Қазығұрт ауданының прокуроры ауыл округі тұрғындарымен кездесті

Дүйсенбі, 30 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 417 рет

Халықтың прокуратура органдарына деген сенімін арттыру іс-шаралары аясында Қазығұрт ауданының прокуроры Қорғанбаев Батыр Ноғайбайұлы Қазығұрт, Сарапхана, Алтынтөбе, Қақпақ, Шанақ және Шарбұлақ ауыл округінің 300-ден астам тұрғындарымен кездесу өткізді.
Халықпен кездесуге аудан әкімдігі мен ауыл округі әкімдігінің қызметкерлері, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары, уәкілетті органдар мен полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында сұрақтардың басым көпшілігі әлеуметтік мәселеге қатысты қойылды, оның ішінде ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу жұмыстары, аз қамтамасыз етілген отбасыларды әлеуметтік жәрдемақылармен қамтамасыз ету проблемалары, ауыл шаруашылғы мен тұрғын үйге жер телімдерін табыс ету мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, аудан прокуроры қадағалау, аумақтағы қылмыстылық жағдайға ерекше тоқталып, құқық қорғау органдары тарапынан жеке мүлікке қарсы қылмыстардың, оның ішінде мал, пәтер ұрлығын азайтуға бағытталған жұмыстар туралы атап өтті.
Ал, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстарды болдырмау мақсатында жергілікті ауыл билерінің қатысуымен білім беру мекемелерінде кездесулер өткізуге шешім қабылданды.
Сондай-ақ, алаяқтық қылмыстардың алдын алу мен оларға қатысты жол бермеу бағытында нақты мысалдарды атап көрсетіп, сақтану қажеттігі және учаскелік полиция қызметкерлері тарапынан арыздарды қабылдамау немесе басқа да заң бұзушылықтар бойынша шағымдану тәртібі мен тексеру тәртіптеріне түсіндірме берді.
Батыр Ноғайбайұлы прокуратура органдарының азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтіп, прокуратурада азаматтарды қабылдау орталығы ашылғаны және әрбір азаматтың арызы тиісті түрде қаралатыны туралы хабарланды.
Қаралған әрбір мәселе жөнінде тиісті ұсыныстар мен түсініктемелер, ал прокуратура қызметкерлеріне нақты бақылау жүргізу бойынша тапсырмалар берілді.
Кездесу нәтижесінде аудан прокуроры осы тектес шаралардың жалғастырылатыны, мемлекеттік органдарға елді мекендерге шығып, халықпен кездесу арқылы түсіндіру жұмыстарының жүргізу маңыздылығы атап өтілді.


Қазығұрт ауданы прокуратурасы.