Маңызды міндеттер жүктелді

Дүйсенбі, 30 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 365 рет

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына бірінші Жолдауын жариялады. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауда мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңге қадам басу керектігі айтылды.
Жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу жолында елімізде келесі жылы аталып өтілетін әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын халық болып бірігіп ысырапшылдыққа жол бермей, жоғары дәрежеде өткізіп, ұлағатты ұрпағына өлмейтін мұра қалдырған ғұламаларымыздың елеулі еңбектерін халық арасында дәріптелуі керек екендігіне баса мән берілді.
Қала мен ауылды дамытудың ең ұтымды жолы – тиімді шағын және орта бизнесті өркендету екендігі көрсетілді.
Еліміздегі білім саласына тоқталған Президентіміз, жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалатындығын ескертіп, соның нәтижесінде жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайтындығын айта келе, кейіннен олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың шырмауына түсетіндігін атап өтті.
Осы орайда біз, осындай келеңсіз жағдайларға жол бермеу үшін оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру және ауылды жерлердегі дарынды балаларды іріктеп, отандық, шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, сондай-ақ, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сін ашып, барынша қолдау көрсетуінің өзі жастар тарапына мемлекеттен жасалған қамқорлық деп санаймын.
Ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың сапасын арттыру мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту жөніндегі ұсынысы да жастардың өмірден өз орындарын табу мәселесінде тамаша мүмкіндіктер туғызатыны анық.
Елімізде келесі 2020-жыл – «Волонтер жылы» деп жарияланды. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе, жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет.
Бұл Жолдау жастарды алға жетелеуде үлкен серпін беріп, Тәуелсіз еліміздің көк байрағының желбіреуіне үлес қоса береді деген сенімдеміз.

Перизат СӘБИТХАНҚЫЗЫ,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы»-ның
басшысы.