Халық сенген тұлға

Жұма, 19 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 78 рет

 

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – бітім-болмысымен де, таным-түсінігі мен де, тегімен де, еліне етене жақын тұлға. Ол қазақ руханиятына үлкен үлес қосқан қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың ұлы. Ал, Кемел Тоқаев тек қазақ оқырмандарына ғана емес, шетелдерге де танымал болды. Айталық, сонау жетпісінші жылдардың өзінде «Соңғы соққы» романының екі данасын АҚШ конгресінің кітапханасы мен Иеллинойс университеті сұратқан екен.

Тағдырдан теперіш көрсе де, арқаны аяздай қарыған ауыртпалықтың апанына құламай, өзін-өзі жетелеген, ұрыс даласында бірнеше рет жараланып, майданнан оралған соң Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, қаламгерлік жолын бастаған Кемел әкенің келісті болмысы – кім-кімге де күш-жігер беретін өзінше өнеге. Майданнан оралмаған ағасының рухы риза болсын, аты өшпесін деген ниетпен ұлының атын Қасым-Жомарт қою арқылы ағаға деген құрметті жүрегіне де, құжатқа да жазған кемел тілек орындалды!

Бүгінде, сол риясыз туыстықтың белгісіндей қосарланған есімді көп әлем таныды! Осы текті дегдарлық Қасым-Жомарт Кемелұлының бойынан, іс-әрекетінен, қарапайым адами қарым-қатынасынан үнемі байқалып тұрады.

Өмірдің өзі қайраған қара алмастай қаламгердің қайсарлығы болар, Қасым-Жомарт Кемелұлы бала кезінен алдына жоғары мақсат қойды. Жоғарғы сыныптарда «Известия», «За рубежом» және ағылшын тіліндегі «Морнинг Стар» сияқты газеттерді құмарта оқи бастаған ол алдына биік меже белгілеп, Кеңес Одағының жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына оқуға түсті. Ұлының таңдауында Алматыдағы шет тілдер институтында қызмет атқарған анасы Тұрар Шабарбаеваның да ықпалы зор болса керек. Осылайша, қазақ баласына таңсық мамандық – дипломатия саласын меңгеріп, Кеңес Одағының Сингапурдегі елшілігінде қызмет етеді. Төккен тердің арқасында Қытайда елшілікте жүріп, кеңесші лауазымына дейін көтеріледі.

Қытай, ағылшын, француз, орыс тілдерін жетік білетін жас дипломат 1984-жылы Қазақстан Үкіметін басқарып тұрған Н.Назарбаевтың назарына ілігеді. Кейін Кеңес Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қауымдастыққа кірудің күрделі кезеңін бастағанда, Елбасы Қ.Тоқаевтың Қазақстанға жұмысқа шақырады. Бастапқыда Сырты істер министрінің бірінші орынбасары, артынан Сырты істер министрі қызметін абыроймен атқарған Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы тапсырмасына сәйкес, сыртқы саяси институттардың қалыптасуы мен дамуына, тәуелсіз Қазақстанның көп векторлы бағытын жүзеге асыруға білек сыбанып, белсене атсалысады. Сыртқы істер министрі ретінде ядролық қарудан бас тарту ісіне айрықша араласып, алып державалармен келіссөздердің табысты өтуіне зор үлес қосты.

Ядролық қаруды таратпау секілді өзекті халықаралық саяси мәселелерді оңтайлы шешуде үлкен рөл атқарды. Сөйтіп, 1996-жылы Нью-Йоркте ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа, 2005-жылы Семей қаласында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. Дипломат Қ.Тоқаевтың шекараны шегендеу мәселесінде де еңбегі ерен. Елбасы тапсырмасын абыроймен орындап, Қытай, Ресей, Өзбекстан сынды көршілерімізбен арадағы шекара бейбіт жағдайда шешілді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – сын сағатта шыңдалған салмақты саясаткер. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлік таланты Премьер-министрдің орынбасары, Премьер-министр, Мемлекеттік хатшы лауазымдарында жүргенде жарқырап көрінді.

Әсіресе, әлемдік нарықтағы мұнай бағасы әлі көтеріле қоймаған, 1997-жылғы Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде басталған қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасын шарпыған сындарлы кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкімет басына келуі ел экономикасының екінші тынысын ашты. Сыртқы саясат ведомствосында шыңдалған Тоқаев Үкімет елорда Есілдің бойына көшкен кезеңде елдің болашақ 10 жылын қамтитын әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын жасады. Бәсекеге қабілетті ұлттық экономика қалыптастыру, ішкі жалпы өнімді кемінде екі есеге ұлғайту, тұрақты экономикалық өсімге жол ашатын мемлекеттік шараларды жүйелеу, ең маңызды салаларға ұлттық капиталдың ықпалын күшейту, аграрлық секторға серпін беру, қаржы-несиелік саясатты жетілдіру сынды негізгі міндеттерді жүзеге асыру осы жылдары басталды. Сол бір қиын кезеңде экономикалық өсім тәуелсіздік жылдардағы ең жоғары нәтижені көрсетіп, 13,7 пайызға көтеріледі. Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 18 пайыздан жоғарылады. Мұның барлығы Қ.Тоқаевтың мемлекетшіл тұлғасы мен менеджерлік қасиетін көрсетеді.

Тоқаевтың соңынан осы жылдар ішінде қылаудай сөз ілеспегені былай тұрсын, ол халықаралық қоғамдастыққа да таза, парасат пайымы биік тұлға ретінде жақсы танылады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы дипломатияның барлық сатысында жұмыс істей отырып, үлкен саясаттың Олимпіне шықты. БҰҰ-ның Женевадағы кеңесін басқарған алғашқы Азияның өкілі ретінде әлемдік деңгейдегі мәселелер бойынша келіссөздер ұйымдастыруға белсене атсалысты. Соның бірі Сирияның айналасындағы жағдай еді. 2012-жылы 30 маусым күні Сирия мәселесін талқылауда қабылданған құжат кейінгі келіссөздерге негіз болды.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қ.Тоқаевты БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің бас директоры және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздану жөніндегі конференцияда өзінің жеке өкілі ретінде тағайындау туралы шешім қабылдады. Бұдан бөлек, ол ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің және Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы болып сайланды.

Пан Гу Мун: «Мен оған Женевадағы үлкен және пайдалы жұмысы үшін өте ризамын. Оны жоғары бағалаймын. Сондай-ақ, БҰҰ-ның ең ірі кеңесін басқарған адам ретінде оған өте разымын», – деп, Қ.Тоқаевтың кәсіби қасиеттері мен жемісті қызметіне жоғары баға берді. Мұны қазақ еліне берілген жоғары баға деп білеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев – қоғамның тамырын тап басып, елдің тынысын дер кезінде сезініп отыратын халықшыл қайраткер. Сенат төрағасы ретінде Қазақстанның бүкіл өңірлерін аралап, қарапайым тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен танысып отырды. Болмысы бекзат, табиғаты демократ тұлға қоғамдық пікірге ұдайы үн қосып, тың ойларды ортаға салып отырады. Халыққа жақын мемлекетшіл тұлға елдегі әлеуметтік мәселелер мен жемқорлық сияқты өзекті тақырыптар бойынша да ойын батыл жеткізе білді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 19-наурызда жасаған тарихи мәлімдемесінде: «Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», – деген еді. Ал, Елбасы мен ел сенімін арқалаған Қ.Тоқаев «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде сөйлеген сөзінде: «Мен жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін! Сондықтан, сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын!», – деді. Бұл сөз Қасым-Жомарт Кемелұлының бүкіл болмысын ашып тұрғандай!

«Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде ұстанған осы ұраны бір қиырдан екінші қиырға ұрынбай, эволюциялық даму жолымен алға басуды қалайтын көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен қолдау тапқандығы даусыз. Ол ел Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде өз ұстанымына беріктігін білдіріп, бірінші кезекте Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегияларын жүзеге асыруға ден қоятындығын мәлімдеді.

...Азаматтар, ең алдымен, барлық жерде әділдік орнатуды талап еткендігін, ал халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы екендігін атап айтты. Әділдік үстемдік құрмайынша, еліміздің одан әрі өрлеуіне даңғыл жол ашылмайтындығы анық. Халық сенімін ақтауға серт берген Президент өзінің алдағы қызметінің 10 басым бағытын белгілеп, елге жария етті.

Бірінші бағыт – халықтың табысын арттыру мақсатында тұрақты және қарқынды экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Бұл ретте ол үстіміздегі жылғы 27-наурызда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте экономикалық өсімге жетудің негізгі факторы инвестициялар, экспорт пен индустрияландыру болып табылатындығын айта келіп, бірқатар өңірлерде іскерлік белсенділікті әкімшілік кедергілер мен шектеулер тежеп отырғандығын сынға алғаны мәлім. Шетелдік қана емес, отандық инвесторлар да, әсіресе, жер алу, инженерлік желілер мен электр желілеріне қосылу мәселелерін шешуде бюрократтық әуре-сарсаңға түсіп, жергілікті шенеуніктерге жалынып баруға мәжбүр екендігін атап көрсеткен болатын.

Екінші бағыт – сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында Президент үстіміздегі жылғы 1-қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалатындығын айтты. Ол үстіміздегі жылғы 20-мамырда өткізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте де елімізде жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп: «Бұл – батпандап кіріп, мысқылдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін деген болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Президентке тікелей бағынатын жеке агенттік болып қайта құрылғандығы да құптарлық қадам деп білемін. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, министрліктердің аумақтық департаменттерінің санын да барынша қысқартатын кез жетті.

Үшінші бағыт – сот және құқық қорғау жүйесін реформалау жайлы кейінгі жылдары көп айтылып жүр. Алайда, соттар Заңның салтанат құруына толық кепіл болып отыр деп айтуға әлі ерте. Сондықтан да, Президентіміз: «Судьялар мен осы қызметтен үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек», – деп орынды талап қойды.

Төртінші бағыт – жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамтудың әлеуметтік маңызы зор. Сондықтан да, Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен, келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс ашуға бөлу қажет», – деп, Үкіметке нақты міндет жүктеді.

Осы орайда, ең алдымен, оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте тиімсіз «имидждік» жобалар мен бағдарламадан бас тарту, даңғойлық пен ысырапшылдыққа жол берген шенеуніктерді қатаң жазаға тарту жөнінде берген тапсырмаларын бұлжытпай орындау қажет деп ойлаймын.

Бесінші бағыт – тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында мемлекет басшысы түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударып, Үкіметке бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді міндеттеді.

Алтыншы бағыт – әділетті әлеуметтік саясат жүргізу екендігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы мұғалімдердің ғана емес, дәрігерлердің де мәртебесін көтеретін заңдар қабылдауды ұсынды.

«Алты алаштың баласы бас қосқан жерде төр – мұғалімдікі» деп, Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаз беделі көтерілмей, білім беру саласы алға баспайтыны анық.

Жетінші бағыт – өңірлерді дамытудың жаңа бағыттары ретінде «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан» қағидасы қуатталып, азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді жергілікті деңгейде шешу тапсырылып отыр. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі одан әрі нығайтылмақшы.

Алдағы уақытта, әсіресе, демографиялық ахуалы төмен, автомобиль жолдары нашар, білім беруде, медициналық қызмет көрсетуде және таза ауыз сумен қамтамасыз етуде елеулі проблемалар бар солтүстік өңірлерге айрықша назар аудару қажет деп ойлаймын.

Сегізінші бағыт – Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басты рухани бағдарымыз болып қала беретіндігін және оны алдағы уақытта жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттау қажеттігін айтты.

Бұл ретте ойланарлық мәселелер де бар. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің қоғамдық санаға тигізіп отырған ықпалын талдап, талқылап, оларды мемлекетшілдік ұстанымды, ұлттық құндылықтарды қастер тұтуға міндеттемей болмайтындығы даусыз.

Тоғызыншы бағыт – сыртқы саясатта Мемлекет басшысы сындарлы, теңдестірілген, көп векторлы бағытымызды одан әрі жалғастыратынымызды, әлемдік аренада ұлттық мүддемізді нық қорғайтынымызды мәлімдеді.

Оныншы бағыт – жас ұрпаққа ерекше назар аударған Мемлекет басшысы жастарымыздың алдында Қазақстанның дамуында шешуші рөл атқару, прогрестің қозғаушы күші болу міндеті тұрғандығын атап айтты. Елбасының жастарға жасаған қамқорлығы одан әрі жалғастырылып, оларды жұмысқа орналастыру бағдарламалары енгізілмекші, мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жас талантты басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резервін» қалыптастырмақшы. Бұл ретте Президенттің жаңа кадрлық тағайындаулары көпшіліктің көңілінен шығатындығын, билікке білімді де, білікті, келешегі зор жас басшылар келіп жатқандығын айтқан жөн.

Жаңа Президентіміздің алға қойған маңызды міндеттерін ойдағыдай іске асыру үшін, ең алдымен, қоғамымыздағы тұрақтылық пен келісімді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әрбір азаматтың пікірі – біз үшін өте маңызды. Өйткені, халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз», деп айтқан бір ауыз сөзіндегі «татулық», «ынтымақ», «бірлік» сияқты үш құндылық біздің бүгінгі демографияшыл көңіліміздің түкпірінде жатуы керек. Осы үш құндылықты сақтай білу әрқайсымыздың тәуелсіздік алдындағы басты борышымыз болса керек.

Және де Қасым-Жомарт Кемелұлының бірінші кезекте Қазақстанның үшінші жағыртылуын, қазіргі өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен нақты айналысу мен аса мұқтаждарға көмек көрсету, қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қорғау, қашан да және қай жерде де Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау сияқты өзекті мәселелерді алға тартуының да үлкен стратегиялық маңызы бар ұстанымдар екендігін айтар едік. Бұл орайда нақтылы он міндеттің белгіленуі де, солардың кейбірінің қазірден жүзеге асырыла бастауы да жаңа Президентіміздің толыққанды мемлекетшіл тұлға екендігін айғақтап, сенімді нығайта түсетіні айдай ақиқат, ардақты ағайын!

Қ.Тоқаевтың енді бұған дейін толмай қалған тұсымызды толықтырып, болмай қалған кей ісімізді болдырып, өз халқымен бірге Қазақ елі тәуелсіздігінің жұлдызы жарқырата түседі деп сенеміз. Тек Жаратқан Иеміз жар болсын!

Е ТІЛЕПОВ

Шарапхана ауыл округі,

штаттан тыс тілші.