Қазығұрттан фронт-офис ашылды

Жұма, 02 Тамыз 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 209 рет

Игі іс

 

Аудандық ішкі істер басқармасының қасынан фронт-офис ашылды. Халыққа қызмет көрсетудің заманауи стандарттары ескерілген ғимаратта барлық жағдай жасалған. Енді тұрғындар құқық қорғау саласында кәсіби мамандардың көмегіне жүгініп, күрмеулі мәселесін шешуде мүмкіндікке ие болып отыр.

            Жуырда қызмет сапында жүріп қаза болған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған ескерткіш тақтаның ашылуы және халықтық кеңсенің (фронт-офис) ашылуы салтанаты қатар өтті.

         Полицияда қызмет жасау – маңызды да жауапкершілігі мол жұмыс. Адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, қылмыс пен күресу үлкен міндеттерді жүктейді. Жиынға қаза болған қызметкерлердің отбасы, туған-туысқандары да шақырылды. Аталмыш шараға аудан әкімі Т.Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы Ө.Көпеев, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ә. Сейдуалиев, Түркістан облысы ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Жанқожаев, аудандық ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұматаев қатысты.

– Күні-түні Отанын күзетіп, өз жанын пида еткен қызметкерлеріміздің ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды»,– деген Б.Момышұлы атамыз. Ауданымыздың тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін өз мойындарына алып ерінбей еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына алдағы уақытта тек сәттілік тілеймін,– деді аудан басшысы Т.Телғараев.

– Фронт-офис заман талабына сай құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, компьютерлер мен қажетті кеңселік заттармен толық қамтамасыз етілген. Біздің салаға қатысты ақыл-кеңес сұрап келетін аудан халқы үшін бұл үлкен мүмкіндік деп білемін. Мұнда тұрғындарға бөлім қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқықтық кеңестер беріп, мәселелерін жедел шешудің бірден бір жолы деп білемін. Оған жергілікті полиция қызметкерлері, әкімшілік полиция бөлімшесі, тергеушілер, анықтау және көші-қон қызметінің қызметкерлері қатысады, – дейді Қазығұрт аудандық полиция басқармасы бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Бахыт Сейсебаев.

         Ал, аудандық ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұматаев: «Осынау салада еңбек еткен әріптестеріміздің құрметіне орай ескерткіш тақтаны орнатуда демеушілік жасаған барша ішкі істер органдарының ардагерлеріне үлкен алғысымды білдіргім келеді. Кейінгі жастарымызға үлгі боларлық, партиоттық рухты көтеретін осындай іс-шаралар мұнымен тоқтап қалмай, жалғасын табады деген сенімдемін», – деді.

                                                                                  

       Асия ДАУЛЕТБЕК.