстырып, оларды ізденіске, шығармашылыққа баулу. Бас қаламыз туралы мәліметтер мен деректер арқылы білімдерін толықтырып, Отанымызға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, елжанды азамат етіп тәрбиелеу.

Кітапхана қорындағы «Қазақстан», «Астана» туралы кітаптарға шолу жасалып, Елордамыздың тарихы мен ғимараттары, оның қарқындап өсуі жайында слайд арқылы мол мағлұмат берілді.

Кешке қатысушы балалар іс-шараға бар зейіндерімен беріліп, көңілді өтуіне бар мүмкіндіктерін салды. Өздерінің Елордамызға деген жылы лебіздерін тілек айту арқылы жеткізді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994-жылы 6-шілдеде Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді қабылдады. Елорданы ресми көшіру 1997-жылғы 10-желтоқсанда жүзеге асты. ҚР Тұңғыш Президентінің 1998-жылғы 6-мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. 2019-жылдың 20-наурызында Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды.

Кеш соңында кітапханашы А.Татаева іс-шараға атсалысып, өз өнерлерін паш еткен жас оқырмандарға алғыс білдіріп, білімнің негізі кітапта екенін айтып, оларды әрқашан да кітапты өздерімен дос тұтуға шақырды.

Сондай-ақ, аудандық мәдениет сарайында Астана күнін тойлау әрі қарай жалғасын тапты. «Елорда – айбарымыз мақтан тұтар» деген атпен өткен салтанатты кеште мәдениет сарайының өнерпаздары өнер көрсетіп, қазығұрттықтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі Елордамыз асқақтай берсін! Кейінгі жаңа жас ұрпақтың мақтанышына айналсын!

«Қазығұрт-ақпарат»