ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ

Жұма, 26 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 58 рет

Іс шара

 

Қазақ халқы үшін тарихи жадтың орыны бөлекше. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, шежіресі, ел қорғаған батырларының тарихи әңгімесі, ауыз әдебиеті, барлығы да кейінгі ұрпаққа есте сақтау арқылы жетіп отыр. Тарихи жадымыз – біздің ұлттық рухани қазынамыз, әрі рухани тамырымыз секілді. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары сол қазынамызға, рухани тамырымызға тереңдей еніп, тарихи сананы жаңғырту – Рухани жаңғырудың кепілі болатынын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берді. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданы орталық мәдениет сарайында «Тарихи сананы жаңғырту – Рухани жаңғырудың кепілі» атты тағылымы мол іс-шара өтті. Оны облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық әжелер алқасының төрайымы Үрзада Айтөреева жүргізіп отырды.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-інің тәрбие және жастар саясаты департаментінің директоры Сәкен Мәжімбеков, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Қайрат Анарбаев, Жігерген ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Балта Жүнісов, жігергендік жас ұстаз Айбек Молдасапаров және тағы басқалар сөзге шығып, ой-сананың кемелденуі үшін ең алғашқы кезекте қандай ұлттық тамырымызға, негіздерімізге сүйенгеніміз, үйренгеніміз мақұл екенін таратып, анық түрде баян етті. Әсіресе «Тарихи жад және қазақ тарихы» тақырыбын қозғаған Қ.Анарбаевтың айтқан дерек мағлұматтары киелі Қазығұрт ауданының қасиетті орындарымен байланысып, көпшіліктің көңілінен шықты. Ол тарихи жад болмаса, қазақ халқының ұлттық тарихы мен мәдениеті де қалыптаспайтынын айта келіп, сөзін: «Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың дүниетанымын ілгерілететін, ұлттық сананы кемелдендіретін қозғаушы күш. Рухани тұғыры берік, санасы ояу, білімі терең, мәдениеті озық елдің болашағы да баянды болмақ», – деп түйіндеді.

А.Молдасапаров: «Қоғамға бәрінен де бұрын ең басты қажет дүние – ұлттық мінез. Бұл қоғамның негізгі үлкен жетістігі болып саналады. Бұны иелену үшін қоғамға ықпал ететін тарихи сана. Жастардың бойында тарихи сананы жаңғырту үшін олар өмір мектебінен өтуі тиіс. Оларды өмір мектебінен өткізетін негізінен тәрбие, білім, содан соң тарихтың тағылымын білу. Осының негізінде өсіп келе жатқан жастың бойында тарихи сана қалыптасады», – деп келіп, жастардың бойында тарихи сананы жаңғырту үшін «Аналар мектебін», «Ақсақалдар институтын» қолға алуға ұсыныс айтты.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров тағылымды іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.