Мәдениет қызметкерлері Жолдауды қолдайды

Дүйсенбі, 30 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 351 рет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегіне айналған егемен елімізді жаңа жетістіктерге жетелейді.
Президент өзінің Жолдауында қазіргі қоғамдағы бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Қазақ тілінің тағдыры, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеу, мәдениет саласының қызметкерлерін қолдау туралы айтылған өзекті ой-пікірлері жұртшылықтың жүрегін жылытып, көңіліне рухани күш-қуат береді. Жолдауда нашақорлық, адам зорлау, педофилия, адам саудасы тәрізді айтылған мәселелер бүгінгі таңда жаһан жүзіндегі адамзат баласының дертіне айналғаны ақиқат. Еліміздің жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдауында Мемлекет басшысы келесі жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтетінімізді айтты. Бұдан бұрын Президент Абайдың мерейлі мерекесі ЮНЕСКО дәрежесінде атап өтілетіндігін айтып, қазақ халқын қуантқан болатын.
Бұл Жолдауда мәдениет қызметкерлерін қолдау туралы айтылды. «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек», – деді. Осы орайда тұрмысы оңалған, жағдайы жақсарған мәдениет қызметкері аянбай қызмет ететініне кәміл сенім білдіремін және еліміздің гүлденіп өсуіне, болашағымыздың жарқын болуы үшін бірлесіп еңбек етуге шақырамын!
Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі барша қазақстандық отандастарымыздың қағидасы болсын!

Раушан ЕШМҰХАМБЕТОВА,
аудандық мәдениет сарайының әдіскері.