Ауыл округі атауы өзгерді

Дүйсенбі, 19 Тамыз 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 572 рет

                         Ономастика

 

Қашанда ел атауын халық береді. Қазығұрт халқымыздың ежелден бері мекендеп, суын ішіп, өсіп-өніп, өмір сүріп келе жатқан кең жазира жері. Оның айдын-шалқар көлдері мен мөп-мөлдір бастау қайнарларының, кең-байтақ, ұлан-ғайыр даласының атаулары – халық тарихы, қоғам өмірімен біте қайнасып, ғасырдан-ғасырға ұласып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, кейінгі буындарға мирас болып отырған мәдени мұра, өшпес шежіре, халықтың шынар ойы, ұшқыр қиялы, данышпандық зердесі мен ұлттық мінез-құлқы, барша болмыс-тірлігінің көрінісі.

Ауылда ғұмыр кешкен көнекөз қариялардың айтуынша, бек-болыстардың сол замандағы жер дауы мен жесір дауын, баса көктеп барымта, жасаушылардың да дауын шешіп, қарапайым халыққа жеткізіп отырған. Тұрмысқа қатысты дау-дамай мәселесі де күнделікті осында шешімін тапқан. Сол секілді Шарапхана ауылы Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан, тоғыз жолдың торабына, Келес, Талдыбұлақ, Жіңішке үш өзен тоғысқан жеріне қоныстанғанына тарих куә.

Сондықтан, келер ұрпақ тарихтан тағылым алу үшін елдігімізді әйгілейтін, ұлттығымызды ұлықтайтын тарихи атауларымыздың тарихи шежіре екендігін санаға құю – басты міндет. 2019-жылғы 19-маусымдағы «Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы» №133 Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы мен Түркістан облыстық мәслихатының шешімі негізінде Қазығұрт ауданының Шарапхана ауылдық округі – Сарапхана ауылдық округі болып, Шарапхана елдімекені Сарапхана елдімекені болып қайта тарихи атауымен өзгерді.

Б.КУЛИМОВА,

аудандық мәдениет

және тілдерді дамыту бөлімінің

бас маманы.