Арыстың бүгінгі мән-жәйі

Жұма, 26 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 130 рет

Тілшіміз хабарлайды

                                 

Үстіміздегі жылдың 24-маусымында Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай күллі қазақ жұртының назарында. Қазіргі таңда Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары жоғары деңгейде жүріп жатыр.

Төтенше жағдайдан кейін Арыс қаласының бүгінгі ахуалы қалай? Қаланы қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізілуде? Қала тұрғындарының кешегі оқыс оқиғадан кейінгі көңіл-күйлері қалай? Міне, осы сұрақтарға нақты жауап алу үшін арнаулы тілшіміз Жорабек Сүйеубеков Арыс қаласына барып қайтқан еді. Төменде тілшіміздің сол іс-сапардан дайындаған материалдарын ұсынып отырмыз.

Премьер-Министрдің сөзі сенім ұялатты.

Арыс қаласына таңғы сағат 9-ға 15 минут қалғанда аудандық «Арыс ақиқаты» газетінің бас редакторы, «Қазақстанның «Құрметті журналисі» Әбдімәлік Ағыбай әріптесіміз «Батыр бабалар» аллеясында күтіп алды. Бұрын біз көрген аллеяның көркінен жұрнақ та қалмапты. Ұрыс даласының орнындай гүлзарлар, саялы ағаштар жарылыстың зардабынан өртеніп, тік ағаштың күйген діңгегі ғана қалған.

Таяқ тастам жердегі теміржол вокзалының шатыры жоқ, қабырғалары қаңқайып, көріксіз күйге ұшыраған. Осы жағдайларды көзбен көріп, шын мәнінде, жарылыстың сойқан болғанын аңғардық.

Біздің көңілсіз таңданысымызды сезінген әріптесім Әбдімәлік Ағыбай сөзге араласты. Оның айтуынша, күні кеше ҚР Премьер Министрі Асқар Мамин іс-сапармен келіп, қаланы қалпына келтіру жұмыстарымен танысып ғана қоймай, істелген жұмыстардың сапасына тексеру жүргізетінін айтып, қала тұрғындарына сенім ұялатқанын жеткізді.

Қазір Арыс қаласында 1544 жекеменшік тұрғын үйде құрылыс жұмыстары аяқталған. 7089 жеке тұрғын үйде және 96 көп қабатты үйде қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен.

Құрылыс жұмыстары 126 жеке меншік үйде және 1 көп қабатты үйде жүргізілуде, 66 әлеуметтік нысанның 62-сінде қалпына келтіру жұмысы басталған. Жаңа 4 нысанда құрылыс қарқын алған. Жалпы, Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарына 207 компания, 7073 құрылысшы, 265 техника тартылған.

Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары 17 секторға бөлініп, атқарылуда. Әрбір секторға республикалық маңызы бар қала мен облыстар бекітіліп, жауапкершілікті облыстың аудан, қала әкімдеріне жүктеген.

Аймақ басшысы Ө.Шөкеевтің басшылығымен қала 7 секторға бөлініп, тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланы қоқыстан тазарту мақсатында 17 штаб құрылыпты. Әр облыстың, соның ішінде Түркістан облысының аудан әкімдері, Арыс қаласы әкімдігінің қызметкерлері тиісті аумақтарға жауапты болып бекітіліп, жұмыс жүргізуде. Оны өңір басшысы Ө.Шөкеевтің өзі күнделікті қадағалап, бақылап отырады.

Қаланы қалпына келтіру жұмыстары екі ауысымда жүргізіледі. Шілденің аптап ыстығына қарамай, жұмыс күні-түні жалғасуда. Жалпы, қалада 8401 үй тіркелсе, оның 7097-сі зақымданған. Сонымен бірге, 104 көп қабатты үйдің 94-іне жөндеу жұмыстары белгіленген.

Сондықтан, осы үйлерді жылдам әрі сапалы жөндеп, қалпына келтіру үшін құрылысшылар түнде де жұмысты жалғастыруда. Әсіресе, түнгі мезгілде үйдің шатырларын жабу қарқынды қолға алынған. Өйткені, күн ыстықта черепицаны қолмен ұстап, жабу мүмкін емес. Жалпы, құрылыс жұмысына еліміздің 14 облысы мен 3 қаласынан 5 мыңдай құрылысшы, 200-ден астам мердігер тартылған. Жергілікті тұрғындар қарап қалмай, ақылы құрылыс жұмысына қабылданған.

Қала тұрғындарының көңілінен шыққаны – апта сайын өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі. Бұл шара оқыс оқиғадан жүрексініп қалған тұрғындарды азық-түлікпен қажетті өнімдермен қамтамасыз етуге оң ықпал етуде. Жәрмеңкеге облыстың барлық аудандарынан 50-ге жуық тауар өндіруші 150 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін базар бағасынан 30 пайыз төмен бағада сатқаны көптің ойынан шыққан. Мұнда қауын-қарбыздан бастап, ақтүйнек, пияз, қырыққабат, қияр, қызанақ, сәбіз сынды өнімдер тұтынушылардың қажетін өтеуге сеп болуда.

Арыс қаласында 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру «Самұрық - Қазына» әл-ауқат қорына тапсырылған. Онда 54 білім нысандары, 4 спорт алаңы, сондай-ақ, денсаулық сақтау нысандары, т.б. бар. Оған 1097 құрылысшы, 47 техника жұмылдырылған.

Әрбір секторға бекітілген облыс басшылары да араға күн салмай келіп, өздеріне тапсырылған жұмыстың сапасы мен қарқынына бақылау жасаумен бірге белгіленген мерзімде жұмысты аяқтауға барынша көңіл бөлуде. Біздің алдымызда ғана №3 секторға жауапты Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы келіп, өздеріне тиесілі сектор тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-тілегін тыңдап, оны орындауға уәдесін беріп кетіпті.

Сол секілді №1 секторға жауапты Атырау облысының әкімі де келіп, Жетісай ауданының құрылысшыларымен бірге өздеріне тапсырылған жұмысты жедел аяқтауға жұмылып жатқандығын ісімен көрсетіпті.

№12 секторға бекітілген Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Арыс қаласына келіп, құрылыс барысы мен штаб жұмысымен танысыпты. Сапар барысында тұрғын үйлерді аралап көріп, меншік иелерімен жүздесіп, олардың талап-тілегін тыңдаған. Бұл секторда 789 тұрғын үй бар. Оның ішінде 472 үйге ақау актісі жасалып, жөндеу жұмыстары басталған. Бұл секторға облыстың Келес ауданы бекітілген екен. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің 50 пайызынан астамының жөндеу жұмыстары аяқталған.

№17 секторда жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен де таныстық. Өйткені, бұл секторға жауапты – Ақмола облысы мен Қазығұрт ауданың әкімдігі. Жарылыс зардаптарын жою жөніндегі штабқа Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы мен Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов жетекшілік етеді. Берген мәліметтеріне қарағанда, 465 үйдің 335-і зақымданып, жөндеуді қажет етеді екен. 11 көшенің санитарлық тазалығы мен көше тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету, жеңілдетілген жәрдемақы және несие алуға құжаттар дайындау, оларды тіркеу секілді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанынан хабардар болдық.

Тағы да бір байқағанымыз, халыққа қызмет көрсететін банктер, емханалар, қызмет көрсету орталығы, бала бақшалар, сауда жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұр. Әр сенбі сайын қала халқы сенбілікке шығып, қала көшелерінің санитарлық тазалығына барынша мән беруді дәстүрге айналдырыпты.

Тұрғындарды сауықтыруға да көңіл бөлінуде

Жарылыс зардабынан психологиялық жағдайға тап болған қала халқына көмек ретінде сауықтыру орындарына жолдамамен жіберу жұмыстары да жүйелі түрде қолға алыныпты. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей бастамасымен 200-ге жуық арыстық азамат «Мейір» демалыс орнына аттанған. Жалпы, шілде-тамыз айларында 1360 арыстық азамат сауықтыру орындарында демалатын болады.

Ересектер мен бірге арыстық балалар да жаз бойы лагерлерде демалады. Жалпы, 4010 бала еліміздің түкпір-түкпіріндегі ең көрікті де, жайлы лагерлерде денсаулықтарын нығайтып қайтады. Қазірдің өзінде 1572 жас жеткіншек жазғы лагерлерде демалуда екен.

Арыс қаласының тұрғындары үшін жағымды жаңалықтың бірі – төтенше жағдайға байланысты әрбір тұрғын үшін 100 мың теңге көлемінде өтемақының берілуі. Атап айтқанда, Арыс қаласы бойынша – 44994, Ақдала ауыл округінде – 4324, Қожатоғай ауыл округінде – 4232, Дермене ауыл округінде – 2052 адам. Жалпы, бірінші кезекте 55602 тұрғынға 100 мың теңгеден 5,6 млрд. теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланған екен. Өтемақы төлеуге ҚР Үкіметінің резерві есебінен 3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 7 млрд теңге және арнайы құрылған «Түркістан» әлеуметтік қорына түскен қаржыдан 1,6 млрд теңге бөлінеді. Жергілікті тұрғындардан құжаттарды қысқа мерзімде жинауға Арыс қаласындағы 17 секторда бекітілген тиісті мамандар және қала, аудан әкімдіктерінің қызметкерлері жұмылдырылған. Олар 2019-жылдың 3-шілдесінен бастап, өтемақы алуға өтініштерін қабылдап, жинақтау үстінде.

Алдағы аптадан бастап, қала тұрғындарына өтемақы төлеуді бастайтын болады.

«Арыс. Біз біргеміз! акциясы бойынша әлі де еліміздің шартарабынан көмек қолын созушылар қатары сейілмеген. Біз Арыс қаласында болғанымызда Байырқұм ауылдық округінің кәсіпкерлері мен жастарының ұйымдастыруымен азық-түлік пен 15 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмек 6 отбасыға ұсынылды.

Сондай-ақ, сол күні «Ембі-мұнай» компаниясының өкілдері Ғалия Қаражанова, Айнұр Халенова арнайы келіп, арыстық 400 баланы жаңа киім-кешекпен киіндіріп, арыстықтардың алғысын арқалап кетті.

Қазығұрт ауданы «Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Тәңірберген Құралбаев, Көкібел ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Әбді Тілемисов, бірлестіктің белді мүшесі, Жаңаталап ауылының абыройлы қариясы Жақсылық Алханов, осы топта мен де болып, арыстықтардың бүгінгі жағдайымен таныса келіп, бірлестік атынан қомақты қаржыны Арыс қаласының тұрғыны, бір баласы бар, екінші баласын асырап алған, жесір ана, кешегі жарылыстан үйінің сау-тамтығы қалмаған Тәшбибі Абдуллаеваға қолма-қол табыс еттік. Жарылыстан әбден үрейленіп қалған Тәшбибі ана көзіне жас ала отырып, өткен сойқан салған күнді былай еске алады:

       Велосипедімді мініп, үйімнен ұзай қойғаным сол еді, гүрс еткен

дауыс есімнен жаңылыстырып, велосипедтен қалай түсіп, қалай қайда қашарымды білмей сасқалақтап тұрып қалдым. Сәлден соң шулаған жұрт, азынаған машиналарға мінген адамдар бастары ауған жаққа қарай кете барды. Мен де сол топқа ілесіп жүре бердім. Жұртта ес жоқ. Әркім әртүрлі сөз айтады. Зуылдаған снарядтар жан-жағымызға ұшып-келіп, түскен жерін тас-талқан етіп, отқа орауда. Үйіме снаряд түсіп, жермен-жексен етті. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, бау ішін паналап отырмыз. Үкіметке рахмет, қазір Павлодар облысының әкімдігі үйімді қайтадан соғып, шатырын жабуда. Оларға да алғысым шексіз! Оның үстіне Сіздер де келіп, қайғымызды бөлісіп, көмек қолдарыңызды созып жатырсыздар, айтар алғысым шексіз, – деп, Ташбибі Абдуллева өз ойын осылай аяқтады.

«Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігі – бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұйым. Қашан да ел бірлігіне қызмет етіп келеді. Бірлестікке 45 азамат мүше. Бәрінің де өмірлік тәжірибесі бар, абырой-беделге ие жандар. Арыста орын алған төтенше жағдайға байланысты алғашқылардың алды болып осы бірлестіктің белді мүшелері кәсіпкерлер Сырым Ертаев, Нұран Жұмабаев әрқайсысы бір миллион теңге көлемінде қаржылай көмегін ұсынса, бірлестіктің басқа мүшелері де қарап қалмай, шама-шарқынша қаржылай көмегін арыстықтарға табыс етті.

Осы бірлестіктің белсенді мүшесі, Көкібел ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы Әбді Тілемисов та ауыл ақсақалдары атынан 200 мың теңге көлеміндегі қаржыны арыстықтардың көмек қорына аударды.

Бүгінде арыстықтар да ептеп естерін жия бастаған. Күн санап қала қалпына келуде.

       Арыс халқы өткен сойқанды күндерде елі, халқы үшін жоғары адами қасиет танытқан, балаларды қорғап, адамдарға көмек қолын созған, тіпті, өзі ажал арасында жүрсе де адамгершілік білдірген, көзсіз ерлікке барған бүгінгі күннің батырларын анықтап, оларға құрмет пен ізет көрсете бастауы қашан да құптарлық іс.

       Арыс қаласындағы бір күндік іс-сапарымызда қаншама қала тұрғындарымен жүздестік. Кешегі болған төтенше жағдай арыстықтардың санасына салмақ салғандай. Бұл ауыр ойдан арылуға тек, уақыт қана емші, әрі төреші бола алады.