Қазығұрттықтар 17-секторда

Дүйсенбі, 15 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 92 рет

Арыс, біз біргеміз!

 

Арыс қаласындағы жағдай бірте-бірте қалыпқа түсті. Әрбір елдімекенді паналап кеткен арыстықтар өз отандарына орала бастады. Ендігі тірлік, қираған үй жайларды, әлеуметтік нысандарды жаз мезгілінде қалпына келтіру. Бұл жөнінде арнайы штаб құрылып, Арыс қаласының көшелерін тазалау, ретке келтіру жұмыстары қолға алынды.

Арнайы ұйымдастырылған штабтың іс-шарасына сәйкес Арыс қаласы 17 секторға бөлініп, 17 сектордағы әрбір көше, әрбір зақым келген үйлерді анықтау, оларға кететін құрылыс материалдары, кеткен шығынның қаржысын есептеу облыстағы аудандарға берілді.

Ал, Қазығұрт ауданына №17 сектордағы жоғарыдағы жұмыстарды жүргізу тапсырылды. Оған аудан әкімінің орынбасары С.Нұрманов басшылық жасауда. Бұл секторда 450-ге тарта үйлер мен әлеуметтік нысандар бар. Қазіргі таңда 40-тан астам жұмысшылар ауданға бөлініп берілген 11 көшені тазалауды және әрбір зардап шеккен қора жайларды, зақымданған үйлерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

       Бұл іске күніне 5 арнайы техника тартылуда. Ауданнан көмекке барған жұмысшылар мен жастар мектептің спорт залына жайғасқан. Оларға тиісті жағдай жасалған, жұмыс киімдері, тиісті құралдармен қамтамасыз етілген. Әрбір жұмысшының айлық жалақысы сақталып, арнайы іссапар ақысы төленуде.

       Ал, №17 сектордағы бүлінген үйлерді, қора-жайды, бау-шарбақтарды қалпына келтіру жұмысы Ақмола облысына міндеттелді. Қазіргі таңда облыс әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы өз бригадасымен келіп, қажетті құрылыс материалдарын жеткізу, зақым келген үйлерді жөндеуді бригадаларға бөліп беру жұмыстарын бастап кетті. Күнделікті атқарылатын жұмыс қатаң бақылауда. Атқарылған жұмыс күн сайын тексеріліп, анықталып, штабқа арнайы есеп беріліп, жұмыс қорытындысы бойынша алдағы кезде жедел атқаратын істерге нұсқау беріледі.

Арыс қаласында облыстың барлық аудандары мен республиканың облыс және қалаларынан келген құрылысшылар мен еріктілер өз жұмыстарын бастап кеткен. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев күнделікті жұмыс барысын өзі аралап көріп, бақылауда ұстауда. Басты мақсат – бір ай көлемінде Арыста орын алған жарылыс зардаптарын жойып, арыстық бауырларға тиісті жағдай жасау. Осы игілікті істің басы-қасында қазығұрттық жұмысшылар да уақытпен санаспай, белсенділік танытуда.

Қайырымды істері үшін арыстықтардың айтып жатқан шынайы алғыстары да аз емес.

Ж.СҮЙЕУБЕКОВ.