Қолдауға лайық бастама

Дүйсенбі, 19 Тамыз 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 515 рет

 

Қазығұрт ауыл округі әкімі Қайрат Садықовтың елдімекендерді күл-қоқыстан тазарту, көшелерді, тұрғын үйлерді ретке келтіру жөніндегі ауылдастарына арнаған Үндеуі, шын мәнінде, аса құптарлық бастама. Ең бастысы ауыл әкімінің өзі бас болып, елдің санитарлық жағдайын жақсартуға ауыл тұрғындарын жұмылдыра білгендігінде.

Бастаманың көтерілгеніне айдан астам уақыт өтті. Сол кездегі ауыл көшелерін бүгінгі күнмен салыстырып көріңізші. Ауыл ажарлана түскендей. Ауыл тұрғындары бірінен-бірі қалмай үйлерін, қора-қопсыларын ақтап, бояп, өзгеше бір көрініске енгізген. Өзіне де, келген қонақтарға жағымды іс емес пе?!

Қазіргі таңда демеушілердің және тұрғындардың есебінен орталықтағы көп қабатты үйлер ретке келтірілуде. Демеушілер қажетті әк, бояумен қамтамасыз етсе, тұрғындар үйдің айналасын күл-қоқыстан тазалап, есік-терезелерін сырлап, қабырғаларын әкетеумен айналысуда.

Таяу күндері №11 колледж маңындағы ауылдың төменгі жағындағы көп қабатты үйлер толығымен ретке келтірілетін болады. Бұған үй иелері де, ауылдастары да қол ұшын беруде.

Қолдауға лайық бұл бастама ауыл тұрғындары үшін дәстүрге айналып қалса деген ұсынысым бар.

Ж.МАХАНҰЛЫ,

Қазығұрт ауылы.