ДИХАН ҚАУЫМЫНЫҢ ҚАДІРЛІСІ

Дүйсенбі, 30 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 436 рет

Табиғаты ерекше, өз мамандығын өте жақсы көретін жандардың бірі – Базарбай Садықов. Оны аудан диқандары өте жақсы біледі. Бұл кісі де оларды жақсы таниды. Тіпті бәрінің атын атап, түсін түстеп бер десеңіз, одан жаңылысатын Базекең жоқ.
Қоңыр даусымен әрбір диқанның жеткен жетістігі мен біліктілігін анықтай отырып, айта бастайды. Тыңдап отырып, Базекеңнің білгірлігіне, жайдары мінезі мен кішіпейілділігіне тәнті боласың.
Асып-тасып кетпейді, жүріс-тұрысы да бір қалыпты. Артық сөзі тағы да жоқ. Киген киімі де қарапайым. Дауыс көтеріп, біреудің артынан сөз айту, оның ойы түгіл, қаперінде жоқ.
Сол Базекең өз мамандығын жан-тәнімен сүйген азамат. Мамандығы – агроном. Өзге құрбы-құрдастары секілді Базарбай да арман қуып Алматыға жол тартты. Ондағы мақсаты Алматы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, агроном мамандығына ие болу еді. Арманы алдамады, агроном мамандығын алып елге оралды.
Алғашқы еңбек жолы да сәтті басталды. Сарыағаш ауданына қарасты «Красный водопад» мемлекеттік селекциялық станциясында ғылыми қызметкер, Ленин аудандық ауыл шаруашылық басқармасында бас агроном қызметтерін атқарды. Өз ісіне әрқашан тындырымды, мамандығының қыры мен сырын жақсы білетін, Базекеңнің еңбегі аудан басшыларының назарынан тыс қалмады. Базарбай Садықовты аудандық «Агрохимия» өнеркәсіп бірлестігінің төрағасы етіп қызметін жоғарылатты. Мұнда да, ол іскер де, ұйымдастырушы басшы ретінде танылды.
Ауыспалы егіс жүйесін, тыңайтқыштарды тиімді пайдалануды жетік білетін Базекеңді, аудан басшылығы іргелі шаруашылық Энгельс атындағы колхозға бас агроном етіп жіберді. Шын мәнінде, ол шаруашылық дихандарымен қоян-қолтық араласа жүріп, өзі де шыңдалды, диқандардың да шынайы алғысына ие болды. Өйткені, Базекең білгенін диқандарға үйретуден жалыққан жоқ. Осы тынымсыз тірлігі де диқандар көңілінен шықты.
Б.Садықов осы қызметін жалғастыра берер ме еді, егерде колхоз тарамағанда. Содан аудан басшылығы оның білікті агроном екендігін ескеріп, бірден аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке шақырып, өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік жасады.
2015-жылы өз қызметіне адал, аудан диқандарының жанашыры Базекең зейнеткерлікке шықты.
Зейнет демалысына шықса да Базарбай Нұрышұлы қол қусырып қарап отыра алмады. Сулы жерден түрлі көкөніс өсіріп, кәсібінің нәсібін теріп жүрген көне көз диқандар, әрдайым Базекеңнің үйіне іздеп келіп, оны күту, қандай химикат, дәрі-дәрмектер, қандай минералды тыңайтқыштар пайдалану керектігін, тіпті, ауа райының қандай мезеттерінде іске асыруын сұрап, үнемі кеңес беруін өтініп жүрді.
Табиғатынан адамдарға жақсылық жасап, қол ұшын беруге бейім Базекең асықпай-саспай диқандарға білгенін үйретуден әсте жалыққан емес. Осы қасиетін ауданның диқан қауымы жоғары бағалайды. Диқандардың жанашыры, қамқоры деп құрмет тұтады. Ісін, адамгершілік қасиетін өзгелерге мақтан етеді.
Міне, ауыл-аймаққа қадірлі болған Базарбай Нұрышұлы алтын күзде 70 жасқа толып отыр. Бұл – аз жас емес. Артында еткен еңбегінің жарқын ізі жатыр. Елден ерек ауданның ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегі де елеусіз емес. «Астанаға – 10 жыл», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Кәсіподақтары ұйымының «Алтын» медалімен және облыстық мәслихаттың «Құрмет» грамотасымен, аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Сонымен бірге Базарбай аға үлгілі отбасының иесі. Зайыбы Күлзина жеңгеммен отбасы құрғанына 50 жыл толып, өмірге 2 ұл, 1 қыз әкеліп, бәріне жоғары білім әперді. Қазіргі күні 6 немеренің қызығына бөленіп отырған жағдайы бар.
Зайыбы Күлзина Алматы медицина институтын бітіріп, аудандық ауруханада 37 жыл дәрігер қызметін атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Ұрпақтарына бүгін заман талабына сай білім беріп, бәрінің де өмірден өз орнын жаңылыспай табуына, әрдайым адал еңбек етіп, абыройлы болуына ақылын айтып, кеңесін беріп отырады.
Бүкіл саналы ғұмырын Жер-Анаға арнаған, диқан қауымының қадірлісі атанған Базарбай ағамызды мерейлі 70 жасқа толған күнімен құттықтаймыз. Оның егіншілік саласымен айналысып жүргендерге ғана емес, аудан жұртшылығына да елі десе елеңдеп, жанашырлық танытуға ұмтылып тұратын аптал азаматтың ортамызда жүргендігі қандай жақсы! Сондай-ақ, бір айтайын дегеніміз, Базекең «Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы» деген атаққа өте лайықты. Осыны аудан басшылары еске алса деген тілегіміз бар.

Асан ТӨЛЕШОВ,
Қарабау ауыл округінің әкімі.