Жастар білімге талпыну керек

Жұма, 02 Тамыз 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 194 рет

                                                                                       Рухани жаңғыру

               

Қазір әлем бәсекеден сыңсып тұр. Бәсекеден тыс қалған бір де бір сала жоқ. Ал, барлық саланың қарыштап дамып, өркендеп өсуі – білім мен ғылымның даму қарқынына тәуелді. Мұны Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерекше атап көрсетті: «Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атауды ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт.
Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».

         Міне, осыны біз де ескеруіміз керек. Қазір білім алам деген жастарға мүмкіндік мол. Ұлы Абай атамыз да: «Адам мен адамды теңестіретін – білім» деп өткен ғасырларда-ақ айтып кеткен. Үстіміздегі жылды Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Жастар жылы деп бекер атап кеткен жоқ. Қоғамның қозғаушы күші жастар болғандықтан, жаңа буынға серпінді леп беруді көздеген. Алдымен, рухани жаңғыру тақырыбын кеңістікке шығарды. Өйткені, рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн.

Сосын тағы есіме Абай атамыздың мына өлең шумағы оралады: “Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім». Қазіргі өскелең ұрпаққа осыны көбірек насихаттап, үгіттеу керек сияқты. «Жастай берген тәрбие, жас қайыңды игендей» емес пе? Ендеше, балауса кезеңді білімге арнайтындай жол тапсақ, мемлекеттің қуаттылығын артырар едік. Біліммен қаруланған азаматтарымыз бәсекеге қабілеттілікті арттырар еді. Болашаққа жақсы бағдар жасағымыз келсе, барлығымыз да капиталымызды білімге, күш-жігерімізді өнегелі тәрбие беруге жұмсауға тиіспіз. Рухани жаңғыру – жауыр болмайтын, күнделікті ұран ететін өзекті тақырып. Сондықтан, күн сайын өмірімізді, қоғамымызды рухани жаңғыртуға, пайдалы іс жасауға бағыттап, бекзат болмыс қалыптастырайық!

Динара ЖАППАРОВА,

Қазығұрт аудандық «Жастар ресурстық

орталығы» әлеуметтік психологиялық

сүйемелдеу қызметі секторының

әлеуметтік қызметкері.