Облыс басшысының басқаруымен өткен жиында жемқорлықпен күрестің оң нәтижелері айтылды

Дүйсенбі, 30 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 387 рет

Түркістан облысында "Ашық бюджеттік интерактивті картасы" жүзеге асып, мемлекеттік мекемелерде "Халықтық кеңсе" ашылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басқаруымен өткен жиында айтылды.
Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесі талқыланған басқосуда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі өкілдері, аудан – қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. "Transparency International үкіметтік емес халықаралық ұйымы жүргізген зерттеу нәтижелері Қазақстанда жемқорлықпен күресте оң өзгерістердің орын алғанын көрсеткен. Бұл еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күреске қарсы бағытталған нәтижелі жүйелі жұмыстың бар екенін тағы да дәлелдейді. Тақырыптың өзектілігіне тоқталған аймақ басшысы маңызды мәселенің жеке бақылауында екенін айтты.
– Біз ең таза өңір болуымыз керек. Осы бағытта жұмыс істейік. Басшылықта отырған азаматтар бұл мәселені өз бақылауында ұстап, күнде қадағалап отыратын болсын. Сұрау сіздерден. Біз нағыз еңбекқор, таза ниетті жандар мекен еткен қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жемқорлықпен күресу үшін әркім өзі таза болуы керек. Оған жол бергендерге қатаң шара қолданатын боламын. Ашықтық – басты міндет, басты ұстаным. Осы тұста мемлекеттік мекемелер арасында "Ашық бюджеттік интерактивті картасы" жобасын да қолға алу керек, - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Бұл жоба – бюджеттен бөлінетін қаражатты жариялау және бақылау, шағымдарды, пікірлерді жинау және ақпаратты талдауға арналған жалпыға қолжетімді сыртқы ресурстағы сервис. Сондай-ақ, Карта нақты уақыт режимінде әлеуметтік нысандарды салу, жөндеу және күтуге бөлінген бюджет қаражаты туралы толық мәліметті көрсетеді. Жемқорлықтың тамырын жойып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – қоғамның өзекті мәселесі. Бұл тұста облыс әкімі өңірде атқарып жатқан жұмыстардың бірі – "Түркістан – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жұмысын атап өтті. Тиімділігін көрсеткен жоба аясында нәтижелі жиындар өткізіліп, мыңға жуық мемлекеттік қызметкерге, 8 мыңнан астам тұрғынға құқықтық кеңес берілген. 40 ауылдық округтерде ҚАУІПСІЗ АЙМАҚ бұрыштары ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында облыс көлемінде 1700-ге жуық шара ұйымдастырылған. "Саналы ұрпақ" жобалық кеңселері облыстағы 29 мемлекеттік және 19 жекеменшік колледжде ашылып, жұмыс жасауда. Полицияда фронт-офистер ашылып, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және мемлекеттік мекемелерде сатушысыз өз-өзіне қызмет ету форматында 818 "Адалдық дүкендері" ашылды. "Түркістан қалалық емxанасы" пилоттық үлгіде Жобалық кеңсе іске қосылды. Алдағы жарты жылдықта барлық емхана мен ауруханалар автоматтандыру мен цифрландыру процесінен өтетін болады.

Түркістан облысы әкімінің
баспа сөз қызметі.