Гектар түсімі көңіл қуантады

Жұма, 26 Шілде 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 112 рет

Алтын орақ – 2019

 

Үстіміздегі жыл диқан қауымы үшін аса табысты болды. Оған басты себеп, көктем егінге қолайлы жағдай туғызды.

Мезгілінде жауған жылы жаңбыр масақты дақылдың жан-жақты өсуіне, толық дән байлауына мүмкіндік ашты. Жапыра жатқызып, егін алқабын ұйпа-тұйпа ететін жел де болмады. Міне, мұның өзі егіннің өз дәрежесінде өсуіне, толық дән байлауына сеп болды.

Әрине, диқан қауымы егіндікті үстеп қоректендіру, түрлі агротехникалық шараларды жүзеге асыруды да ұмытқан жоқ, керісінше, ауыспалы егіс жүйесін дамыту, жоғары сапалы ұрықтық дәнмен қамтамасыз ету мәселелеріне де орынды мән берді.

Міне, диқан қауымы үшін жауапты кезең – егін орағы да басталып кетті. Жалпы, ауданда 35900 гектарға астық егілсе, бүгінгі таңға 19247 гектар егін орылды. Гектар түсімі де жақсы. Әр гектардан өнім 24,7 центнерден айналуда.

Ал, егілген арпа көлемі 4500 гектар болса, оны ору аяқталып келеді. Гектар байлығы да көңіл қуантады. Әр гектардан орташа 24,3 центнерден түсуде.

Бүгінгі таңға егін орағына аудан бойынша – 218, оның ішінде 27 су жаңа комбайн егін оруға қатысуда. 144 автомашина, 102 доңғалықты трактор бітік өнімді тасудың үдесінен шығуда.

Егін алқаптарын тілсіз жау-өрттен қорғауға да диқандар аса мән берген. Тәулік бойы күзет ұйымдастырылып, өртке қарсы штаб жұмысын мүлтіксіз орындауда. Оған тиісті өртке қарсы құралдар мен қоса су таситын автомашиналар бөлінген.

Диқан қауымы жыл бойы төккен маңдай терінің қайтарымы мол болатынына сенімді. Өйткені, мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағада тыңайтқыш, жанар-жағармай алып, оны тиімді пайдаланудың арқасында жоғары өнімге қол жеткізетіндеріне қуанышты.

Бүгінгі таңда егін ору қарқыны, гектар түсімі жөнінде «Сапа-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары көш бастап келеді.

Серіктестік төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Ашировтың жетекшілігіндегі диқандар 1115 гектарға астық егіп, оның 670 гектарына орақ салды. Әр гектардан 32 центнерден өнім жинады.

«Аманкелді» ЖШС-нің төрағасы Н.Құраловтың басшылығындағы диқандар ісі қарқынды. Олар 1000 гектарға күздік егін салып, орақты аяқтау үстінде. Гектар байлығы орташа есеппен 30 центнерден айналуда.

Ал, шанақтық Шаяхмет Тайсалов жетекшілік ететін «Тұрсын ата» өндірістік кооперативінің диқандарының егін орудағы өрелі істері көпке үлгі болуда. Олар 662 гектар алқапқа масақты дақыл өсіріп, оның 510 гектарын орып үлгерді. Гектар түсімі 30 центнерден кем емес.

Жыл сайын аудан диқандары күзгі жиын-терім науқанында облыс аудандары арасында көш бастап, жоғары биіктен көрініп келсе, биылғы жылы да жеңімпаздар тұғырынан көрінетініне сенімім мол. Оған ауданда алтын орақтың қарқынды басталып, диқандардың егін орағын қысқа мерзім ішінде төкпей-шашпай жинап алу жөніндегі ұмытылыстары нағыз дәлел бола алады.

М.ЖОЛДАСОВ,

аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы.