Әлеуметтік көмектің қайтарымы болуы тиіс

Сейсенбі, 22 Қазан 2019 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 149 рет

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған алғашқы Жолдауында тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектің жүйесін одан әрі дамыту қажеттігіне айрықша тоқталды.

      Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда, – деді Мемлекет басшысы.

      Алайда, бірқатар шешімдер жан-жақты сарапталмай қабылданды. Нәтижесінде, бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан. Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 2017-жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті.

Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасырыратындар көбейді. Жағдайы бар отбасылардың әлеуметтік көмек алатынытуралы деректер бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын.

Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмектің берілуіне үлкен жауапкершілікпен қарауды міндеттеп отыр.

Сол үшін бұл көмекті әлеуметтік жағынан қорғалатын әлсіз топтардың тікелей өз қолдарына тиюі үшін аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері жергілікті жерлердегі учаскелік комиссиялармен бірлесе отырып, шын мәнінде, атаулы әлеуметтік көмекке зәру, әрі тиісті құжаттарына сәйкес азаматтарды іріктеп, тиісті жәрдемақысы мен қамтамасыз етіп келеді.

Қазіргі таңда аудан бойынша 3849 отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде шартсыз – 371 отбасы, шарттысы – 3478 отбасы. Жалпы, тағайындалған қаржы көлемі – 4130539,0 мың теңге. Оның төленгені – 2647894,0 мың теңге.

Жыл басынан шартты ақшалай көмек алған 3943 отбасы болса, оның ішінде еңбекке қабілетті мүшелерінің жағдайы төмендегідей:

3061 азамат жұмыс істейді, жаңа жұмыс орындарына 606 адам жалданған, 56 азамат қоғамдық жұмысқа тартылса, 40 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. 33 адам кәсіптік оқуға тартылған, 2389-і өз кәсібін ашқан. Жастар практикасына 8 жас жіберілген. Жалпы, 6191 адам қамтылып отыр.

Елімізде жылдан-жылға мемлекет тарапынан әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға, көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмекті күшейтіп келеді. Бүгінгі таңға беріліп келе жатқан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көптеген отбасылардың тұрмыс жағдайын түзеуге, өз кәсібін ашуға оң ықпал етіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік көмектің ерте ме, кеш пе, әйтеуір қайтарымы болатыны анық.

Р.КЕРІМҚҰЛОВА,

Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры.